Қазіргі баға қымбатшылығының басты себептерінің бірі – жергілікті өнімдердің аздығы. Бәрін сырттан тасудың салдары осыдан екі жыл бұрынғы пандемия кезінде қатты байқалған.
«Кісідегінің кілті аспанда» болатыны қашаннан белгілі. Әуелі өзге аймақтан келетін өнімдер қымбаттады. Артынша шекара тарс бітеліп, сол құны аспандаған тауардың өзі тапшылыққа айналып шыға келді. Мұны болдырмаудың бір амалы – өзіміз өндіру. Өйткені жергілікті өнім – жеткілікті өнім. Оның сапасы да, бағасы да көңілдегідей болады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың кәсіпкерлік саласының әлеуетін көтеру үшін бизнес өкілдерімен кездесуінде негізгі әңгіме осы болды. Кездесуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов пен салалық құрылым басшылары қатысты.
Жиында отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы жайлы ашық әңгіме болды.
Өңірде мұнай қоры сарқылып, жыл сайын өнім көлемі төмендеп келеді. Ендігі басымдық газ өндіру аясын арттыруға беріліп отыр. Осы бағытта өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау да естен екі елі шықпауға тиіс. Бұл кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
– Инвесторларды қолдау аясын кеңейте түсу үшін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құрамында Қызылорда инвестициялық және талдау орталығын ашып, инвестиция тартуға мүмкіндіктері бар ірі кәсіпкерлерді шақырамыз. Мұнай өндірісіне дейін Қызылорда аграрлы аймақ ретінде танымал болған. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық береміз. Бұл бағытта алғашқы кезекте ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз.
Келер жылы экспортқа шығарылатын томат концентратын өндіретін зауыт құрылысы басталады. Әртараптандыру бағытында шет елдерде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынды. «Ақжарма и К» шаруашылығы ӘКК-мен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті технологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек агро-индустриялық аймақтар ашу жоспарымызда бар, – деді облыс басшысы.
Кәсіпкерлер палатасы ұсынысымен өткізілген жиында Т.Нақыпбеков мұндай кездесулердің саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Осындай кездесулер барлық облыста ұйымдастырылып жатыр. Солардың арасында Қызылорда кәсіпкерлік мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрып отырған бірден-бір өңір. Жергілікті мәселелерді әкімдік шешіп берсе, республикалық деңгейдегі проблемаларды Үкіметке біз жеткізіп отырамыз, – деді ол.
Кездесуде облыста шетелдік кәсіпкерлердің тәжірибесі мен инновацияларын енгізу басталғаны да айтылды. Украиналық инвесторлармен тұкым шаруашылығын дамыта отырып күріш, бидай, жүгері, соя дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару үшін ынтымақтастық орнады, аустралиялық «Рубикон» компаниясының суды тиімді пайдалану тәжірибесі қолға алынды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековтің айтуынша, кәсіпкерлерге әртүрлі көздерден 20 млрд теңге шамасында қаржы қаралып, бүгінде 700-ден астам жобаға жеңілдікпен несие берілген. Ауылдағы кәсіпкерлер де қолдаудан қағажу қалып жатқан жоқ. Олар 393 жобаға 6,1 млрд теңге несие алды.
Ортақ мәселеге орай пікір білдірген кәсіпкерлер қатарында «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов көтерме-тарату орталығының әлеуетін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жолдарын ұсынды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов егін шаруашылығын әртараптандырудағы тәжірибесі туралы айтып, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерді.
Облыс басшысы азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелетін өңірде бақша дақылдарын егуге ынталы азаматтарды әрдайым қолдайтынын ашық айтты.
– Картопты Павлодардан, сәбізді Қостанайдан әкелеміз. Қалғаны Түркістан облысынан келеді. Осыны болдырмау үшін егін егеміз деген шаруаларға жер бөлуді тапсырып, оларға жағдай жасадық. Бақша өнімдерін, көкөністі егуге біздің өңірдің мүмкіндігі жетеді. Істі ілгерілетіп әкеткен шаруалар да бар. Артылса, өнімді сатуға мүмкіндікті де қарастырамыз. Күрішке ғана иек артып отыра беруге болмайтынын түсінетін уақыт жетті, – деді Н.Нәлібаев.
Кездесуде кәсіпкерлер жаңа емхана ашу, бос тұрған ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану, туризмді дамыту, жеке балабақшаларға субсидия бөлу, жеңіл өнеркәсіп саласына жағдай жасау секілді мәселелер жайлы айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы өңірде бизнес климатты жақсарту үшін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен жобаларын қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.
Қызылорда облысы