«Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ». Бұл сөздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында айтылған ой-тұжырымының өзегі іспетті. Президент маңызды құжатта ел бірлігінің қашанда ең басты құндылық саналғанын, ал қазіргі таңда бұл құндылықтың өзектілігі арта түскенін еске салып өтті.
Ал татулық пен тұрақтылық дейтін ұғымдар күн тәртібінен түспей тұрған, егемендігіміз бен жеріміздің тұтастығын сақтап қалу дейтін міндеттер айрықша мәнге ие болған тұста ұлттық құндылығымыз қандай болу керек?
Ұлттық құндылықтар деген ұғымның аясы өте кең, мағынасы өте терең. Оның үстіне қазір әлемдегі геосаяси ахуал әбден шиеленісіп, алмағайып уақыттың табалдырығымыздан аттағанын көріп отырмыз. Батыстың «демократияландыру» деген желеумен әлемді жайпап бара жатқан либералдық «құндылықтары» етек-жеңімізді қымтап, дәстүрлі діңгегімізден ажырап қалмауымызға мәжбүрлеп отыр. Жасыратын несі бар, қазір заман басқа, заң басқа...
Интернет заманы, жаппай цифрландыру заманы қоғамның бет-бейнесін, бет алысын мүлдем басқаша өзгертіп жатыр. Адамзат баласы ақпараттар тасқынын оқып үлгермейді, игеруден қалды. «Гибридті соғыстың» дәурені келді. Батыс пен Шығыстың арпалысына қараңыз. Жеті айдан асып бара жатқан Ресей мен Украина әскери қақтығысының аяғы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе екен деген қауіптің де ауылы алыс емес... Екі түрлі өркениет бір-бірін қиратпай, бір-бірінің көздерін жоймай тоқтайтын түрі жоқ.
Әлемде қарқынды түрде жүріп жатқан осынау дамылсыз үдеріс елімізді де айналып өтпейтініне көз жетті. Енді ұлт болып, мемлекет болып қам жасамасақ болмайды. Осы орайда жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қуатты елдің ұлттық болмысы» атты өзекті мақала қолыма еріксіз қалам алғызды. Ойлы дүние болғандықтан оқырманмен пікір бөлісуді жөн санадым.
Мемлекетіміздегі басты назарда болуға тиісті ұлттық құндылықтарымыздың іргетасы алдымен биыл маусым айында Ұлытауда өткен тұңғыш Ұлттық құрылтайда айтылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында, кейіннен 1 қыркүйектегі Жолдауында анықталды. Мемлекеттік саясаттың басты бағдары тайға таңба басқандай айшықталды.
Мақала авторының: «Әділетті мемлекет – әділетті қоғам құру іс жүзінде көрініс табатын нақты идея. Бұл идея санаға терең орнығып, өмір сүру философиясының өзегіне айналуы үшін мемлекеттігіміздің іргесін қалаған ежелгі тарихи және мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту басты міндет екенін сезінгеніміз жөн. Осы мақсатта ұлт ұясы Ұлытауда ғасырлар қойнауында сақталған рухты оятып, жаңа кезеңде басты бағдар етіп алдық. Өйткені Алтын Орда парадигмасы негізінде аз ғана уақыт ішінде Еуразия кеңістігінде қоныстанған халықтарды бір арнаға түсірген бірлік пен тұтастық идеясы жатыр», деген ой-пікірі темірқазық идеяның жүгін көтеріп тұр.
Төл тарихымыздың арғы мыңжылдықтарына бармай-ақ осынау Түркі империясының әлемді аузына қаратқан жұлдызды ғасырлары Алтын Орда дәуіріне табан тіресек те тақиямызға тар келмейді. Мақала авторы осы идеяны бірінші орынға шығарған. Әрі кейбіреулер айтып жүргендей «1991 жылға дейін қазақтың дербес, тәуелсіз мемлекеті болған емес, шегенделген шекарасы жоқ еді» дегендердің аузына құм құяды. Осы сөздерді кейінгі жылдары іліп алып, сан-саққа жүгіртіп жүрген Ресей саясаткерлерінің арам пиғылына да тосқауыл болатына көзім жетеді.
Мақаланың ішінде әсіресе ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беру, жастардың бойында отаншылдық қасиет қалыптастыру қажеттігі терең айтылғаны көңіліме сенім ұялатты.
Жауырды жаба тоқудың қажеті не?! Кешегі Қаңтар оқиғасы қазақ қоғамындағы отыз жыл бойы асқынумен келген бітеу жараның бетін ашты. Еліміздің, мемлекетіміздің бар байлығы белгілі бір топтың, бір әулеттің қолында ғана жинақталғаны қандай қайғылы оқиғаларға, нендей апаттарға алып баратынын әлемге көрсетті.
Жастар тәрбиесіне қазірден бастап қам жасамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Көркем мінез бен адамның ішкі мәдениетін дамытуға мән бермесек болмайды. Арзан дүниеге ұмтылу, алдап, арбап мал табу, Батыстың адамды құрдымға алып баратын кейбір «құндылықтарына» көзсіз бас қою жастарды орға жығатынын түсінуіміз керек. Жастарды рухани құлдырауға жетелейтін, астары жоқ арзан дүниелерді насихаттайтын, білім мен ғылымнан алыстатуға ұмтылатын дүниелер мемлекеттік идеология тұрғысынан сараптамадан өтуі керек. Әйтпесе рухани адасудың ауылы алыс емес. Ертең опық жеп қалмайық...
Скандинавия мемлекеттері мен Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердегі мемлекеттік, ұлттық идеология үлгілері ұлттың озық, дәстүрлі құндылықтарын өркендете, дамыта түсетін жол ретінде ұсынылғаны бізді ойландырмай қоймайды. Білімі мен ғылымы, жаңа технологиялары қарыштап дамып кеткен осынау мемлекеттерге шын мәнінде бүкіл әлем көз тігіп отыр.
Ұлтымыз бүгін жол айрығында тұр. Адастырмайтын жолды таңдауымыз керек. Ол жол – ұлттық құндылықтар жолы. Сондықтан да ұлттық болмысымызды тереңдеп талдайтын, ұлттық дамуымыздың ертеңгі бағыттарын біліктілікпен сараптама жасайтын жақсы зерттеу мақалаларды, ел Президенті Жолдауында айқындап берген елдік міндеттерді әсіресе жастар жіті түсінгені жөн. Ал жауапты мемлекеттік қызметкерлердің осынау бағытта өз ой-пікірлерін ортаға салып, қалың қазақ оқырманына ойлы дүниелерін ұсынып отыруын жақсы дәстүр деп санаймын. Өйткені ізденетін, іргелі ұлттар ғана өзінің жарқын болашағына қол жеткізіп, қуатты елдердің қатарына қосыла алады.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
филология ғылымдарының докторы