Ақсу ауданындағы асыл тұқымды сиырлардың аянышты жағдайы әлеуметтік желіде біраз дүрбелең туғызды. Нақты айтсақ, Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС тауарлы сүт фермасы басшылығының жанайқайы ел ішінде қызу талқыланды. Осы істің анық-қанығын білу үшін аталған фермаға хабарласып, мән-жайды анықтаған болатынбыз.
Бақсақ, жыл басынан бері әртүрлі себеппен 21 сиыр өлген. Мейлі, ірі шаруа иесі болсаңыз да, асыл тұқымды ірі қараны баптау оңай шаруа емес. Егер дайындық жұмысын дұрыс жоспарлап, жемшөп қоры, қыста мал тұратын жылы қора тез арада дайындалмаса, қалған ашатұяқты жануар қыстан аман шықпауы мүмкін. Шаруашылық жер сипап қалуы ғажап емес. Міне, сол үшін жанұшыра мемлекеттен көмек сұрап отыр.
Шынында, инвестициялық құны 5 млрд теңгеден астам қаржыға бағаланған жобаның әу бастағы идеясы көңілге қонымды-ақ. Даниядан әкелінген «Jersey» асыл тұқымды сиыры жоспар бойынша 2024 жылы 1 300 басқа жетіп, облыстағы сүт өнімін өндіретін зауыттардың қажеттілігін қамтамасыз етуге көп көмегі тимек. Кестеде көрсетілген ақпаратта компанияның материалдық-техникалық базасы кемел. Қызылағаш ауылында мал азығын және жемшөп дайындауға арналған жердің 70 пайызы суландыру жүйесімен жабдықталған. Осыған қарағанда олардың әрқандай ірі инвестициялық жобаны дөңгелетіп әкетуге мүмкіндігі мол. Өкінішке қарай, тақтадағы цифр мен фермадағы сиырдың жағдайы мүлде басқаша.
Ауыл іргесіндегі төбесі көк түсті шатырмен жабылған, айналасының алқам-салқамы шыққан қораны белгілі бірлестіктің асыл тұқымды сиыр фермасы деп айту ұят. Түк таппағандай, ағашпен айналдыра қоршап қойған қораның қабырғасы әлі қаланып бітпеген. Ішінде 300-ден аса бұзау тақыр жерге төгілген азықты жалап жеп жүр.
Ал сауын сиыр қамалған базаны көрген адам асыл тұқымды мал ұстауға арналмағанын бірден байқайды. Осыны көріп-ақ «бірлестік осынау ірі жобаны жүзеге асыруға басында дайын болмаған» деген қорытынды шығаруға болады. Сондай-ақ мамандар даярлау ісіне де көңіл аудармаған. Жарты жылдың ішінде үш басқарушы ауысса, малдың жағдайын қадағалайтын мамандардың өзі көз алдында жүдеп-жадап бара жатқан жануардың жайын ойлап, бірде-бірі дабыл қағып, жұрт назарын аудармаған. Ферманы басқаруға жақында ғана келген Сауат Оразбаев қолдан келгенше ферманы сақтап қалуға тырысып жатыр.
«Қазір бар күшімізбен мал азығын дайындап, қораны жөндеудеміз. Мұнда 226 бас сауын сиыр, 326 бас бұзау бағылуда. «Бұзауларды сатып жатыр» деген артық айтылған сөз. Компанияның мал азығы себілген 462 гектар жүгері және жоңышқа алқабына шалғы түсіп, сүрлем дайындалып жатыр. Сүрлем және жемшөп қорын толықтырып алсақ, қыстан қысылмай шығамыз», дейді С.Оразбаев.
Бір жағынан 5 млрд теңге инвестиция тарту – бір аудан үшін барын салып қолдайтын дүние. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауда инвестиция мәселесін көтеріп, инвесторларға барынша қолдау көрсету керектігін тапсырды. Осыған дейін агрохолдинг пен аудан әкімдігі арасында дұрыс қарым-қатынас болмағаны көрініп тұр. Демек жыл басында шетелден асыл тұқымды сиырлар аудан аумағына жеткізіліп, өсіріле бастағаннан аудан әкімдігі тарапынан қадағалау жұмысы жүргізілуі керек еді. Өйткені бұл жоба аудан экономикасына салым салумен қатар, беделін де өсіре түседі. Өкінішке қарай, бүгінгі нәтиже ауданның беделіне нұқсан келтірді. Тіпті осы көктемде «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС құны 150 млн теңге тұратын техникасын әлдебір қаскөйлер өртеп жіберген. Оның артында қандай зымиян жоспардың тұрғанын білмедік. Міне, бұл іс әлі күнге дейін ашылмаған.
Мәселенің туындауының тағы бір себебі – компанияның есепшотын мамыр айынан бастап Алматы облыстық мемлекеттік кіріс департаменті «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырларға 36 млн теңге салықты төлемеді» деген негізбен бұғаттап тастапты.
Осының салдарынан агрохолдинг мал азығын сатып алуға, жұмыс істейтін 100-ден астам адамның жалақысын төлеуге қаржы таппай қиналған. Бұғатталған есепшотты қайта ашып беру туралы әңгіме аудан, облыс, елордаға дейін жетіп, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының күн тәртібінде де қаралған. Осы екі айдағы сабылыста асыл тұқымды сиырларға азық пен дәрумен дер кезінде берілмей, жұмысшылар жалақыдан қағылып, елді елеңдеткен жағдай туындаған.
«Біз компанияның бұғатталған қаржысын алуына барынша көмектестік. Тиісті мекемелермен мәмілеге келдік. Әсіресе облыс әкімдігінің жан-жақты демеуінің арқасында мәселе шешіліп, қазір жұмысшылардың екі айлық жалақысы толық төленді. Қоражай мен мал азығын дайындау ісі жоспарға сай жүріп жатыр. Қиындық тудырып отырған жанар-жағармай мәселесін де толық шешіп береміз», дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин.
Шындығына келер болсақ, мұндағы 300-ден аса бұзаудың жағдайы алаңдата қоймайтын шығар. Ферманың мал дәрігері Жасұлан Жаманқұловтың айтуынша, бұзауларға туғаннан бері керекті дәрумен мен үш уақыт сүт толық беріліп, арпа мен жемшөптен тарықпапты. Сиыр сауатын арнайы орын дайындалып, ауырған сиырларды бөлектеп, ем-дом жасауда. Алайда керек кезінде азықтан тарығып, ыңыршағы айналған сауын сиырлардың жағдайы мәз емес. Егер де тиісті мекемелер қолдан келер көмегін көрсетіп, мәселені назардан шығармай қадағалап отырса, бар мәселе шешілер еді. Әйтсе де әзірге әкімдіктің тірлігі мимырт, ал қыс болса қыр астында.
Жетісу облысы