Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесіп, елдегі өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдауды ұсындым. Біз қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың есепшотына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қағидатына сай келеді деп есептеймін. Аталған шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың болашағына арналады», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихат жұмысындағы, Парламент қызметіндегі өзгерістерге тоқталды.
«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елімізді жаңғыртуды қолға алдық. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі. Бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді», деді ол.
Гүлім Садырбек