Павлодар облысында жетпіске жуық инвестжоба жүзеге асырылуда. Биылғы алғашқы жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң динамикасы байқалады. Ауыл шаруашылығы – 2,5, құрылыс – 8, баспана құрылысы – 16,6, инвестиция тарту 7,5 пайызға өскен. Соңғы көрсеткіш бойынша облыс елімізде көш бастап келеді.
Экспорттан екіншіміз
Өңірде шикізаттық емес экспорт белсенді түрде ұлғаюда. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов облыстық мәслихаттың сессиясында биылғы жеті ай ішіндегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жайында баяндады.
– Ең әуелі негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы қысқаша баяндап өтсем. Жеті айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі сала оң көрсеткіштерді көрсетті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы 2,5, тұрғын үй құрылысы және оны пайдалануға беру тиісінше 8 және 16,6 пайызға өсті, ал инвестиция тарту 7,5 пайызға ұлғайды. Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемі бойынша облыс республикада екінші орында тұр. Оның өсуі тамақ өнімдері (5,8%), дайын металл бұйымдары (1,2 есе), сондай-ақ химия өнеркәсібі (5,4%) мен машина жасау (2,1%) салалары есебінен құралды. Тек мұнай өңдеу өнімдерін шығарудың теріс сипаты тіркелді (89,6%). Бұл жағдай Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеумен байланысты. Қазан айына дейін өнімді шығару көлемі қалпына келеді деп күтілуде. Біз бұған қоса шикізаттық емес экспорт бойынша көшбасшылық орындарымызды сақтап қалдық. Жылдың алғашқы бес айында сыртқа жалпы құны 1,4 млрд доллар болатын өнім экспортталды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Салыстыру үшін айтып өтейік, облыс 2020 жылы аталған кезең ішінде 600 млн, ал былтыр 1 млрд доллардың экспорттық тауарын сыртқа сатқан.
Биыл құны 44,5 млрд теңге болатын 70 инвестициялық жобаның негізі салынып, оның 17-сі іске қосылып үлгерген. Соның ішінде мұнай-газ кешені үшін қоспалар шығаратын зауытты атап өтуге болады, өндірістің жылдық қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайды. Ал жыл соңына дейін шыны пакеттер және Қазақстанда баламасы жоқ эпоксидті компаунд шығаратын кәсіпорындар пайдалануға берілмек.
Өңірде 2025 жылға дейін жүзеге асатын инвестициялық жобалардың жиынтық құны 2 трлн теңгеге бағаланып отыр. Олардың нәтижесінде жалпы саны 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
– Агроөнеркәсіп кешеніне салынып жатқан салымдар жыл басынан бері тұп-тура 10 пайызға өсті. Бұл жағымды көрсеткішке суармалы егіс танаптарының көбеюі оң әсерін тигізіп отыр. Осы жылы қолдан суарылатын жердің ауқымы 143 мың гектарға жетеді деп болжануда. Суармалы егістік біздің диқандарға мультипликативті тиімділік әкеліп, егістік жерлерінің көбеюіне және әртараптандырылуына, сәйкесінше етті және сүтті мал шаруашылығының дамуына мүмкіндік сыйлайды. Сондықтан болашақта да суармалы егістікті өркендетуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Алдағы уақытта 20 мың гектардан астам жерге инженерлік желілер тарту бойынша 22 жобаға құжаттар дайындап қойдық, – деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Жылу желілері тозып тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет екенін айрықша атаған. Жұрт мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Өңір билігі осыны негізге ала отырып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауда. Тұрғындардан түсетін кез келген сауалға жедел жауап беруге және әрекет жасауға барлық органның жұмысы жұмылдырылған. Мәселен, қазіргі уақытта облыс жұртшылығының қысқа әзірлік барысы жіті талқыланып, отынды жеткілікті қамдау, жылыту маусымына дайын болу мәселелеріне қатысты түйткілдер шешілуде. Өңірде көмір қоры жеткілікті. Бүгінде әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамту 64,2 пайызды құраған. Жеке үйлердің қажетті көмір көлемін жеткізуін де жергілікті әкімдіктер назарында ұстап отырған көрінеді. Жылу жүйесіне қосылатын әлеуметтік және әкімшілік нысандардың дайындық жұмыстары аяқталған. Тек көпқабатты тұрғын үйлердің барлығында жоспарлы жөндеу жұмыстары толық бітпеген. Көпқабатты баспаналардың үштен екісі қазір жылуға қосылуға дайын.
Аймақтың үш қаласында жылу желілерін жөндеу мен реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар орындалған. Алайда желілердің тозу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Мысал үшін облыс орталығында ол 85,7 пайызға жеткен. Бұл кемшілікті жуықта желілерге жүргізілген техникалық аудит және диагностикалық шараларда анықталды. Құбырлардың көнеру қарқынын еңсеру үшін жылына кем дегенде 25 км жылу жүйесін жаңартып отыру шарт екен.
Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келгенде бұл мәселе кеңінен көтеріліп, облыс билігінің алдын ала есептеулері ұсынылыпты. Ел Үкіметі бұл мәселені қолдап отыр. Қазіргі уақытта жөндеу шаралары кестеден біршама қалып қойған Екібастұздағы жылу-энерго орталығын тексеру үшін үкіметтік комиссия іске кірісе бастады.
Асфальт көрмеген ауыл жолдары
Облыстағы өмір сапасының тағы бір көрсеткіші – ауыл тұрғындарының таза ауыз суға қол жеткізуі. Биыл 100 км-ден астам желі салу және жөндеу арқылы таза суға қосымша 18 елді мекен тұрғындары қосылады. Осылайша, ауыл тұрғындарының 95,2 пайызы таза сумен қамтамасыз етілмек. Жалпы алғанда ауылдарда өңіріміздегі халықтың 30 пайызы ғана тұрып жатыр. Ауылдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес соңғы үш жылда 53 млрд теңге инвестиция бағытталып, 126 ауыл жаңғыртылды. «Нұрлы жер» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары арқылы көптеген ауылдағы өмір сүру сапасы қалалықтардың деңгейіне таяп қалды. 2025 жылға дейін жалпы жиыны 188 ауыл жаңғырту жобаларының игілігін көреді. Биыл бұрын асфальт мүлде болмаған ауылдық жолдарға жарқыраған заманауи тас жолдар төселді, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен мәдениет үйлері салынып, жарықтандыру жүйелері тартыла бастады. Кешенді жаңғырту шаралары алдағы жылдарда да жалғаса береді.
Қоғамдық игіліктердің тағы бір маңызды факторы – өңірдегі жолдардың жағдайы. Биыл жыл соңына дейін 392 км жол салу және жөндеу жоспарланған. Оның 260 шақырымы қиыршық тас жолдан асфальт-бетонды жабынға ауыстырылады. Атап өтерлігі, Павлодарда биыл 61 км жол жөнделуде. Оның ішінде қала ішіндегі 12 көше және жеке сектордағы бұрын асфальт төселмеген 53 көше бар. Барлық жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша облыста жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 93 пайызға дейін артады деп болжануда.
«Қаңтар оқиғасынан кейін өңірде Іс-қимыл бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламада NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінді. Оларды оқыту және жұмысқа орналастыру үшін өзекті мамандықтар орталықтарын аштық. Осы уақытқа дейін тағылымдама, арнайы курстар және тұрақты жұмыс түрінде 1 800-ден астам адам көмек алды. NEET жастарының саны 6%-ға, жастардың жұмыссыздық деңгейі 0,5%-ға төмендеді. Жыл басынан бері 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, олардың жартысынан көбі – тұрақты еңбек орындары. Жыл соңына дейін тағы 6 мыңға жуық бос жұмыс орнын толтыру жоспарда бар. Өңірдегі 92 кәсіпорында жалпы саны 100 мың қызметкердің жалақысы артты, соның ішінде ірі өнеркәсіптердегі еңбекақы өсімі шамамен 17%-ға жетті», деп баяндады облыс басшысы.
Қоғамдық көлік пен мектеп тамағы тегін
Атап өтерлігі, Балалар жылы аясында өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынды. 45 мыңнан астам мектеп оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылып, бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі 1,8 есеге ұлғайды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы оқушы балалар қоғамдық көлікте тегін жүруде. Бұған қоса биыл ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған инфрақұрылымдарды кеңейту шаралары да жолға қойылып, көптеген нысан жаңартылды. Осы игі жұмыстардың легінде Павлодардағы оңалту орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумағы бұрынғыдан 1,5 есеге ұлғайтылуда. Алдағы қараша-желтоқсан айларында Павлодарда аутизм ауруына шалдыққан балалар күндіз ем қабылдай алатын орталық және ерте жастан араласу орталығы ашылады. «Зеленая рощадағы» 150 балаға арналған оңалту мекемесі мен Солтүстік өнеркәсіп ауданында ересек балаларға арналған оңалту орталығының да құрылыстары таяу арада қолға алынады деп күтіліп отыр. Соңғы аталған үш мекеме үшін жергілікті мемлекеттік органдар өз ғимараттарын босатып берген. Оларды қайта құру жүргізіледі.
Бір ғана облыс орталығында жыл соңына дейін 150 балалар ойын алаңы салынады. Бұған қоса Ақсуда – 16, Екібастұзда 11 ойын алаңы іске қосылды. Облысымыз бұған дейін «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы арқылы мектептерді заманға сай жаңғыртуды қолға алған. Ендігі кезек балабақшаларға келгендей. Алдағы уақытта билік балабақша жетіспеушілігі мәселесін шешуге ұмтылып, қолданыстағы мектепалды мекемелерді жөндеуден өткізуге ынта қоймақ. Бұл өз кезегінде алыс ауылдардағы кішкентай балалар тәрбиесіне қатысты қалыптасып қалған мәселелердің түйінін тарқатады.
Әбілқайыр Сқақов жергілікті мемлекеттік аппаратты трансформациялау және бюрократиясыздандыру бағытындағы істерді де санамалап өтті. Айтуынша, өңірдегі консультативтік-кеңес беру органдарының саны 64-тен 29-ға дейін, яғни 2,2 есеге азайтылды. Облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығының жұмысы дамып келеді, онда сегіз ақпараттық жүйе бар. Мұнда аймақтағы жағдайды мониторингілеу үшін қанатқақты жоба да өміршең етілуде, Павлодардағы 6 әлеуметтік нысанның бейнебақылау камераларынан орталыққа тікелей бейнетаратылым жүргізіледі екен. Жыл соңына дейін 156 әлеуметтік нысандағы 5 мыңнан астам бақылау камералары да жүйеге қосылмақ. Олардың ішінде 54 мектеп, 73 балабақша, 18 денсаулық сақтау мекемесі, 8 интернат-мектеп бар.
Шекер зауыты қашан салынады?
Павлодар облысында қант зауытын салу мәселесі соңғы бірнеше жылда тұрақты көтерілуде. Бірақ бұл тұрғыда шешімді әрекеттер қолға алынбағаны байқалады. Әбілқайыр Бақтыбайұлының сөзіне сүйенсек, қызылшадан шекер өндіретін болашақ зауыттың жөн-жобасы негізі дайын. Жоба бойынша зауыттың қуаты жылына 140 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.
– Бізде қант зауытын салуға толық жағдай бар. Ол үшін суармалы жерлер де жеткілікті. Еліміздегі ірі көкөніс сақтау қоймалары бізде орналасқан. Екі жыл қатарынан тәжірибе ретінде шаруалардың егіс танаптарында қызылша өсіріліп, шыққан өнім қанттылығы жағынан жақсы көрсеткішті көрсетті. Жылына 140 мың тонна қант өндіру үшін біздің көкөніс өсірушілер 900 мың тоннадан астам қызылша жинап, тапсыруы керек екен. Болашақ зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы қазір мемлекеттік сараптамада және жыл соңына дейін дайын болады деп үміттенеміз. Бұл арадағы ең маңыздысы – қажетті инвесторды табу. Ол жай ғана инвестор емес, қант өндіру саласында белгілі бір тәжірибесі болуға тиіс. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызылша егістіктерінің көлемін арттыру және субсидия мен жеңілдетілген салық бойынша мемлекеттік қолдауларға қатысты жол картасын жібердік. Алдағы уақытта нақты инвестор табылса, Үкіметпен бірлесіп жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз, – деді облыс басшысы.
Айтпақшы, биыл күзде облыс орталығында фермерлік базар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа базар жергілікті мал және егін өсірушілерге, ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеушілерге өз тауарларын тұтынушыларға делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді. Бұл жердегі сауда нүктелерін жалдау құны да айтарлықтай төмен болмақ. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайтын орында аптаның алты күнінде сауда-саттық жүретін болады. Базарға ағылатын жұртқа ұсынылатын тауар түріне сауда үстемеақысы 15 пайыздан аспауға тиіс, ал бағаны негізсіз өсіру қатаң бақыланады. Базардың өзі жүз сауда орнына лайықталып, салқындатқыш қоймалармен, арнайы көлік тұрақтарымен қамтылған. Аталған аумаққа бүгінде тек трамваймен ғана жетуге болады. Зейнеткерлерге жеңілдік жасау мақсатында болашақта автобус маршруттарын ұйымдастыру ойда бар.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету бағытында өңірде нақты қадамдар жүргізіліп жатқанын атап өткен абзал. Өңір басшылығы өнім иелерімен меморандум жасасу, өндірушілерден тауарларды форвардтық сатып алу сияқты тәжірибені кейінге шегеруге болмайтынын айтады.
Күрмеуі күрделі мәселе аз емес
Аймақта бүгінде шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Соның бірі – Павлодар қаласының әр жерінде салынып жатқан бейберекет құрылыстар. Жеке қаржыға қөпқабатты баспаналар салу ісі соңғы уақытта жанданып, бұл саладағы жобаларға шаһар билігі бақылау орнатуға шарасыздық танытқандай көрінеді. Кейбір құрылыстардың сапасыз орындалуы тұрғындарды шын мәнінде айрықша алаңдатып отыр. Соның бір жарқын мысалы – Торайғыров көшесінде тұрғызылып жатып екінші қабаты опырылып түскен көпқабатты баспана. Әлгі шала нысан кейін орнынан түгелдей сүріліп тасталғанымен, арада көп уақыт өтпей орнына тағы бір баспананың құрылысы бой көтере бастады. Енді бір қала тұрғындары қаланың әр жерінде тұрғызылып жатқан нүктелі құрылыстың да жиілеп кеткеніне наразы. Мұндай ғимараттар кейбір үйлерге күн сәулесін түсірмесе, енді бірі аулаларды тарылтып жіберген.
Облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов биыл Мемлекет басшысы өз Жолдауында қала құрылысы бойынша кодекс дайындауды тапсырып, Үкімет бұған кірісіп кеткенін атап өтті. Әкім тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселе қордаланып қалғанын мойындады. Құрылысты жеке кәсіпкерлер жүргізгендіктен, оларды тексеруге мораторийлердің қабылдануы біраз бөгет болғаны рас. Облыс орталығында негізгі құжат – қаланың бас жоспары бар. Соған қарап, қай бағытқа жылжып бара жатқанымыз, қандай принциппен даму керектігі жобаланады. Бірақ нүктелі құрылыс мәселесін қайта қарау үшін белгілі бір шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болуы керек. Өкінішке қарай, облыс орталығында ондай жоспарлау 2018 жылдан бері тоқтап қалыпты. Салдарынан құрылыс салушылар еркінсіп кеткен. Әбілқайыр Сқақов өзінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Павлодар қаласының әкімі 9 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын дайындап жатқанын айтты. Әрі Павлодарда қазіргі күні баспанаға сұраныс жоғары екенін, соған сай үйлердің бағасы да тым шарықтап кеткенін жеткізді. Биыл, әрі кетсе келесі жылы «Сарыарқа» шағын ауданындағы үйлердің құрылысы аяқталады. «Достық» шағын ауданында қазір құрылыс қарқынды жүруде, аумақта болашақта 500-600 мың шаршы метр баспана салынады. «Спорт-Сити» шағын ауданының егжей-тегжейлі жобасы да дайын. Онда шамамен жарты миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақ.
Жоғарыда атап өткен Екібастұз жылу-энергия орталығының мәселесі де қазір аса күрделі. Биыл кәсіпорын көмірлі шаһардың халқын тоңдырмайды деп сенім артылуда. Станса ішіндегі жабдықтарды жөндеуге қажет қаражат бөлініп, дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде екен. Дей тұрғанмен, орталықтың келешегі ойландырмай қоймайды. Үкіметтік арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес оның өндірісін жаңғыртудың жоспары жасалуы керек. Бұған дейін жазғанымыздай, ондағы өндірістік жабдықтар мен турбиналар, қазандықтар әбден тозған. Жетпіс жылдан астам қызмет етіп тұрған нысанның жұмысын жолға қою үшін әуелі қуаттылығы 30 мегаваттық турбина салу қажет делінуде. Ол арқылы жылуды генерациялау барысындағы тиімсіздіктер жойылып, ысырап нормалары азаяды. Бұған қоса кәсіпорынның жылдар бойы жиналған қарызын өтеу де алдағы уақытта қарастырылады.
Аймақ басшысы өңірдегі мал ұстаушы ағайын қысқы жем-жөбін жеткілікті жинап алуы үшін қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді. Былтырдан бастап өңірдің қысқа арналған шөп қорының жоспары 900 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға ұлғайтылған. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жергілікті мал өсірушілерге әр түлік басына субсидия төленеді. Шағын және орта шаруашылықтар үшін былтыр қой саны 2 мыңнан, қара мал 200-ден аспауы керек деген талап қойылған еді. Биыл ол қағидалар алынып, субсидия беру жеңілдей түсті. Қазан айынан бастап демеуқаржы нақты жағдайда төлене бастамақ. Биыл аймақтың мал өсірушілерін қолдауға жергілікті қазынадан жалпы сомасы 1,1 млрд теңге субсидия бөлініп отыр.
Павлодар облысы