• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Кино 15 Қыркүйек, 2022

Ұлт рухын ұлықтаған

301 рет
көрсетілді

Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздік идеясы қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де өшкен емес. Оны ақын-жазушыларымыз өз шығармаларындағы кейіпкер бейнесі немесе сонда қозғаған ұлттық құндылықтар арқылы астарлап болса да сыналап кіргізіп, халқымыздың намысын қайрап, жігерін жанып, азат рухын асқақтатты. Осындай мазмұн сол кездегі қазақ киносында да көрініс тапты. Сон­дай тұғыры биік туындының бірі, 1981 жылы экранға шыққан «Ақырғы аманат» көркем фильмі. Бұл фильм­нің сценарийін көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Олжас Сүлейменов жазса,түсірген – айтулы режиссер, марқұм Амангелді Тәжібаев.

Бұл туындыға өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылдары елімізде Кеңес өкіметі орнап, өз билігін жүргізе бастағанда, оған қарсылық көрсетіп, қазақ жерінің титтей де бір пұшпағын ешкімге бермеймін деп соңғы демі қалғанша арпалысқан ержүрек атала­рымыздың бейнесі алын­ған. Әсіресе жаңа өкіметтің күштеп ұжым­дастыру салдарынан бар малы мен мүл­кінен айырылған қазақ байлары мен беделді азаматтарының дені жазықты болып түрмеге қамалса, одан сытылып шық­қандары шегера асып, басқа елге көшуге мәжбүр болды. Кинода осы күрделі кезең шынайы бейнеленген

Бір қарағанда, фильмде бас кейіпкер Ораз мерген бір топ жасағымен қазақ жеріне шойын жолдың салынуына, оны іске асырам деген кеңес өкіметінің өкілдеріне қарсы шығып, кедергі жасады. Оны Ораз мергеннің ел ағасы, Досмұхамет биге келіп: «Туып-өскен жерімізге үлкен нәубет төніп келеді. Жайлауымызды алып, орталықтан бері қарай шойын жол салады деген қауесет бар. Естісеңіз, бұл хабардан жүрегіңіз түршікпей ме, би аға! Алатаудай аң­ғарымды қырқа қылса, жайлауымды жыртып, мал біткенді құртып, даланы қала қылса, қазағым не күн көреді» деген жігерлі сөздерінен түсінесіз.

Белгілі кинотанушы, профессор Гүлжан Наурызбекова осы туынды туралы пікірінде режиссердің фильмде Кеңес өкіметінің саясатына қолдау көрсетіп, қызыл әскер командирін жағымды кейіп­кер ретінде суреттегенімен, алайда, әр эпизодқа тереңірек үңілсек, оның астарында жаңа өкіметке деген әжуа жатқандығын айтады. Шындығы да сол. Оны кинодағы кейіпкерлердің мінезі мен айтқан сөздерінен анық байқайсыз. Кейіпкер демекші, фильмге түскен актерлардың бәрі де шетінен мықты. Халқымызға өте таныс бейнелер. Мәселен, мінезі өр, ешкімге басын имейтін Ораз мергенді Тұңғышбай Жаманқұлов ойнаса, аузы ауыр, болмысы бекзат Досмұхамет биді атақты актер Кененбай Қожабеков сомдаған. Қызыл әскер командирі рөлін­дегі Әнуар Боранбаев бейнесі де ізгі, көркем адамды көз алдыңызға келті­реді. Сондай-ақ Қасым Жәкібаев, Жам­был Құдайбергенов секілді белгілі актер­лар­дың рөлі де өз ерекшеліктерімен есте қалады.

Жалпы, Амангелді Тәжібаевтің кез-келген туындысынан халқымыздың ешкімге ұқсамайтын болмысы мен мінезін көресіз. «Ақырғы аманатта да» ре­жиссердің ұлт рухын көтеруді мұрат тұтқан. Оны телеарнаға берген бір сұх­батында автордың өзі де айтады. «Киноға не істеу үшін келдім дегенде, Кеңес заманында маған халқымыз ұнжыр­ғасы түсіп, намыссыз болып бара жатқан секілді көрінді. Бұрын бабала­рымыз:« Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өзін бәрінен биік ұстады. Демек малың да, жаның да арыңның алдында түк емес. Ар деген – рух, ар деген – намыс. Сон­дықтан мен киноға келгенде қазақтың атынан ғана сөйлегім келді» дейді.

Аталған фильм 1981 жылы экранға шық­қанымен, бірден көрерменге көрсе­тілген жоқ. Өйткені сол кезде еліміздегі идеологияны­ басқарып отырғандардың қырағы көзіне түсіп, оның жолына тос­қауыл қойылған. Осы жерде мар­құм Амангелді ағаның өзін сөйлетейік:

«Түсірілім аяқталғаннан кейін Мәс­кеуге апарып, кино мамандары мен сыншыларға көрсеттім. Олар фильмді жақсы қабылдады. Тіпті сол жылы Таллин де өтетін кинофестивальге қатысуға жолдама берді. Одан соң Мәскеу мен қазіргі Санкт-Петербург қаласында фильмнің премьерасын өткізетін болдым. Сөйтіп, Алматыға қуанып келдім. Енді ертең фестивальге жүремін деп отырғанда Орталық Комитеттен хабарласып, ондағылар фильмді көруге сұратып алды. Оны өз қолыммен апарып бердім. Келесі күні, бұл «Кеңес өкіметіне қарсы, ұлтшыл­дықты насихаттаған туынды» деп бір­ден тосқауыл қойылды. Нәтінде біреу­­лер жоғарыға: «фильмдегі бас кейіпкерлердің біреуі – бай, біреуі – би, ал қызыл әскер басшысы далақтап шауып жүрген біреу» деп жазған болуы керек. Осы жағдай жүрегіме ауыр тиді. Тіпті оны үстінен бір қарап, түзеуге де мүмкіндік бермеді. Қазіргі көрсе­тіліп жүрген нұсқасы фильмнің жұмыс көшірмесі. Онда жарық та дұрыс қойылмаған. Соны көріп, киноға қатты жаным ашиды. Бірде Астраханнан келе жатып, Ақтөбеден «Қазақ әдебиеті» газетін сатып алдым. Соның айқарма бетіне «Ақырғы аманат» фильміне 20 жыл» деп бір топ маманның кино туралы айтқан ой-пікірлерін беріпті. Сонда еңбегімнің босқа кетпегеніне қуанып, көзіме жас келді» депті.

Белгілі жазушы Смағұл Елубай режиссер туралы жазған «Таспадағы тарих» атты мақаласында: «Амангелді Тәжібаев қызыл саясаттың қанжы­ғасында кетпеген азамат тұлғалы режиссер болды. Қиыннан қиыстырып хал­қының жоғын жоқтай білді. Қызыл­дардың қылмысты саясатына қарсы күрескен «банды» дегендердің банды емес, батыр екенін көрсете білді» деп жазады. Шынында айтулы режиссер Амангелді Тәжібаевтың Кеңес өкі­метінің қаһарынан ықпай «Ақырғы аманат» атты ұлт рухын ұлықтаған фильм түсіруі – ерлік.