Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері дертті болып өмірге келген Ерсайынға асқазан-ішек жолдарының туабітті кінәраты – трахеоөңештік жыланкөз деген диагноз қояды. Мұндай кеселмен туған нәресте тамақ іше алмайды. Сондықтан сәби екінші күні перзентханадан балалар хирургиясы ауруханасына ауыстырылған.
«Сол күні баланы операцияға дайындадық. Оған біздің орталыққа тиесілі жаңа технология бойынша торакоскопиялық әдіспен өңештің тікелей анастомозы жасалды. 10 күн ішінде кішкентай пациент стационарымызда емделіп, үйге шығарылды. Ол біздің клиникамызда 1 жасқа толғанша бақылауда болды. Қазір бала бір жас екі айға толды. Бүгін оның ата-әжесі мен әке-шешесі ұлттық дәстүріміз – тұсаукесер рәсімін маған тапсырды. Олар баласының болашақта дәрігер атанып, басқалардың өміріне араша түсетін мамандық иесі болғанын қалайды. Бұл дәстүрді тек таңдаулы адамға ғана сеніп тапсырады. Баланың болашақ тағдырына қатысты болғаныма, осындай қастерлі міндет бізге бұйырғанына қуаныштымыз. Жыл сайын осындай 5-6 баланың тұсауын кесеміз», дейді балалар хирургі, қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.
Айтқандай, мұндай операциялар Балалар жедел медициналық жәрдем көрсету орталығында 2013 жылдан бері жасалады. Тоғыз жыл ішінде 60-қа жуық жаңа туған нәрестеге операция жасалды. Былтырдың өзінде неонатальды хирургтер 10 сәбиге операция жасады. Дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігі 100% жағдайда оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде аурухана Алматы қаласының тұрғындарына ғана емес, үлкен қалаға еліміздің өзге өңірлерінен ем іздеп келген балаларға да көмек көрсете алады.
АЛМАТЫ