Қадау-қадау заманалар көшінде ұлттың жанын, елдің руханиятын күзеткен зиялы, бағаналы ордалар – басылымдар болатын. Қай газет-журнал болсын ел тағдырына құраласып, іргесіне атпал азаматтарды топтастырды. Сол салқар көштің легінен табылған, тарихы шұңғыма терең, шежірелі басылымдардың бірі – «Аq jol» газетіне биыл 100 жыл толып отыр.
Газет 1922 жылдың 1 мамырынан жұмысын бастап, 1924 жылдың тамыз айында «Еңбек» деген атпен шыға бастады. Әулиеата оязының аудан болып қайта құрылуына байланысты 1929 жылдың 1 қаңтарынан «Диқан даусы» атты аудандық газетке айналса, «Жаппай ұжымдастыру» науқанына байланысты газеттің аты 1931 жылдың басынан «Колхозшы», 1938 жылы қайта өзгеріске ұшырап «Колхоз жолына» айналды. Қандай қилы мезеттерде де жұрт мүддесіне болысып, жесірдің мұңын, жетімнің зарын жоқтаған атпал басылым Тәуелсіздік таңына жетіп, «Аq jol» атын иемденді. Басылымда белгілі жазушы, детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаев, жазушы Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, дарабоз ақындар Тынышбай Рахым, Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосыновтар қызмет етті.
Басылымның ғасырға толған мерейтойы Сарыарқаның төрінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында атап өтілді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Оны Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Оған Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, ҚР Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шамшидин Паттеев және өзге де белгілі тұлғалар қатысты. Кеш тізгінін қолға алған Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген басылымның тарихы мен қазіргі жай-күйінен сөз қозғады.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Аq jol» газетінің жүз жылдығына арналған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауын салтанатты түрде оқып берді. «Құрметті «Аq jol» газетінің ұжымы! Баршаңызды басылымның жүз жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Алғаш 1922 жылдан бастап шыға бастаған газет Әулиеата округінің жылнамасына, облыс халқының рухани болмысының шежіресіне айналды. Өзінің байыпты байламдары, салмақты ойлары бар беделді ақпарат құралы ретінде танылды. «Аq jol» өңірдегі журналистердің түлеп-ұшқан ұстаханасы, ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақта кәсіби тілшілердің шығармашылық мектебі қалыптасты. Бұл ұжымнан талай білікті маман, қарымды қаламгер шарболаттай шыңдалып шығып, ақпарат әлеміне қанат қақты» деп Мемлекет басшысы өз ықыласын білдірді.
Алқалы жиында сөз алған Президент кеңесшісі, белгілі публицист-ғалым Бауыржан Омаров: «Аq jol» зиялылардың бас қосатын ошағына, үлкен қаламгерлік мектепке айналды» деді. Сондай-ақ ол «Аq jol» газетінің ұжымына өзінің ниеттес екенін жеткізіп, басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Ақсақал қаламгер Елен Әлімжан шежірелі басылымның ардагері ретінде газет тарихына көз жіберіп, естеліктерімен бөлісті.
– «Аq jol» газетіне алғаш рет 1970 жылы келдім. 1972 жылы ұжым болып газеттің 50 жылдық мерейтойын атап өтіп, тойладық. «Аq jol»-дың алғашқы авторларының бірі – Мұхтар Әуезов. Саяси және әдеби алаң ретінде қалыптасқан газет редакциясында Қазақстан Жазушылар одағының көптеген мүшесі тәрбиеленіп шықты. Олардың қатарында Күләш Ахметова, Арғынбай Бекбосын, Әлдіхан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаұлы сынды тұлғалар бар.
Алқалы жиынның көрігі қызып, сипаты ашыла түсті. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп ақпарат саласындағы біршама мәселелерге тоқталып өтті.
– Жалпы, газет әділеттің шырақшысы, жалаугері. Ақиқаттың, шындықтың ордасы шынында газеттер. Өкінішке қарай, қазір сол сөз қуаты, сөздің жылуы, жалпы сөздің қадірі қашқан кезеңге келдік. Ал шынында қазаққа күзетші болатын осы бұқаралық ақпараттық құралдары. Егер қазақ басылымдарындағы көтерілген ұлттық дүниелердің барлығын жіпке тізіп тұрып ай сайын, болмаса алты ай сайын немесе бір жылда қағазға түсіретін болса, қазақтың бүкіл мәселесінің су бетіне қалқып шығатынына бек сенемін. Өйткені барлық мәселе осы ұлттық баспасөздерде. Газеттер – тілдің сақшысы. Сондықтан «Аq jol» газетінің басшылығына, ардагерлеріне, тілеулес қанша азаматтарына мерейлеріңіз үстем болсын, Алла Тағала қуаттарыңызға қуат қосып, дендеріңізге саулық берсін, – деді.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай мырза аталған газет журналистерінің жұмысы, лайықты бағалануы керектігін еске салды.
– Президентіміз Жолдауында еңбекқорлық жөнінде баса айтылды. Барлық журналистерді шын мәнінде асқан еңбекқор жандар деп айта аламын. Шерхан Мұртазаның мерейтойының алдында өтіп отырған бұл шараның өзіндік символдық мәні бар. «Аq jol»-дың 100 жылдық мерейтойын елордада аталып өтілуі көңіл қуантып отыр. Біз әрбір облыстық, аудандық газеттердің өзіне сай мәртебесін бере алмай жүрміз. Мұндай іс-шаралар басылымдарды бағалап, қадірлеуге жол ашуы тиіс, – деді.
Алқалы жиында сөз алған қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы «Аq jol» облыстық газет болса да, «Egemen Qazaqstan», «Жас Алаш» секілді ерте кездерден басталған тарихы бар басылым екенін жеткізді. Оның айтуынша, қандай аласапыран кезеңдерде де басылым өз бағытынан, жеке ұстанымынан таймаған, ақиқаттың ақ семсерін сілтеуден танбаған. Мәселен желтоқсан оқиғасы тұсында Тараз қаласында бір ғана қазақ мектебі болып, басылым бұл мәселені қаймықпай батылдықпен көтере біледі. Соның арқасында діттеген мақсатқа қол жетті. Көсемәлі Сәттібайұлының сөзіне қарағанда, бүгінде Тараз қаласында 80-ге жуық қазақ мектебі барын мақтанышпен атап өтті.
Жиында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан дәстүрлі басылымның байрақты кезеңі әлі алда екенін атап өтті.
– Ақпарат белесінде әлі де сәулелі сәттер туады. Оған дау жоқ. Әр адам қандай қызметте болсын, мейлі тілші болсын, мейлі бөлім басшысы болсын, бас редактор болсын, қарапайым оқырман болсын өзінің ерік-жігерін ақпарат кеңістігінің дамуына жұмсаса, осыдан артқан үлес жоқ, сол арқылы біз ақпарат саласын дұрыс бағытта ұстаймыз деп ойлаймын. «Аq jol» газетінде тамаша қалыптасқан шығармашыл ұжым, талантты жігіттер бар. Осы азаматтарға амандық тілеймін. «Аq jol» газеті жасай берсін. Ғасырлық той баршаңызға құтты болсын! – деді.
Ғасыр жасаған басылым алдағы уақытта да ұлт руханиятына алтын терезе ашып, ел игілігіне үлесін қосары сөзсіз. Адамдық, ар диқаншыларының жолы ашық, рухы мығым болғай!