• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Қыркүйек, 2022

Еріктілер ел ертеңіне сенімді

325 рет
көрсетілді

Алматы қаласы Өңірлік коммуникация­лар қызметінің баспасөз орталығында Amanat партиясы «Жастар рухы» жас­тар қа­наты­ның белсенділері Мемлекет басшы­сының Жолдауында айтылған ел болашағына қатысты мәселелерге орай пікір білдірді.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов конференция барысында Amanat  партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде жаңа бағдарлама қабылданып, орталық кеңестің құрамы мен Jas Otan атауының өзгергені туралы еске салып өтті. «Рух – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Бұл атаудың мағынасы өте терең, әр азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Amanat партиясының жастар қанатының трансформациясы жай ғана атауды өзгерту емес. Жаңғыру үдерісіндегі жастардың ерекше рөлін көрсететін, құндылықтар мен ұстанымдарды айқындайтын жаңа Жастар бағдарламасының жүзеге асуымен тығыз байланысты», деді Әкежан Кеңесов.

Әкежан Кеңесовтің айтуынша, мегаполис аудандарында жастар ұйымдары белсенді жұмыс істейді, олар қаладағы 20 шақты жоғары оқу орны мен 30-ға жуық орта және арнайы білім беру мекемесінде орналасқан. Бүгінде «Жастар рухының» құрамында 4 мыңнан астам белсенді бар.  «Жастар рухының» белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын тұрақты ұйымдастырып келеді. Биыл алғаш рет Qaisar әскери-патриоттық жобасын бастады. Оның аясында екі жүзден астам жоғары сынып оқушысы дене шынықтыру дайындығынан өтті. Ал TazaLike жобасы шеңберінде 15 сенбілік өткізілді. Тарихты, әдебиетті зерттеуге бағытталған зияткерлік ойындар, балалар мен жастар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу – белсенді жастар тарапынан тұрақты өткізіліп тұратын іс-шаралар.

Қала және облыстардағы жас депутаттар корпусымен бірлесіп бірнеше көшпелі отырыс­тар өткізген белсенділер студенттер жатақ­хана­ларының құрылыс барысын бақылауға алған. Референдум кезінде де еріктілер тарапынан ақпарат­тық қолдау көрсетілді.

Qamqor charity қоғамдық қорының төрағасы, Алматы қаласы әкімі жанындағы Жастар кеңесінің мүшесі Бағдат Анарбаева: «Жолдауда жастар қолдаған көптеген жақсы тезистер жарияланды. Әлеуметтік салада және білім беруде белгіленген өзгерістер, жаңа мектептер салынып, медициналық мекемелер модернизацияланатындығы еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді», деді. Сондай-ақ ол Qamqor charity компаниясының жұмысына тоқталып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен және жалғызбасты зейнеткерлермен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Әлеуметтік шеберхана» жобасы аясында балалар үйінде мамандықтар тегін оқытылады. Бүгінде 20 бала мобилиография, аспаздық, SMM курстарында білім алуда. Сонымен қатар еріктілер қарттар тұратын әлеуметтік үйлерге, жалғызбасты зейнеткерлерге қамқорлық жасаудан жалықпайды.

 

Алматы