Межелер мен Міндеттер
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Премьер- Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев және Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев қатысып, Үкімет атқарып жатқан бірқатар мәселелер төңірегінде айтып берді. «Ағымдағы жылдың 19-21 мамыры аралығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары және Шанхай қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуы жоспарланған. Сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіледі және екіжақты құжаттарға қол қойылатын болады. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты серпінді дамытуда жүйелі қадам болмақ. Жалпы, бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2013 жылы екіжақты сауданың көлемі 22,5 миллиард долларды құраса, оның ішінде еліміз экспорты – 14,3 млрд. доллар, импорт 8,1 млрд. доллар болған. Сондай-ақ, 2014 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы екіжақты сауда көлемі 3,56 млрд. долларды құрады», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Сонымен қатар, ол ҚХР-мен бірлесіп іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы да айтып өтті. «Қазақстан мен ҚХР арасындағы Су бөлу бойынша техникалық жұмыстардың негізгі бағыттарының жоспарын іске асыруға қатысты биылғы жылдың 24-27 ақпаны арлығында Бейжіңде екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бағалау жөнінде техникалық жұмыс отырысы өтті. Жиында деректерді талдау мен салыстыру, ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша есептер алмасу жүзеге асырылды. Қорғас өзеніндегі «Достық» гидроторабына қатысты нысан өткен жылдың шілде айында ресми түрде пайдалануға берілді. 2013 жылғы қыркүйекте Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында ҚР мен ҚХР үкіметтерінің арасындағы «Достық» гидроторабын басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда қазақстандық тарап аталған келісімді ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізуде», деді Б.Сағынтаев. ҚХР-мен бірлесіп іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға келер болсақ, «Самұрық-Қазына» АҚ желісі бойынша «Инвестициялық карта» шеңберінде барлығы 22 жоба іске асырылуда. Оның мұнай-газ секторында 11 жоба болса, 1 жобасы аяқталған. Ал 10 жоба іске асу кезеңінде. «ҚТЖ» АҚ желісі бойынша көлік саласында «Ляньюнган портында терминал салу» жобасы іске асырылуда, оның құрылысы Мемлекет басшысының алдағы сапары барысында басталмақ. Осы жылдың басында ҚХР-дан инвестициялардың жиынтық көлемі 20 миллиард доллардан аса, оның 5,68 миллиард АҚШ доллары тікелей инвестициялар. Қазіргі таңда уран шикізатын Қытайға жеткізу қолданыстағы келісімдерді іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Өткен жылы 13,4 мың тонна қазақстандық уран жеткізілген. Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ отандық отын таблеткаларын Қытай нарығына шығаруға мүдделі. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы «AREVA» француз компаниясымен бірлесіп, «ҮМЗ» АҚ-та жылу бөлетін құрылғылар өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Отандық кәсіпорындар ҚХР-ға металлургия өнімдерін дәстүрлі экспорттаушылар болып саналады. Аталған елге мыс жеткізудің нақты көлемі 2012 жылы – 170, 2013 жылы – 202, ал 2014 жылы 154 мың тонна деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында ҚХР нарығына қазақстандық бидайды жеткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдануда, өткен жылы жеткізілген өнім көлемі 90 мың тоннадан артқан. Қазақстан-Қытай шекарасында астық терминалын салу мәселесі де пысықталуда. Мәдениет саласында мәдени-ізгілік ынтымақтастық туралы келісімге қол қою, Қытайда қазақстандық студенттерді оқыту бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру, 2013-2014 жылдар кезеңінде мәдениет күндерін бірлесіп өткізу, сондай-ақ, Қазақстанда Қытай туризмі жылын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Бұдан басқа Қытай тарапы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін сәтті өткізуге қазақстандық тарапты барынша қолдауға дайын екендігін білдірген. «Азаматтардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы» заң жобасы туралы» Премьер- Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтып өтті. «Заң жобасында жария етудің негізгі қағидалары айқындалған. Біріншіден, жария ету елдің экономикасына қосымша қаржы қаражаты мен мүлікті тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды және тиісінше жеке табыс салығы салынбайды. Ілеспе заң жобасымен Қазақстан Республикасының Салық кодексіне тиісті толықтырулар енгізіледі. Үшіншіден, жария етуге осы шара басталғанға дейін алынған мүлік ( ақшаны қоса алғанда) жатады. Төртіншіден, жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады», деді ол. Жария етуге рақымшылық жасау уақыты 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленген. «Үкімет отырысында бірқатар факторлар бойынша Қазақстанды халықаралық салыстыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру бойынша қабылданатын шаралар мен ұсыныстарды қамтитын 2013 жылғы Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігі туралы баяндаманың жобасы қаралды. Бәсекеге қабілеттіліктің жүйелі мониторингі бес фактор бойынша алты әлемдік рейтингтердің және ұлттық бәсекеге қабілеттілік индикаторлары мониторингінің қорытындылары бойынша Қазақстан өз ұстанымын жақсартып келеді», деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев. Сондай-ақ, ол үш халықаралық рейтинг бойынша 50 көшбасшы елдер қатарына кіргенін және екі рейтинг бойынша 70-тің ішінде ( 67 және 69-орын) және бір рейтинг бойынша 140-орында екенін де назардан тыс қалдырмады. Үкімет бәсекеге қабілеттілік жөніндегі бес фактор бойынша тұрақты түрде мониторинг және талдау әдістемесін жүргізеді. Бұл «Макроэкономика», «Институттар», «Бизнес», «Технологиялар және инновациялар» және «Адами даму» сынды факторлар. Әлемдік рейтингте ұстанымды әрі қарай жақсарту үшін әр фактор бойынша жұмыс топтары құрылған.
•
16 Мамыр, 2014
Рейтингтер көрсеткіші жақсы
273 рет
көрсетілді