Бүгінде базарлар мен дүкендерден небір ойыншықтарды қиналмай-ақ табуға болады. Алайда, баланы жиі қуантамын деп жүріп оны аурудың тырнағына өзіңіз іліктіруіңіз ғажап емес.
Елімізде өткен жылы ойыншықтар сапасына 18 рет тексеру жүргізілген екен. Анықталған заңсыздықтар өте көп болыпты. Тексеруге іліккендердің 70-80 пайызға жуығы ешқандай сертификат ұсына алмаған. Рас, ойыншықтың қайдан шыққаны, қандай материалдан жасалғаны, ол материалдың құрамындағы элементтердің мөлшері көрсетілген анықтамасы барлары да кездескен. Тіпті бала денсаулығына тікелей қауіп төндіретін ойыншықтар да біздің дүкен сөрелерінде аз емес көрінеді. Мәселен, шеттері тегістелмеген қоларбаларға (коляска), әр түрлі техникаға ұқсатып жасалған ойыншықтарға бала қолын оп-оңай кесіп алуы мүмкін екендігі анықталған. Сосын бояуларының иісі шамадан тыс ойыншықтар да көп кездесіпті. Осы тексерулер нәтижесінде 300-ге жуық ойыншықтарды саудалауға тыйым салынды. Құқық бұзушылық кодексінің 317-бабына сәйкес ондай ойыншықтарды ұсынған жеке кәсіпкерге 10-нан 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғанынан да хабардармыз.
Неге дегенге келсек, көптеген ойыншықтардың бояуы бала ағзасына кері әсерін тигізіп, ал қызылды-жасылды түстері көзді ауыртады. Соның салдарынан баланың көру қабілеті төмендейді.
Сондай-ақ, жасалған материалдары құрамында ауыр металдар бар екені анықталған. Әсіресе, Қытайдан әкелінген ойыншықтарда формальдегид әдеттегісінен 10-15 есе көп болған. Мұның бәрі бала денсаулығына қауіпті. Сәби айналаны тануды аузына салудан бастайды. Қолына түскен нәрсенің бәрін тісіне басып көруге әуес. Сол кезде бояудың құрамындағы зиянды заттар ішкі ағзаға түседі. Асқазан, ішек жолдары жұмыстарына зақым келтіреді. Баланың иммунитетінің әлсіз болуына, ауруға бейімділігін арттыруда да ойыншықтардың қосар үлесі аз емес.
Бұл енді мықтап ескеретін жайт. Егер балаңызға алған ойыншығыңыз (шынымен де) Ресей, Украина немесе Белоруссиянікі болса, онда ештеңеден қауіптенбеуіңізге болады. Бұл елдерде осы бағытта өндірілетін тауарлардың сапасына талап қатаң. Нормадан сәл-пәл ауытқушылық байқалса, ондай кәсіпорынның жұмысын мүлдем тоқтатуға дейін шара қолданады. Сапаға шалағайлық жасасаң, кәсіпорынды өз қолыңмен құртқан болып шығасың. Сондықтан бұл елдерде (әсіресе Ресей) ойыншықтар сапалы жасалады. Ал біздің еліміз бұл бағыттағы өндірісті баяғыда-ақ тоқтатқан. Кеңес заманында Қазақстанда “Қызыл Ту” ойыншық зауыты болған деседі. Нарықтың тар соқпағынан өте алмай құрдымға кетсе керек. Оның орнын басқан “Сұңқар” атына заты сай бола алмады. Ойыншыққа керек затты, ең ақыры бояуды да Ресей мен Украинадан тасу кәсіпорынға табыс әкелмеді. Содан бері бұл салаға беттеуге ешкім бата алмай отыр.
Республикалық, облыстық деңгейдегі сараптамалардың барлығы Ресей ойыншықтарының сапасы жоғары екенін көрсетті. Алайда, біздің облысымызда (еліміз бойынша да солай) сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы Қытайдікі. Бұл елдің ойыншықтарының өмірге қауіптілігі қаншама рет анықталса да, бәрібір базар біткенді толтырып қойдық. Қытай ойыншықтары баланың психикасына да аз зақым келтірмейтіні де дәлелденген жайт десем, көзге көрініп тұрғаны – олар жасаған балапанның түсі сары емес көк, пілдің түсі қызыл, т.с.с. бәрі керісінше болып келеді. Қытайдың қолтырауынымен ойнап өскен бала ертең оның табиғи түсі жасыл екенін біліп әжептәуір абыржып қалуы да ғажап емес. Бұл сайып келгенде, баланың дүниетанымын шатастыру, жадын бұзуға бағытталған әрекет. Қытай ойыншықтарының тым ашық түсті болу себебінде де бір сыр бар. Мамандардың айтуынша, мұндай түстер баланың көзін шамадан артық тітіркендіреді. Соның салдарынан жүйкелеріне салмақ түседі. Баланың санасында қоршаған ортаны тану процестері дұрыс жүрмейді.
Қолдануға арналған түсініктемесі жоқ ойыншықтарды сатуға да заң бойынша тыйым салынады. Сондықтан балаңызға ойыншық сатып аларда мейлінше абай болыңыз.
Нұркен ТОҚАЕВ.