Бүгінде көптеген ғалымдар еліміздегі өсімдіктер әлемінің толық зерттелмей отырғанын алға тартып келеді. Осы орайда денсаулық сақтау саласының адам денсаулығын жақсарту бағытында табиғаттың тартуын тиімді пайдаланып отырған елдердің тәжірибесін негізге алуы өте өзекті екені анық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы» базасында ашылған өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс мамандары дала алқаптарында әлі күнге зерттелмей жатқан өсімдіктердің адам ағзасына пайдасы мол екенін зерттеп, өте пайдалы препараттар өндірісін дамытуды мақсат етіп отыр.
Өндіріс соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Жоба авторы – Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жанар Жеңіс отандық дәрілік өсімдіктерді зерттеу нәтижесінде жасалған түрлі биологиялық белсенді қоспалар жайында айтып өтті. Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалған.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы 2019 жылы ашылған. Ал орталық базасында жаңадан ашылған биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар дайындайтын өндірістің мүмкіндігі мол. Мамандар биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар адам ағзасындағы қант деңгейін төмендетуге, қан қысымын реттеумен қатар асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартып, иммунитетті көтеруге мың да бір ем дейді.
Заманауи өндірістің жұмысымен танысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі» деп атап өтіп, орталық әзірлеген өнімдерді еліміздің дәріханаларына орналастыруға министрлік тарапынан қолдау көрсетуге уәде етті.
Бұл өндірістің коммерциялық қана емес, ұлттың денсаулығын жақсартудағы да мүмкіндігі зор. Табиғи дәрілік препараттардың адам ағзасына жанама әсері аз, пайдасы мол, бағасы жағынан да қолжетімді. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев дәрілік препараттар медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге себепші болатынын атап өтті. Ректордың айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – еліміздегі дәрілік өсімдіктер әлемін зерттеу. Яғни ғылыми орталықтың нәтижелі жұмысы көптеген түйінді мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік бере отырып, дәрілік өсімдіктерді пайдалану арқылы көптеген әсерлі, табиғи негіздегі дәрілік заттардың, оның ішінде сырттан импортталып жатқан көптеген дәрілердің елімізде өндірілуіне ықпал ететін болады. Орталық сонымен қатар медицина саласының өркендеуіне, ел экономикасының дамуына да септігін тигізеді деген сенім мол.
Бүгінде орталықта магистранттар мен докторанттар жұмыс істеуде. Орталықтың заманауи бағытта дамуы студенттердің тәжірибеден өтіп, білімдерін жетілдірумен қатар денсаулық, экология саласындағы заманауи жаңалықтарды игеруіне мол мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ