• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қыркүйек, 2022

Күзгі романс

494 рет
көрсетілді

Құстардың қайтар мезгілі келді. Қоңыр күзде қоңыр әнге сала ұшады енді. Біз төбемізден құстар көшкенде қол бұлғаймыз. Қимаймыз. Құс – өмірдің еркіндігіне мұңая қызығамыз. Сонда бұл өмірде шарасыз адам ғана ма дейсің.

Кейде құстар барар жағына біздің іңкәр көңіліміз бен бойдағы бар жылы сезімдерді қоса алып ұшатын сияқты. Әйтпесе, неге күзде жер-дүниені көңілсіздік билейді? Неге адамдар себепсіз мұңаяды? Ал кеудеңді ұстасаң, сап сары сағыныштан басқа ештеңе жоқ. Енді тек сағынамыз. Кімді, нені – білмейміз. Әйтеуір, сағынамыз. Күз келді. Сағыныш маусымы басталды.

* * *

Жаз өмірін,

мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр

құс қайтып...

Жылдың дәл осы мезгілінде сары даланы тербете әуелейтін, қайтқан құстарға қош айтысатын бір ән бар. Ол – қос таланттың дарынынан туған «Құстар қай­тып барады». Әр күз сайын біз осы әнмен көктеміне асыққан құстарды шығарып саламыз. Бұл – күздің әні. Бұл – біздің ән.

«Құстар қайтып барадыны» тыңдап отырып, бойыңда түсі­ніксіз бір қимастық пайда болады. Кімді, нені? Бір қарағанда, ұшқан құстарды қимай тұрғандай көрінесің. Ал іштей кеудеңді өткенге, жып-жылы естеліктерге һәм «ұмытылған» жақсы адам­дарға деген сағыныш кернеп тұрады. Өмірдің өткінші еке­нін енді бір ойлағанда әннің қайыр­масына терең күрсіне қосы­ласың. Қайтқан құстарға қарап, адамның шарасыздығын амалсыз мойындайсың. «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе» деген ән де осындай күзгі көңіл күйден туса керек.

«Құстар қайтып барады» – біздің қоштасу әніміз. Арман әніміз. Ұшқан құстарға «жақсы күндерімді қайтып ала кел» деген үмітке толы сәлем әніміз.

Мезгіл әуеніне айналған құс­тар әнінің тарихын туған мекен­ге тағы да күз келгенін ескеріп, айта кетуді жөн көрдік.

1965 жылы – ол кезде «Қазақ­станның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атағы бар, саз­гер Нұрғиса Тілендиев «Қазақ­фильм» киностудиясында музы­калық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарып жүр­ген еді. Бірде көңілсіз күймен 28 панфиловшылар саябағына барыпты. Сонда көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тыр­на­ға ағашта отырған басқа құстар, әсіресе қарғалар тыныштық бер­­мепті. Қайта-қайта шоқып, ма­за­сын алады. Құстардың бұл әрекетінен көңілі бұзылған сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл жаман ғадет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзіме жас алып, үйге қарай беттедім», деп келген бойда жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Осылайша, саябақтағы оқиғадан қатты әсерленген Нұрғиса Тілендиев «Құстар қай­тып барады» әнін жазған екен.

Кейін Тұманбай Молда­ға­лиевке жаңа әннің шығуына ықпал еткен көңілсіз көріністі баян­дап, жүрегінде сыз қалдыр­ғанын айтыпты. Көп өтпей-ақ Тұмағаң бұл тебіреністі өлеңге айналдырып, «Құстар қайтып барады» әні қазақ аспанында қалықтай жөнелді. Бұл – таланттар үндестігі.

Әннің алғашқы орындаушысы – Халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнер­ге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы әннен соң жас таланттардың есімдері кеңінен таралды деседі. Кейін Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіп­жанов сынды саз өнерінің май­тал­мандары шырқады. Нұр­ғиса Тілендиев көзі тірісінде шы­ғар­машылық кештерінің бар­лығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі туындыларының ішінде де осы әуенге ерекше тебіренген. Мәңгілік сапарға аттанар сәтінде де «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен.

Қос жұлдыз – Нұрғиса Тілен­диев пен Тұманбай Молдағалиев құстармен қоштасу әнінен соң араға бірнеше жыл салып, «қайт­қан құстарды қайта ұшы­рып әкелейік» деп бір жақсы әннің музыкасы мен сөзін жазыпты дейді. Ел аузында айтылып жүрген бұл әңгіменің мән-жайын алыс-жақынға сұрау салып, біле алмадық. Бірақ «Құстар қайтып барадының» жалғасы іспетті саналатын кезекті туынды құс қанатына қондырып көктемді де ала келіпті.

«Құс қайтып оралды Алма­тыма» – көктемді, жылылықты, жақсылықты күткен барша жұрт­тың жүдеген көңілін бір серпіп тастаған ән болды. Алматыға оралған құстар бақытты әнге салып, бар қаланы шаттыққа бөледі. Әнді естіген ел құстардың қанатымен сол бір жақсы күндер қайтып келгендей қуанды. Күзде кеткен арман ән қайта оралды деп жұбанды.

Тағдыры байланған бұл ән­дер­мен қос автор күзден өт­сең, көктем, құлазудан соң қуа­ну, сағынудан соң қауышу, сәт­сіз­діктен соң күтпеген жақсылықтар қарсы алатынын жеткізгісі келгендей. Адам қай уақытта да жақсылыққа сеніп үйренген ғой. Әрқашан бір бақыттан үміттеніп жүреді. Әр жанның жүрегінде бір ұлы сағыныш бар. Бәлки, адамның кей-кейдегі мағынасыз ғұмырын ұзартатын да осы үміт пен сағыныш шығар.