Алматыдағы Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейінде аңызға арқау болған айрықша аспап бар. «Қос дүңкілдек» деп аталған көне мұра – осындағы қабырғасындағы бағалы жәдігердің бірі.
Қос шанақтан тұратын соқпалы-шулы аспаптың бітімі құмсағат тәрізді. Емен, қайың, қарағай сынды қатты ағашқа бұзау терісін қаптау арқылы дүниеге келген дүңкілдек – жасалу әдіс-тәсілі жағынан күрделі аспап.
Ерекшелігі сол, қос дүңкілдекті қос қапталдан соққанда күй сазынан «Ескендір» сөзі естіледі. Аңызға сәйкес Иран мен Тұран өлкесін жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын заманында 400 ғалымды жинап, дауысы бірнеше шақырым жерге дейін естілетін аспап ойлап табуды бұйырады. Мұндай аспап жасалып, оған «қос дүңкілдек» деген атау беріледі.
Этнограф, жиһангез-саяхатшы В.Крестовский өз қолжазбаларында қос дүңкілдек туралы балай дейді: «Қос шанағы қазанға ұқсас етіп қыштан құйылған алып аспаптың беті бірнеше еліктің терісімен қапталған. Оны ағаштан жасалған бірнеше ұрғымен дүңкілдете соққанда дауысы мен гуілі өте алысқа жетеді. Аспаптың ерекшелігі сол, оны ойнағанда «Ескендір», «Искандер» деген сөз анық естілетін болған».
Ұлттық аспаптар – халық мәдениетінің тарихы мен тамырынан сыр шертетін рухани мұра. Көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігіне айналып, халықтың дүниетанымынан хабар беретін мұндай бұйымдар жайлы аңыздар аз емес. Әр аспаптың шығу тарихы туралы мәліметтерге үңілсеңіз сол заманның тіршілік арнасына сапарлап қайтқандай әсер аласыз. Олардан шығатын алуан түрлі дыбыстар да дәуірлер дидарына үңілуге шақырады.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің студенті