• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қыркүйек, 2022

Тұмса табиғатқа тұрақты бақылау қажет

363 рет
көрсетілді

Қас қылғандай биыл құлпырған даламыздың құтын қашырған өрт оқиғалары жиіліп кетті. Айран-асыр еткен апаттың бұлай берекемізді алуы айналамызды қымтап, қауіпсіздікті құнттай түсудің аса қажеттігін ұқтырып тұр. Мұндайда Көкшедегі көздің жа­уын алатын көркем табиғатты көзінің қарашығындай қорғап, кірпік қақпай күзетіп тұрған Smart-Burabay жүйесінің мүмкіндігі жақсы үлгі бола алады. Бұл мүлгімейтін мүйіс қазақтың бағына бұйырған мүлкі – жасыл желекті қорғауға мемлекеттің қаншалықты мүдделі екенін айқындап тұр.

Сауысқаннан сақ смарт жүйе

Президент Іс басқармасының баспасөз қызметі жол бастап, Астанадан арнайы барған бір топ журналист осы айтулы «ақылды» жүйенің жай-жапсарымен және басқа да табиғатты қорғау іс-шара­ларымен жан-жақты танысып қайт­тық. Бізді жылыұшырай қарсы алған «Бура­бай» мемлекеттік ұлттық паркі дирек­торының орынбасары Бауыржан Махметов алдымен Жедел басқару орта­лығына алып барды. Smart-Burabay цифрлы жүйесімен жабдықталған, қаншама өрт қаупінің алдын алып тұрған орталық осы.

Сөзіміздің басында бірден айта ке­тейік, бұл «ақылды» жүйе биыл 18 өрт­тің орманға жайылуына жол бермей, дер кезінде сөндіруге септігін тигіз­ген. Жалпы, осы цифрлы игіліктің нәти­же­сінде өрт шарпитын аумақ 4 есеге азайып, қызыл жалынға қарсы шұғыл әрекет ету уақыты 15 есеге жақсарған. Бұл жүйе іске қо­сыл­маған 2019 жылы 80 гектар жер отқа оранса, биыл небәрі 0,5 гектар жерді өрт шалған.

«Ақылды» жүйенің қалай жұмыс істеп тұрғанын бізге Жедел басқару орталығының басшысы Асылхан Ахметжанов рет-ретімен таныстырып шықты. Оның ай­­туын­ша, ұлттық парк аумағындағы Smart-Burabay цифрлы жүйесі 2020 жылдың 1 желтоқсанында орнатылды. Жүйе камера, діңгек, контейнер, күн панелі және генератордан тұрады әрі күн мен жел энергиясы арқылы дербес жұмыс істейді. Генератор қыстыгүні күн сәулесі нашар түскен, жел бол­маған кезде қажет. Яғни батарейка отырып, электр энергиясы болмай қалғанда генератор автоматты түр­де іске қосылады екен.

129 мың гектардан аса жер­ді алып жатқан ұлттық парк аума­ғында 13 мұнара орнатылыпты. Бұл биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің назарына түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды. Биыл цифрлы жүйенің көмегімен Ақылбай, Бурабай, Жа­лайыр сияқты барлығы 9 орман шаруашылығында тұтанған өрт тез арада сөндіріліп, жалын бар болғаны 0,5 гектар жерді шарпыды.

«Биыл парк аумағында 18 өрт болып, от жедел сөндірілді. Өрт шы­ғуының негізгі себептері – табиғи факторлар. Көбіне жай түсіп жатады. Бір күнде 8 жерден өрт шыққан сәт болды. Ағашқа түскен жай үш күн бойы шоқтанып жатып, жел соққанда өршіп кететін жағдай да болады. Бұған қоса биыл осы жүйе арқылы орманда өрт қауіпсіздігін сақтамаған екі адамды ұстадық. Тауға демалуға келген адамдар от жағып, түтін шыққан сәтте жүйе бірден тіркеуге алған. Дереу оқиға орнына орманшылар аттанып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып­пұл рәсімдеді. 2020 жылы бұлан атқан браконерьді де осы жүйенің көмегімен қолға түсірдік. Ол 3 жылға сотталып, одан 6 млн 250 мың теңге шығын өтелді», деді А.Ахметжанов.

Сонымен қатар биыл 8 ай ішін­де табиғат қорғау заңнамасына қайшы 51 оқиға тіркеліп, ұлттық парк аумағында сақталатын ереже 46 мәрте бұзылған. Тәртіп бұз­ғандарға 440 мың теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз ағаш отаудың – 3, балық аулау­дың – 1 және браконерлікпен айналысудың 1 фактісі бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды.

Орманшылардың еңбегі орасан

Ұлттық парк аумағы 10 орман­шылыққа, 32 кордонға бөлінген. Бұл жерде мемлекеттік инспекторлар мен қорықшылар еңбек етеді. Олардың тыныс-тіршілігімен өндірістік базаға барғанымызда қаныға түстік. Онда орман өртін сөндіру стансасы мен орманшылар жатақханасы және отбасылы қызметкерлерге арналған жеке үйлер бар екен. Сондай-ақ әжептәуір аумақты алып жатқан бұл кешенде ағаш өңдейтін цех, жанармай құю бекеті, тракторлар тұрағы, шеберханасы, атқора орналасқан.

«Біздің 5 өрт сөндіру стансамыз бар. Соның бірі осы өндірістік базада тұр. 11 өрт сөн­діру көлігі бар. Оның екеуін биыл алдырдық. Бұған қоса патрулдік көліктер мен әуені бар­лауға арналған тік­ұшақтар мен дронда­рымыз бар. Қысқы уақытта қарда жүруге ың­ғайланған техникаларымыз да баршылық. Жалпы, біздің ұлттық паркте 570 адам қызмет етеді. Олардың басым көпшілігі осы аумақта тұрады. Жатақханада 45 жас орманшы тұрып жатыр. Орманшылардың арасында ата жолын жалғап, әулетімен орманшы болып қыз­мет етіп келе жатқандар бар. Мысалы, менің әкем осы жерде 45 жыл еңбек еткен. Міне, мен де әкемнің жолын жалғап, нәпа­қамды орманды қорғау қыз­метінен ажыратып жүрмін», деді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркі директорының орынбасары Б.Махметов.

Орманшылармен сөйлесу барысында бір мәселеге көз жеткіздік. Ол – мамандардың жетіспейтіндігі. Өйткені елімізде жас түлектердің көбі эколог, орманшы сияқты ма­мандықтарды таңдай бермейді. Бұл мамандықтарды таңдап оқып жүргендердің өзі осы кешенге келіп, аздаған уақыт іс-тәжірибеден өткенімен, тұрақтап жұмыс істеуге қалмайды екен. Оған бір себеп – жалақының мар­дым­сыздығы. Соған қарамас­тан осы өңірде қызмет етіп жүр­гендердің көбінен өз ісіне адал­дығы, табиғатқа қамқорлығы байқалып-ақ тұрды.

Бұдан кейін біз орман ішіне қарай ат басын бұрдық. Ат демек­ші, бұл жерде атты тура мағы­насында қолданып тұрмыз. Өйт­кені инспекторлар журналистерге орман ішіндегі шаруалармен шаршап-шалдықтырмай таныс­тыру үшін өздері барлауға мініп жүрген 20 шақты атты арнайы ерт­теп дайындап қойыпты. Содан іші­мізден 15-іміз атқа қонып, қал­ғаны көлікті қолай көріп, орманды асықпай-аптықпай аралап шықтық.

Орманды аралап жүріп, жабайы жануарлардың азығы қалай дайындалатынын көріп-білдік. Мұны естіп, басында жасыл желекке оранған алқапта жануарлар жем-шөптен тарыға қоймайтын шығар деп ойлағанбыз, бірақ төңіректі қар басып, күн суытқанда арнайы дайындалған азықтың жануарлардың жан бағуына септігі мол екенін түсіндік.

Осы жерде жем-шөп дайындау­мен айналысып жүрген орманшы Қайырбай Балтабаев ұлттық парк­те 1 700-ден аса бұғы бар екенін, азық негізінен соларға арналғанын айтты.

«Жабайы бұғылар үшін қайың­ның жапырақты бұтақтарынан жылына 120 мыңнан аса бума дайындаймыз. Қыстыгүні аптасына екі рет жем-шөп береміз. Жалпы, әр орманшылықта қосымша 700 тонна шөп дайындалады. Бұған қоса 380 кило тұз дайындап қоя­мыз. Қыс ұзаққа созылып, бұл азықтың жетпей қалған кездері болған емес. Осынау жұмыстармен қазір 10-15 инспектор айналысып жүр», деді Қ.Балтабаев.

Орман ішінде келе жатып жан-жағын ағаш қаумалай өскен бір үйге кезіктік. Сөйтсек, мұнда да қорықшы тұрады екен. Өзін Жеңіс Амангелдіұлы деп таныстырған инспектор бұл үйде отбасымен тұрады. Бақылауында 727 гектар жер бар. Күн сайын атына мініп осынша аумақты шарлап шығады. Оқыс жағдай болып қалса, өрт сөндіруге қажетті құралдары да дайын тұр. Орталыққа дереу хабар беретін рациясы төс­қал­тасынан түскен емес. Бізбен әңгі­мелес­кен ол осы өміріне, айлы­ғына қана­ғаттанатынын, бірақ жала­қының көтерілгенін қалай­тынын білдіріп қалды.

Желкілдеп өскен жас желек

Бұл мекендегі ең басты назар­дағы жұмыстың бірі – орманды өрттен сақтау. Жылына шамалы болса да, аздаған гектар жасыл желек өртеніп, тып-тыйпыл болады. Алайда «Бір тал кессең – он тал ек» дегендей, өртенген ағаштар болғанымен, жаңадан егіліп жатқан көшеттердің ауқымы әлдеқайда көп екен. Біз мұндай игі іске орманның шетіне шыққанда куә болдық.

Сөйтсек, орманшылар ағаш егу жұмыстарын да кәдімгідей зор мән беріп атқарады екен. Отырғызылатын жас желектер – осы орманның тұқымы. Алдымен ормандағы қарағайлардан бүршік алынып, арнайы жасақталған тәлім­бақта өсіріледі. Сонда өсіп шыққан көшеттерді жаңа ор­ман­ның орнына отыр­ғызады. Мысалы, биыл 278 түп көшет отырғызылыпты. Жал­пы, осындай 520 мыңнан аса жас қарағай көшеті бой көтеріп, өсіп жатыр. Мамандардың айтуынша, егілген көшеттердің 70%-ы өнімді болып, тіршілікке жарайды екен.

Жалпы, ұлттық парк флорасында қызғалдақ, дөңгелек жапырақты күнбағыс, таза ақ түсті су лалагүлі секілді өсімдіктің 754 түрі, оның ішінде реликті өсімдік­тердің 79 түрі, жойылып бара жатқан өсімдіктердің 21 түрі бар.

Табиғи парктің фаунасында омыртқалы жануарлардың 267 түрі мекендейді. Парк реестріне балықтың – 16, қосмекенділердің – 2, бауырмен жорғалаушылардың – 4, сүтқоректілердің – 48, құстардың 197 түрі енгізілген.

Қазақстанның «Қызыл кіта­бына» сүтқоректілердің 1 түрі – орман сусары және құстардың 14 түрі – аққу, ақкөзді үйрек, тұр­пан, қарақұйрық, қорым, бүр­кіт, аққұйрық, қыран сұңқар, Де­­муазель тырна, сұр тырна, кіш­­­­кентай безгелдек, қарабас шағала, үкі енгізілген. Жақында мем­лекеттік инспекторлар арнайы ша­қы­рылған неміс орнитологімен бірге құстарға санақ жүргізді. Нәти­жесі санақ жұмысы толық аяқ­талғаннан кейін жарияланбақ.