Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан отандастарымызбен кездесті. Олардың басын қазір Digital Nomads IT қоғамдастығы біріктіріп отыр. Президенттің бейресми кездесуінде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды.
Digital Nomads IT қоғамдастығына 400 қазақстандық мүше. Кездесуде жас мамандар Президентке елімізде IT-секторды дамыту жолдарына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Google-дің инженер-бағдарламашы Арай Сабыржан әлемдік ІТ-компаниядағы жұмысы туралы баяндап берді. «Алматы қаласының тумасымын. 2017 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдап, компьютер саласында бакалавр дәрежесін алдым. 2018 жылы Сан-Франциско қаласына келіп, біраз стартап компанияларда жұмыс істедім. Қазіргі таңда Google компаниясында виртуалды машиналардың бағдарламашысымын», деді Арай Сабыржан. Қасым-Жомарт Тоқаев Арайдың Google компаниясымен келісімшартының мерзімі туралы сұрады. «Келісімшарт толық мерзімге жасалды», деп жауап берді отандасымыз. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы ІТ саласындағы білікті мамандардың Қазақстанға да қажет екенін айтып: «Әрине, АҚШ-та жақсы, бірақ Қазақстан одан да керемет! Сіз Отаныңызда да қызмет істей аласыз деп ойлаймын», деді.
Сонымен қатар кездесуде, DCVC компаниясының венчурлық инвесторы әрі директоры Анна Фокина, Booking.com компаниясының менеджер-бағдарламашысы Әлібек Датбаев сөз сөйледі. Осы орайда, Әлібектің жетекші мекемедегі қызметі мен жетістігін айтып өткен жөн.
– Booking-ке дейін мен АҚШ-та тұрып, жұмыс істедім. Алайда қысқамерзімді визаның уақыты біткен соң ол елден кетуге тура келді. Қазақстанға оралдым, бірақ жұмысымды шетелде жалғастырғым келді. Содан америкалық компанияларға түйіндемемді жіберіп отырдым, уақыт айырмашылығына байланысты сұхбатқа көбінесе түнгі уақытта онлайн қосылатынмын. Жұмыс визамның жоқтығына байланысты көп компания менен бас тартты. Сөйтіп, АҚШ-ты қойып Еуропа елдерін қарастырдым. Сол кезде Booking-те онлайн кодтау байқауы ұйымдастырылып, соған қатыстым. Шамалы уақыттан соң маған Booking-тің кадр жөніндегі қызметкері хабарласты. Бірнеше сұхбаттан соң, олар мені бас кеңсесіне шақырды, төрт күндік ұшақ пен қонақүйдің ақысын өздері төледі. Осылайша, Амстердамда түрлі Booking қызметкерлерімен толыққанды сұхбат жүргізілді. Содан кейін шешім қабылданды. Үш күннен кейін олардан жұмысқа шақырту алдым, – дейді Әлібек Датбаев. Қазір отандасымыз Booking-тің белді қызметкері, жұмысқа орналасқан бойда адал қызмет етуге барын салған.
– Қазіргі жұмысым алғашқы қызметімнен бөлек. Мен қазір менеджермін, бағдарлама жасамаймын, басқару мәселелерімен көбірек айналысамын. Қарамағымда Израиль, Ресей, Үндістан, Нидерланд, Бразилия, Словения елдерінен келген бағдарламашылар бар. Командамыз көпұлтты. Негізі компанияның бір ғана IT бөлімінде 100-ден астам ұлт өкілі қызмет етеді. Барлық команда әртүрлі, әрқайсысының мәдениеті де әртүрлі. Бұл менеджерлер үшін үлкен сынақ, әрине, мен үшін де. Әр адамға жеке қарым-қатынас қажет. Мен олардың өсуіне, жеке және кәсіби дамуына жауапты болғандықтан бұл қиын, бірақ қызық, – дейді Әлібек Датбаев.
Digital Nomads жиынында Мемлекет басшысымен отандық IT саласының әлемдік трендтері мен перспективаларын талқылаған кездесуге зияткерлік мектептердің түлектері Ділназ Камалова мен Азат Сүлейменов те қатысқан еді.
Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS түлегі Азат Сүлейменов белгілі америкалық Lucid Motors компаниясының озық моторлы технологиялар командасында аға инженер болып қызмет атқарады.
Мектепте оның сүйікті пәні математика болды. 2010 жылы Азат Назарбаев Университетіне оқуға түсіп, химиялық инженерия мамандығы бойынша білім алды. Оқу барысында Оңтүстік Корея мен Лос-Анджелестегі Калифорния технологиялық институтында тағылымдамадан өтті. Өз мамандығы бойынша оқуын Бостон университетінде жалғастырды.
Lucid Motors стартапындағы инженер-механик лауазымына жүргізілген іріктеуде бірден көзге түскен Азат электр қозғалтқышын жасаумен айналысатын команда құрамында жұмыс істей бастады. Кейін Lucid Motors компаниясы оның көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін назарға алып, Азатқа автокөліктің тиімділігін арттыруға маманданған бөлімшеге ауысуды ұсынды.
Ал Ділназ Камалова Алматыдағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепті аяқтады. Ол әлемнің үздік жоғары оқу орындары – Harvard University, Stanford University, Princeton University, Lehigh University, Rice University, Duke University-ден ресми шақырту алды. Зияткердің таңдауы Стэндфорд университетіне түсті.
Ділназ көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Ол – Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастардың өмірін жеңілдету үшін жасалған «ақылды» дәрі қобдишасының авторы. Бұл өнертабысы Google Science Fair журналының «20 үздік идея» тізіміне енді. Силикон алқабында өткен Technovation Challenge байқауында жеңіске жеткеннен кейін ол Google-дың штаб-пәтерінде корпорацияның бас директоры Сундар Пичаимен кездесті.
Президенттің жас мамандармен кездесуінен кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де пікір білдірді.
– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ жастарының басын қосқан Digital Nomads қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Қауымдастық әлемнің түкпір-түкпірінде алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіріп отыр. Атап өтерлігі, Digital Nomads министрліктің бастамасы бойынша құрылған. Бүгінде оның құрамында 400-ден астам IT-маман бар. Кездесуге жер-жаһаннан 30-дан астам IT-маман келді. Басқосу барысында IT саласының өзекті мәселелері талқыланды, атап айтқанда, олардың қазақстандық мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектесуі, спорттық бағдарламалау және венчурлық инвестициялар бойынша жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтылды. Бұдан бөлек, Digital Nomads өкілдері шетелдік IT материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша, олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосуда. «Ұйымдасқан ұтады» деген қанатты сөз бар. Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғары оқу орындарында білім алған Үндістан азаматтары қазақ жастары сияқты өздерінің IT мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компанияларда басшылық лауазымдарды иеленді. Қазіргі уақытта олар өз отандастарының стартаптарын қолдай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартуда. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің дамуына қолұшын созғанын қалаймын, – деді министр.
АҚШ-тағы кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев та Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Думан АНАШ,
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»