Елордалық театрлар бірінен кейін бірі жаңа маусымын ашып, халықпен қауышып үлгерді. Биылғы маусымның, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры үшін жөні бөлек. Жас қанат өнер ұжымы ІІІ театр маусымын Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты.
Театр директоры Асхат Маемиров бүгінде жазушының шығармалары өзектілігін жоғалтпай әлі күнге дейін көптеген қазақ театрының сахнасында қойылып жүргенін, сонымен қатар Музыкалық жас көрермен театры ең алғашқы шымылдығын «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашып, оны жыл сайын әдетке айналдырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа маусымда театр ұжымы көрерменге тың туындыларды ұсынатынын, халықаралық фестивальдерге қатысатынын хабарлады.
Үшінші маусымның ашылуына Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, басқа да елордалық зиялы қауым мен журналистер қатысты.
– Бүгінгі жаңа маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Сонымен қатар биыл қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық драматургияның алыбы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толғалы отыр. Бұйырса, қазақ елінде үлкен той болады. Сол тойдың бастамасы ретінде Мұхтар Әуезовтің қойылымымен бастау алғандарыңыз барлығымызды қуантады. Бүгінгі қойылымдағы Абай мен Тоғжанның кіршіксіз махаббатты – нәп-нәзік іңкәрліктің белгісі. Ол іңкәрлік адамға бір жылулық, тазалық сыйлайды. Өнердің де бар құдіреті осы емес пе?! Көрерменнің жанын жылыту, сезімін қозғау. Сахнадағы әртістер де өз шеберліктерімен жастардың санасын бір сілкінтті деп ойлаймын, – деді Меруерт Өтекешева.
Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алады. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі.
Айта кетейік, музыкалық драманың инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.
Ал Абайдың рөлінде Дінислам Нұрмағамбетов, Тоғжан – Арелана Амангелдиева, Құнанбай – Алтынбек Аманқұлов, Ұлжан – Самал Еслямова, Оспан – Жасұлан Абдрахман.
Әр жаңа маусым – кез келген өнер ұжымы үшін жаңа белес. Театр репертуарын түрлі бағыттағы спектальдермен түрлендіріп, талай додада топ жарған өнерлі ұжымнан биылғы маусымында да жақсы жаңалықтар күтеміз.