Жеке адам жанынан, отбасы тұғырынан маңызды орын алу бар да, сонымен қатар тұтас ұлт руханиятының шежіресіне сара жол салу бар. Ахмет Байтұрсынұлы сондай күрделі тұлғалар сапынан. Уақыт өткен сайын Байтұрсынұлының білім мұнарасы биіктеп, елшіл мұрасы темірқазыққа айналды. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдиновпен әңгімелескен едік.
– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде есіңізге не түседі?
– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде, ең алдымен, есіме ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ халқының, алдымен, Ресей империясы, кейін кеңестік жүйе құрамындағы ауыр ұлттық, шаруашылық-экономикалық ахуалы, қазақ қоғамындағы орын алып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар, ұлт-азаттық күрестер мен қазақ зиялыларының ұлт мүддесі үшін жасаған жанқиярлық еңбектері, қадамдары, Алаш Орда үкіметі дүниеге келген заман, әрине, осы оқиғалардың бел ортасында жүрген ұлт ұстазы және рухани көшбасшы Ахмет Байтұрсынұлы түседі...
Ахмет Байтұрсынұлы – осы кезеңдегі қазақтың ұлы ағартушысы, тіл маманы, саяси тұлға, реформатор, Алаш қозғалысының негізін қалаушы әрі белсенді мүшесі, баспагер, журналист, публицист, мемлекет қайраткері.
Байқап отырсақ, осы кезеңдегі барша зиялыға тән қасиет – саяси қызметтегі әмбебаптық, ғылыми зерттеу саласындағы энциклопедизм. Сол бір алмағайып заманда қазақ зиялысы қай салада болмасын қалам тартып, сол кездегі қоғамның әртүрлі салаларындағы өткір мәселелерін өз мақалалары мен баяндамаларына негіз етіп алып, өзекті тақырып ретінде көтеріп қана қоймай, осы мәселелердің шешімдерін айтып, талдап, аталған күрделі жағдайлардың аяқ-асты болып қалмай, ел билеушілерінің құлағына уақытында жетуіне дәнекер болды, өз мақсаттары жолында күресті.
Сіздің сұрағыңызға байланысты, есіме қазіргі еліміздегі қоғамдық мәселелерге қатысты ахуал да ойға оралады. Қазіргі қазақ зиялылары да мен химикпін, филологпін, экономиспін демей, баршасы осы Ахмет Байтұрсынұлының ізімен, ұлттың өзекті мәселелері, тарихи таным, ұлт мұраты, елдің болашағы туралы пікірлерін айтып, тұщымды тұжырымдар жасап жүр. Бұл заманауи құбылысқа іштарлықпен емес, түсіністікпен қарап, кез келген елде, әсіресе мемлекеттілігі беку кезеңіндегі тарихи сабақтастық, аталар аманаты, зиялылар жауапкершілігі деп қарауға тиіспіз. Өйткені қазіргі уақыт та Ахметтің кезіндегідей аса жауапты, маңызды тарихи кезең. Осының бәрін өз уақытында Ахаңдар бастан кешкен. Біз осы тұлғаны терең зерттеп, зерделеп, А.Байтұрсынұлы сияқты мықтылардың салмақты ойларымен қаруланып, алдыңғы қатардағы дамыған Қазақ елін жасауымыз керек. Жершілдікке бармай, ру-тайпа, жүзге, «мен жергілікті, сен қандас», «мен ауылдан, сен қаланікі» деп бөлінбей, Ахаңдардың армандаған мақсаттарына жетуіміз керек. Уақыт келді. Заман туды. Шегінер жағдай жоқ. Геосаяси жағдай өте күрделі.
– Алаш ардақтысының ең үлкен ерлігі деп қай ісін атар едіңіз?
– Ахаңның бүкіл ғұмыры мен қазақ халқына жасаған қызметі ерлікке толы. Ол кісіні жай ғана ұлт Ұстазы деп білу жеткіліксіз, нағыз бүкіл халықтың мүддесі үшін шайқасқан – мықты күрескер ретінде тануымыз керек!
Ең бастысы, Ахаң қазақ халқының санасын оятып, сауатын ашып, бірлікке шақырып, азаттыққа жол ашып беріп, үшмыңжылдық мемлекеттік дәстүрі болған еліне автономия арқылы тәуелсіздікті алып беру үшін арпалысты. Бүкіл өмірін қазақ халықына қызмет етуге арнады.
Мысалы, 1923 жылы Орынбор қаласында Ахаңның мерейтойын өткізетін болады. Осы іс-шараны өткізуге қарсы болғандар да болды. Мысалы, 1923 жылғы 23 қаңтарда Орынборда Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитетінің Президиум отырысында мынандай шешім қабылданады: «Кеңес өкіметі тарапынан бұл мерейтойды мерекелеуді ұйымдастыруға жол берілмейді».
Мерейтойды өткізу жөніндегі дайындықтың бәріне үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин бас-көз болды. Барлық оқылатын баяндаманың мазмұнына жауап беруге де әзір екенін білдіреді. Тіпті осы жағдай хаттамамен де бекітілді. Сонда Сәкең орыс тілінде жарияланған «Ахмет Байтұрсыновқа – 50 жас» атты өз құттықтау сөзінде ешкімге жалтақтамай, пікірін батыл айтты. Пікірінде: «Ахмет Байтұрсынов – білімді адам. Ол – өз заманында азапталған, езілген халықты жақтап, патша шенеуніктеріне қарсы тұрған ойшылдардың бірі. Патша заманында мансап пен қызметтің игілігін елеусіз қалдырған, халықты ғасырлар бойы ұйқысынан ояту үшін барын салған, тапталған намысқа қарсы күрес жүргізген ұлт жанашырларының бірі – Ахмет еді. Басқа білімді қазақтар уездік билік, губернаторлар мен соттардағы аудармашылық қызметке ұмтылса, Ахмет халыққа қызмет етуге талпынды», деген болатын.
– Байтұрсынұлының мәдениет тарихы жөнінде жоғалған мұрасы барын білеміз. Сүбелі еңбек табылуы мүмкін бе?
– Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ұлттық әдебиет, мәдениет пен тарихқа қосқан рөлі және еңбегі орасан зор болды. Яғни ХХ ғасырдың басынан бастап «Әдебиет танытқыш», «Оқу құралы» атты еңбектері қалың оқырманға белгілі. НКВД органдары Ахмет Байтұрсыновты тұтқындаған кезде оның қолжазба күйінде «Мәдениет тарихы» деген кітабын тәркілеген болатын. Бірақ ол кітапты тәркілегенде қайда сақталғандығы туралы нақты мәлімет әлі жоқ.
Бұл НКВД-ның қазіргі ҰҚК-нің архивтерінде сақталуы да әбден мүмкін. Қазір былтырдан бері жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау жөніндегі республикалық топтар және өңірлік комиссияның мүшелері Ахмет Байтұрсынұлының тәркіленген «Мәдениет танытқыш» деген еңбегінің қолжазбасын іздеу үстінде. Бұл кітап табылып жатса біздің тарихымызға, мәденитетімізге қосылған үлкен үлес болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да биыл, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қарсаңында осы еңбек табылып, ғылыми айналымға қосылса, әдебиетіміз бен тарихымызда үлкен серпіліс болады деп есептейміз...
Мысалы, архив материалдарын қарап отырсақ, 1937 жылы бүкіл кітапханалар мен кітап сататын дүкендерден тәркіленетін «халық жауларының» еңбектерінің тізімі шыққан. Бұл тізімде Ахаңның «Жоқтау», «Қазақ тілі оқулығы», «Тіл жұмсатар», «Қырық мысал», «Маса», «Практическая грамматика», «Сельское хозяйство Каракалпакстана», «Әдебиет танытқыш» сынды еңбектері және тағы да басқа кітаптар болған. Бірақ осы тізімде аталған еңбек жоқ...
– Ұлы ағартушының ел шекарасын бекіту жайына қатынасқанын білеміз. Осы жөнінде нақтырақ тоқталсаңыз...
– Ахаң ревком мүшесі ретінде, жаңа Қырғыз кеңес автономиялық республикасы құрылған жылдары Ресей мен Қазақстан арасында жер таласы күшейген кезде өзінің нағыз ұлт жанашыры екенін білдірді және көрсетті. Алаш автономиясы кезінде жерді анықтап алған қазақтарға осы кезде де жеңіл болған жоқ. Ахаңдар байырғы қазақ жерін қазаққа қайтару үшін ресейліктермен талай пікір-таластарға, айтыстарға қатысты. Ленинмен де кездесті, ол кісіге талай хаттарды да жазып тұрды. Бір сөзбен айтқанда жерді бекітуде А. Байтұрсынұлының еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана мысал келтірейік. Қазір Қостанай облысының Қазақстан құрамында болуы, ол – осы кісінің тікелей еңбегі. Бұл арқылы территория Челябі губерниясына өтіп кеткелі тұрған кезде, Ахаң М.Сералинмен бірігіп, Ленинге 1919 жылы 27 қазан күні хат жазып, ревком отырыстарында батыл сөз сөйлейді: «Қырғыздар (қазақтар-автор) Кеңес үкіметі қырғыз халқына жалған емес, нағыз автономиялық өзін-өзі басқаруды бергенін анық көруі үшін Қырғыз революциялық комитетіне тәуелсіз әрекеттері көрсетілсін»... » (Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің хаттамалары. 1919-1920. Алматы, 1993,. -32-33 бб.).
– Ахмет армандаған ел – қандай ел?
– Ахмет армандаған қазақ елі – ол, ең біріншіден, бірлігі бар, экономикасы мықты дамыған, бүкіл әлеуметтік мәселелері шешілген ел. Демократиялық бағытты мығым ұстанған ел. Өзінің тілінде жасқанбай Парламент мінберінде сөйлейтін, ана тілінде заң қабылдайтын озық ел. Білімі жоғары сатыға көтерілген ел. Жетім-жесірін, мүгедегін жылатпайтын ел. Шекарасы бекем, әскері мықты ел. Жемқорлықты жеңе білген ел. Бүкіл байлығы өз игілігіне жұмсалатын ел. Атадан қалған құнды салт-дәстүрін үзбей сақтап келе жатқан ел. Үлкені мен білімділерінің ақылын тыңдайтын, тілін алатын ел. Басқа елдермен терезесі тең ел...
Кеше ғана ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында осы мәселелерге толыққанды тоқталып, болашақта қордаланып қалған кемшіліктерді түзейтінін ашық айтты. Бұрыңғы қателіктерді жеңсек, Ахаңның арманы орындала бастады деп жасқанбай айта аламыз.
– Алаш мүддесін қорғаған А.Байтұрсынұлымен кеңес билігі қаншалықты санасты?
– Әрине, большевиктер Ахаңмен ашық санасты. Кеңес билігі Ахаңды ұлттың лидері ретінде таныды. Бүкіл қазақ құрмет тұтатын тұлға, көсем деп білді. Сондықтан бастапқы кезде, олар Ахаңды өз жақтарына тартып, үлкен қызметтерге тағайындап, тіпті большевиктер өз партиясына қабылдады. Мысалы, 1919 жылдың көктемінде кеңес басшылығы Алаш Орда үкіметінде қызмет жасаған қазақтың білікті мамандарын өз жақтастарына айналдыруға ұмтыла отырып, 1919 жылғы 4 сәуірде БОАК қаулы шығарады, рақымшылық жариялады. Онда былай деп жазды: «Алаш Орда Қырғыз ұлттық үкіметінің мүшелері мен қызметкерлері бұрынғы контрреволюциялық қызметі үшін ешқандай қудалауға жатпайды». Осы қаулыдан кейін «Алаш Орда үкіметінің бірнеше көшбасшысы Кеңес өкіметі жағына шықты. Лениннің араласуымен Ахмет Байтұрсынұлы Мәскеуге барып, «Алаш Орда» үкіметінің атынан Ленин, Сталин және Жангелдинмен келісімге қол қойды. 1919 жылғы 10 шілдеде алғашқы революциялық Қазақ үкіметі ұйымдастырылды. Оның құрамына большевиктер мен Алаш өкілдері де кірді. Ахаң Казкрайревкомның құрамына кірді. Ол 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды. Кейін орынбасарлық қызметке ауысты. Сондықтан бастапқы кезде әрине санасты. Кейін қудалау басталды. Әсіресе Голощекин билікке келген кезден бастап...
Ахаңның соншалықты мықты болғаны, Лениннің ұлттық саясатына араласып, ақыл-кеңес беруден бас та тартпады. Осының бәрін Ленин біліп отырды. Санасып отырды. Тіпті өзінің еңбектеріне түзету енгізуге де барған, Ахаңның ой-пікірлерін оқып отырды. Жер мәселесі, автономия туралы ойларын Ленин тыңдады және жүзеге асырды деп те айтуға болады. Мысалы, Лениннің «Ұлт және колониалдық мәселелер» атты мақаласымен толық келіспей, Ахаң өз ойларын ашық жазады. Сонда Ахаңның әбден піскен саясаткер екені, мықты теоретик екені анық білініп тұр. «Жергілікті бұрынғы Ресей империясының аумағында қалыптасқан шығыс республикаларына деген көзқарасты түбірімен өзгерту керек», дейді Ахаң.
– Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың фольклорын зерттегені туралы аз айтылады.
– Ахаң Ыбырай ағасының әрі жерлесінің зерттеушілік дәстүрін әдемі жалғастырды. Жай ғана әдебиеттанушы, лингвист, ақын, публицист қана болмай, мықты этнолог, фольклорист те болды деп айта аламыз. Мысалы, 1895 жылы «Тургайская газета» бетінде «Казахские приметы и пословицы» деген тақырыпта керемет ғылыми тұрпаттағы мақала жариялайды. 1923 жылы Мәскеу қаласында «Ер Сайын» атты қазақтың белгілі поэмасын жариялап, оған кіріспесін жазып және жақсы пікір де береді. Белгілі орыс академигі А.Кононов Ахаңды өз заманының ең мықты түркітанушыларының біріне жатқызады. 1926 жылы Мәскеуде «Жоқтау» («Причитания») атты кітабын шығарып ғалымдардың алдында үлкен беделге ие болады. Ал А. Затаевич өзінің 1925 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «1000 песен казахского народа» атты кітабында Ахаңа ғалым, зерттеуші ретінде өте жоғары баға береді: «Байтұрсынов қазақ халқының тарихын, этнографиясын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын терең меңгергендіктен, өз халқының әндерін жетік біледі және тамаша орындайды, шебер домбырашы».
Ахаңның 1926 жылы Баку қаласында өткен түркітанушылардың съезіне қатысып, баяндама жасағаны – ол кісіні мықты маман ретінде ғылыми қоғам толық мойындағанын ашық білдіреді. Сондықтан болашақта Ахаңның осы қырларын да тарихшы мен этнологтер терең зерттеу керек деп ойлаймын.
– Ахаң әдебиет арқылы ұлттың жанын, рухын қалыптыстыруды мұрат тұтқан секілді...
– Әрине! Өмірінің соңғы жылдарындағы естелігінде ұлт ұстазы осы мәселе жөнінде былай деп жазып кеткен: «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап қалу үшін бар күш-қуатымызбен, амалдарымызбен ағартушылыққа, ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет. Ол үшін, алдымен, ана тіліміздегі әдебиеттің дамуымен айналысуымыз керек»... (Қазақстан Республикасы Президенті архиві, 122-қ., 1-т., 27-іс, 69-п.).
– «А.Байтұрсынұлы мен Тәуелсіздік» атты тақырыпқа қандай үн қосар едіңіз?
– Ахметтану ғылымының негізін кешегі Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сынды қазақ әдебиетінің дарабоздары салып кеткені бәрімізге мәлім. Өз заманында А.Байтұрсынұлы дәуір даналары көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қазақ халқының ұлт болып сақталуы жолындағы рухани тәлімгерлік ұстанымын жалғастырды деп айтсақ қателеспейміз.
«Ахмет және Тәуелсіздік» ұғымдары ажырамас түсініктер. Ақын, жазушы, ағартушы, ғалым, ұстаз, энциклопедист, зерделі тарихшы, мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқын шынайы сүйе білген кемеңгер тұлға.
Тұтас адамзатқа өнеге боларлық А.Байтұрсынұлының өмірі мен күрес жолына зер салсақ, оның қазақ ұлтының азаттық, теңдік, тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен біртуар азамат екеніне көз жеткіземіз.
Менің ойымша, қазақты біріктіретін идея, ол – кезінде Ахаңдар негізін салып кеткен Алаштың идеясы. Оның шығармашылығы еңбекші халықты білім мен ғылымға, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге үндейді. Ахмет тәуелсіздік жолында жаңа сипаттағы көтерілісті, яғни ой, сана көтерілісін жасаған ержүрек тұлға деп айтамыз. Бала кезінен отаршылдықтың қасіретін көз алдынан өткізген ол ақиқат пен әділеттіліктің туын биік ұстады. Ахаңның есінен айдалып кеткен әкесі ешқашан шыққан емес!
Бір атына жазылған мың атақтың иесі атанған, қоғам қайраткері, күрескер тұлға А.Байтұрсынұлының идеясы, ұстанымы тәуелсіз еліміздің мүддесіне шексіз қызмет ететіні хақ.
– Сіздің өміріңіздегі Байтұрсынұлының рөлі қандай?
– Мен Ахмет Байтұрсынұлы жайында өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ести бастадым. 1988 жылы ұлы ұстаз ақталған соң, ірі қоғам және мемлекет қайраткерінің мол әдеби, ғылыми еңбектерімен Омбы қаласына Қазақстаннан келетін газет, журналдар арқылы ақырын таныса бастадым. Өзіміз де сол жақта қазақ студенттерінің апта сайын бастарын қосып, «Қазақ білім алушы жастарының кештерін» ұйымдастырып жүрдік. Тарихты, қазақ тілін, салт-дәстүрімізді 1500-ге жуық қазақ студенттеріне насихаттаймыз. Сонда Ахаңның тәжірибесі бізге өзінің септігін тигізді.
Кейінірек, 1994 жылы Ресейден өзімнің тарихи Отаныма, Қазақстанға оралғаннан соң, жергілікті БАҚ арқылы Ахмет Байтұрсынұлымен танысуымды жалғастырдым. Сол кезде Ахаңа байланысты мақалалар, құжаттар жинағын, энциклопедиялар, конференция материалдарын, монографияларын, әсіресе оның тіл біліміне қатысты жарыққа шыққан еңбектерін мұқият қарап жүрдім. 2020 жылдың 24 қарашасында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия» құрылды. Соның аясында Қазақстанда саны 400-ге жуық зерттеуші жабық құжаттарды қарастыруға рұқсат алды. Мен де аталған мемлекеттік комиссиясының мүшесі және бір жұмыс тобының жетекшісі ретінде, осы бағытта зерттеулерімді жалғастырып жүрмін. Соның нәтижесінде, Ахмет Байтұрсынұлына байланысты бұған дейін ешкім көрмей келген көптеген жабық материал қолымызға тиіп жатыр.
Одан бөлек, 9-шы сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» атты мектеп оқулығында Ахмет Байтұрсынұлына арналған жеке тарауша берілген, нақтырақ айтқанда, «Ұлт Ұстазы» деген тараушаның авторы өзім болып табыламын. Қазіргі таңда, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстан тарихының көптомдық еңбегі дайындалып жатыр, оның ішіндегі 6-шы томы Кеңес кезеңінің 70 жылдай тарихына арналған. Мен институттың директоры ретінде, осы томның ішінде Ахмет Байтұрсынұлына арналған параграфты әрептестеріммен бірлесіп жазуға кірістім.
Мен өзімнің ішкі дүниетанымыма жақын Ахаңның бір терең ойлы, ешқашан жадымнан да, санамнан да шықпайтын ұстаным-көзқарасы бар. Ахаңның аузынан шыққан сөз ешқашан ескірмейді. Бұл қанатты сөз бүгінгі күнде елдің әрбір азаматының да, мекеме, аудан, қала, облыс, министрліктерді басқарып отырған азаматтардың да көкейінде сақталып жүруі керек деп ойлаймын: «Өзгелерге ілесу үшін сауатты, бай, күшті болуымыз керек. Сауатты болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Мықты болу үшін бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек». Осы ой әр адамның санасын билеп алуы қажет. Тіпті ұран ретінде, керек болса ұлттық ұстаным ретінде әр мекеменің маңдайшасында тастай жазылып тұрса деймін!
– Ахметтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Алаштың арда азаматы А.Байтұрсынұлының атымен мемлекеттік сыйлықтар тағайындалу керек. Жазылып жатқан Қазақстан тарихы жаңа академиялық көптомдығында Ахаңның ғибратты өмірі мен халық мүддесі жолындағы жанкешті еңбегіне қатысты арнайы тарау арналғаны артық болмайды. Бұл ұсыныс айтылып та келеді. Оны орындауға болады және керек. Мектеп оқулықтарында да арнайы тараулардың болуы міндетті. Ең бастысы, тарихи бағытта Ахаң туралы жеңіл тілмен, көпшілікке арналған кітап шығарылып, бұл кітапты әлемнің бірнеше тіліне аудару қажет. Ахаңды әлем танитын уақыт келді деп ойлаймын!
Әңгімелескен
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»