• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Таным 29 Қыркүйек, 2022

ТІЛ және WORD

585 рет
көрсетілді

Қазіргі заманғы жазу құралы – компьютердегі мәтіндік редакторлар, оның ішінде әлемдегі ең танымал редактор – Microsoft Office Word. Microsoft компаниясының ресми сайтындағы анықтамаға көз жіберсек, Word – Macintosh компьютерлерінде және Windows, DOS ортасында (операциялық жүйесінде) жұмыс істейтін, қазіргі кезде кең таралған, ең қуатты мәтіндік процессорлардың бірі. Құжаттарды теруге, даярлауға, түзетуге, басып шығаруға дайындауға арналған Windows ортасының қолданбалы бағдарламасы.

Мәтіндік редакторды елімізде компьютер техникасы пайда болғалы бері қолданып келеміз. Әйтсе де оның бар мүмкіндігін тіпті 5 пайызға пайдала­нып отырмыз ба?  Әрине, жазамыз, түзе­теміз, мәтінді түрлендіреміз, әріптерді әр­лейміз, интервал, колонтитул дегеннің не екенін білеміз. Бірақ оның сыртында Word-тың өзге де мол мүмкіндік ұсы­нып отырғандығынан хабарсызбыз. Бұл «хабарсыздық» жеке қолданушы тұр­ғысынан ғана емес, жалпы тіл ғылымы, академиялық, мемлекеттік деңгейдегі хабарсыздық. Өйткені еліміз бойынша жүз пайыз қолданыстағы мәтіндік бағдарламаға әлі күнге назар аударып, оны жетілдіруге, дамытуға қадам жасалған емес. Билл Гейтстің дайын бағдарламасын, оның біздің елімізде сатылуы үшін қазақ тіліндегі (әлемдегі 86 тілдің ішінде) жасалған нұсқасын пайдаланғанымызға қанағат етіп келе жатқан жайымыз бар.

Бізге емле керек емес пе?

Орыс тіліндегі Word ондағы мәтін­нің орфографиялық қатесін шиқан­дай қызыл етіп көзіңе көрсетіп береді. Пунктуациялық қатені көк сызықпен, стилистикалық қатені жасылмен сызады. Ал қазақ тіліндегі нұсқасында мұндай мүмкіндік жоқ. Өйткені бағдарлама­ға тіліміздің емлесі енгізілмеген. Қате жазылған, байқамастан қате терілген, емлеге сәйкес келмейтін сөздің дұ­рыс нұсқасын, яғни ресми тіл ғылымы, ака­демиялық ғылым «қазақ тілінің нормасына сай келеді» деп таныған нұсқасын көрсетіп, дұрыс нұсқасын ұсына алмайды. Неліктен?

Себебі қазіргі қолданыстағы Word-та қазақ тілінің орфографиясы мен пунк­туациясы жоқ, тіпті ресми сөздік қоры жасалмаған. Бағдарлама мүмкіндігі бола тұра қате сөзді дұрыс нұсқамен салыстыра алмайды, өйткені сөздік базасы жоқ, неге сүйенерін білмейді. Қазақ тілі компьютер үшін түсініксіз символдардың жиынтығы ғана. Мысалы, Word сырттан, интернеттен келген мәтінді тексеріп шығуға міндетті. Қазақша мәтін жаңадан ашылғанда, оны орыс тілінің орфография­сы тұрғысынан бір тексеріп, қып-қызыл етіп астын сызып, толықтай қате деп таниды да «емле қателерінің шамадан тыс көп болғанына байланысты түзету мүмкін емес» деп қо­лын бір сілтейді. Бағ­дарламаның өте ма­ңызды функциясын қазақ өзіне қажет деп таппаса, тілінің тазалығын, сауаттылы­ғын керек етпесе, Microsoft-қа ол не керек?

Осы себепті бағдарламада қатені ­бір­ден көрсететін қызмет болмағандық­­­­­тан, кез келген қолданушы компьютер­­де мә­тінді терген кезде өзінің сауатты­лық деңгейіне, тілді сезінуіне, әдеби жадына ғана сүйенеді. Сондықтан да сөздерді «құдай аузына қалай салды», солай жазады. Тыныс белгілерін «кө­ңілі түскен жерге» қоя салады. Қазақ тіліндегі кез келген құжатта, қатынас іс қағаздарында, мақалаларда, тіпті әдеби қолжазбалар­да қатеден көп нәрсе жоқ. Тіліміздің электронды жазу құралының қызметінде осындай «қате­түзеткіш» болмаған­дық­тан, оқушылар мен студенттер, тіпті мұғалімдер де сауат­сыз жазады. Көбісі «н» мен «ң»-ды, «ұ» мен «ү»-ні шатастырады. Егер мәтіндік редактор осы қателердің астын қызылмен сызып көрсетіп, қашан түзетпейінше ескертуін «алмай тұрып алса», сол  түзетулер ар­қылы-ақ қазақтілді қолданушының сауат­тылығы артар еді. 

Көп жоқтың қасында тағы бір жоғы­мыз бар, ол – Word-та орфоэпиямыз­­дың бол­мауы. Тіл ғалымдарының қа­жы­мас еңбегінің нәтижесінде 61500 сөзді қам­титын «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөз­дігі» жасалған (2004 ж.). Сөздердің айтылуын, дұрыс дыбысталуын орфо­эпиялық ережелермен реттеген, сөз мә­дениетінің сақталуына қосылған үлкен үлес. Бірақ тиражы татымсыз – 3000 дана, тіпті кітапханаларға жетпейді. Ал бұл қызмет баршаға қолжетімді болу үшін оның электронды нұсқасын басқа тілдердегідей, Word-тың бір функциясы ретінде іске қосуымыз керек. Арнайы символды басқанда сөздің дұрыс дыбысталуын, айтылуын ести алатындай мүмкіндік болуға тиіс. Бұл – тіл үйренушіге ғана емес, актерлерге, дикторларға, ғалым­дардың өзіне, жалпы халыққа қажет дүние.

Word тілді дамыта ма?

Word-тың корректорлық қыз­метінен туындайтын тағы бір құбылыс бар. Мәселен, өз басым интернеттен жүк­те­ген орыс тіліндегі кітаптарды оқығанда, көбінесе санскриттен енген сөздер немесе жаңа терминдерді, атаулар мен шетелдік авторлардың аты-жөні тәрізді орыс тілінің сөздік қорына әлі енбеген сөздерді мәтіндік редактордың қате ре­тінде белгілеп бергенін көргенде үнемі түзетіп отырамын.

Мысалы, дәл қазір ашып отырған кітапта «трансперсональный» және «рандомизированное» сөздері қате ретінде қызылмен сызылып тұр. Бірінші сөздің дұрыс нұсқасын Word оны екіге бөліп «транс персональный» деп көрсетсе, екін­ші сөздің дұрыс нұсқасы мүлдем жоқ дейді. Сол көрсетілген сөздерді, мә­­тін қан-жоса болып тұрмауы үшін тін­туірдің оң жақ түймесімен (батырмасымен) басқанда ашылатын терезелердің ішіндегі «сөздікке қосу» командасы арқылы орыс тілінің Word-тағы сөздігіне қосамын. Өйткені бірінші термин пайда болғалы жарты ғасырдан асты, ал екінші англицизмнің де өмір сүруге хақы бар, «рандомный» сөзі (random – кездейсоқ) көптен бері қолданыста. Енді кітаптың бүкіл мәтініндегі осы сөз­дер бірден «дұрыс» деп танылады. Кейіннен, бағдарламаның жаңартылуы (program update) жүрген кезде, осы сөздер Windows-ты қолданатын барлық компьютерде орыс тілінің сөздігіне қосылады да, бұдан кейінгі мәтіндердің ішіндегі осы сөз ендігі жерде заманауи орыс тілінің бірлігіне айналады.

Ал енді қазақ тіліндегі мәтін Word редакторында осы жолмен өңделетін болса, бәріміз де осылай жасайтын едік қой. Сол арқылы тіліміз жаңа сөздермен толығатын еді. Авторлардың өзіндік стилистикасынан туатын сөздер, неологизмдер, жаңа терминдер, диалект сөздер, жаңа сөзжасамдар өздігінен қосылар еді. Абайдың «зинһар» сөзінен бастап, барлық ақын-жазушының өзіндік сөздері бар. Әсіресе ол ақындарымызда көп, ал Тыныштықбек Әбдікәкім ағамыздың шы­ғармашылығын бұл тұрғыдан алғанда мұндай авторлық сөздердің кені деуімізге болады.

Әрине, бұл жағдайда өзге де мың­да­­ған қолданушының өзіндік сөздері, сөз­­жасамдары  академиялық ғылым әлі де «дұрыс», «қазақ әдеби тілінің ере­желеріне сай келеді» деп танымай жатып, сөздік қорымызға қосыла беретіні анық. Мысалы, таяуда ғана Ресейде «орыс тілінің орфографиялық сөздігі шаурма, тероборона, телеграм-канал, штрафизолятор, антиваксер, бумеры, погуглить, покерфейс тәрізді 149 сөзбен толықты» деп хабарланды. Бұл сөздерді «впечатление» сөзіндей Н.Карамзин тәрізді жазушы ойлап тапқан жоқ, бұлар еңбек, тұрмыс, өмір процесінде пайда болған сөздер. Қазақ тілінде де дәл осындай үрдіс жүріп жатыр. Ал тіл мамандары оларды аршып, керегін алып, керексізін тастап, тілімізге ұдайы мониторинг жасап отыруы керек. Бәлкім, тіл тек ауызекі жолмен ғана емес, терминдер мен неологизмдер жасау арқылы ғана емес, интерактивті жолмен, қазіргі заманауи жазу құралының көмегімен де дамуы керек шығар? Бүгінде сөздік қоры бір миллионға жеткен ағылшын тілі осы жолмен байып отыр.  Сондықтан да ең алдымен Word-қа тіліміздің тезарусын – оның лексикасын толық қамтитын сөздік қорын енгізіп, емлесін іске қосу керек.

Тіл байлығы Word-та бар...

Келесі бір үлкен мәселе – мәтіндік редакторда синонимдер сөздігінің бол­мауы. Word-тың ағылшын, орыс тілдеріндегі нұсқаларында сөзді теріп отырған кез­де оның синонимдерін тінтуірдің оң жақ түймесін басқанда ашылатын функ­циялардың ішінен «синонимдер» терезе­сінде тізіліп тұратын сөздерден таңдап алуға болады. Біз бұл жағынан да таза мақрұмбыз.

Синонимдердің маңызы жөнінде бір ғана мысал келтірейік. «Мәселен, қазақ тілінде бет, жүз, түр, түс, келбет, көрік, өң, ажар, шырай, пішін, кескін, дидар, нұсқа, рең, рай, әлпет, ұсқын, мүсін, нысай, сүрең, сиық, сұрық, тұрпат, бәден, сықпат, әр, порым, пошым, сыңай деген синонимдер бар екен (Ә. Болғанбаев. Қазақ тіліндегі синонимдер сөздігі. 1962 ж. 63-бет). Егер осынша сыңарларының орнына «бет» деген бір ғана сөзді қалдырсақ, тіліміздің қалайша байлығы болмақ? Ондайда көркем сөйлеудің өзі мүмкін бе? «Ұсқыны жаман екен» дегенмен «беті жаман екен» дегеннің әсерлік мәні бірдей ме?» дейді Бексұлтан Нұржекеев ағамыз бір полемикалық мақаласында.

Егер бір ғана «click» – түймені бір басу арқылы оның көз алдында кез келген сөз­дің синонимдері тізіліп тұратын болса,  адам ­ол мәтіннің соңына дейін «бет» деп төпе­лей берер ме? Әлде сөздердің қисын­ды, ­орынды, ретті, үйлесімді, нанымды, дәлелді, рауа, сәйкес синонимдерінің іші­нен біреуін таңдар ма еді? Word мәтіндік редак­торының қазақша нұсқасында, яғни ана тіліміздің заманауи жазу құралын­да осындай функцияның болуы – жазу, сөйлеу тілімізді жадағайланудан сақтап, әр қазақтан шешен жасай алар еді.

Обалы не керек, интернетте интер­активті қазақ тілінің синонимдер сөздігі бар (https://sozdikqor.kz/sinonim), жақсы жұмыс істейді, ыңғайлы-ақ. Бірақ интер­нетке қосылмаған кез келген үйдегі ком­пьютердегі Word редакторында осындай баршаға қолжетімді қызметтің болуы тілі­міздің байлығы үшін баға жетпес құн­дылық болар еді.

Бір қызығы, Word-тың бұрынғы бір нұсқасында (1997 жылғы Word-8 әлде 2000 жылғы Word-9 болу керек) синонимдер қызметі бар болатын. Оның кейінгі нұсқаларда түсіп қалуы өзіміздің тарапымыздан сұраныстың, қажеттіліктің, талаптың болмағандығынан екендігі түсінікті.

Қазақ тілінде қанша сөз бар?

Біреулер сөздік қорымызда 2,5 миллион сөз бар десе, тағы бір ақынымыз теледидардан бір миллион деген санды атайды. Интернетте «600 мың сөзіміз бар, әлемде сөз қорынан үшінші орындамыз» деп көрсетсе, 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі енгізіліпті. Ал  біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінде» 106 мың атаулы сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған екен. 1974-1986 жылдары шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 66 мың 994 атау сөз бар делінген. 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 мың 300 сөз қамтылыпты (Б. Қалиұлы).

Ал егер осы қаптаған цифрларды қас қағымда ретке келтіріп, жүйелеп, «нақ осы күні, Астана уақытымен 12.00 бойын­ша қазақ тілінің қорында осыншама сөз тұр» деп дәл көрсете алатын құрал бар десем, сенер ме едіңіз? Бұл да – Word редакторы. Бірақ ол үшін алдымен біршама еңбектенуге тура келеді: біріншіден электронды сөздік қорымызды құрып алуымыз керек. Ол үшін қолданыстағы сөздіктермен қатар, қазір қолға алынып жатқан Қазақ тілінің ұлттық корпусын пайдалануымызға болады. Тілдің Ұлттық корпусы – интернеттегі тіліміздің жалпы массиві, қанша мың рет қайтала­нып тұрса да саналатын, интернеттегі қазақ­тілді контенттің қуатын айқындай­тын көрсеткіш. Қазір ұлттық корпуста 40 мил­­лионнан астам сөз бар екен. Өте аз көрсеткіш – орыс тілінің корпусында 1,5 миллиард сөз бар.

Word-та мәтіннің статистикасы бар – оқшауланған мәтінде қанша әріп, қанша сөз бар екендігін көрсетіп береді. Біз оның сыртында, Word-тың тілдік базасымен жұмыс істейтін тіліміздің жалпы статистикасын жасап алуымызға болады. Бұл ортаңқол програмистің қолынан-ақ келетін шаруа. Содан кейін Word-қа сол электронды түрдегі сөз базасын енгізіп, «Қайталанып тұрған сөздерді алып тас­тап, әр әріптен басталатын сөздерді әліп­би ретімен тізімдеп, санын көрсет» деп пәрмен берсек жеткілікті. Санаулы секундта дайын болады. «Соңғы 30 күн ішін­де қосылған сөздерді көрсет» деп те команда бере аламыз. Яғни тіліміздің тіршілік тынысын, даму процесін нақты, реалды жағдайда қадағалауға болады.

Әрине, бұл жерде ғалымдарымызға «қолмен» де жұмыс істеуге тура келеді. Мысалы, «алма» сөзі қай жағдайда зат есім (apple), қай жерде етістік (do not take) екендігін бағдарламаға «түсіндіріп», омонимдерді танудың дұрыс алгоритмін жасап беру керек.

Сондықтан да лингвистерге компьютер мамандарымен бірлесіп мықтап жұ­мыс істеуге тура келеді. Тіліміздің статис­ти­­касы жасалса, ғалымдарымыздың жұ­мысы да жеңілдей түсер еді. Бұрында­ры тіл ­мамандары әр сөзге жеке карточ­ка ашып, талдау жасап, оның қолданы­луы­ның ­мы­салдарын кітап, журналдардан іздеп толтырып отыратын. Ендігі жерде сөз­дің электронды нұсқасын алып, оның қол­данылуын Ұлттық корпустан, қала берді Google-ден іздей алады, тіпті бұл процесті автоматтандыруға да болады.

Демек өз тілімізге өзіміз «ие болып», оның сандық, сапалық көрсеткіштерін нақтылап алу, оны реалды онлайн жағ­дайда қадағалап отыру – өз еркіміздегі, өз қолымыздан келетін шаруа, тек кешік­тірмей қолға алсақ болғаны.

Телефондағы тозақ

Word – тіліміздің ресми электронды жазу құралы. Жеке қолданушы, барша халық, мекемелер, ресми органдар мен мектеп-университеттер, оқушы мен ізденуші, мұғалім мен академик, бәрі-бәрі осы мәтіндік редакторды қолданады. Мұнда аталған кемшіліктер – сөздік қор, орфография, синонимдер сөздігінің, орфоэпияның жоқтығына қарамастан, ол үнемі қолданыста. Әрқайсымыз білім деңгейімізге қарай қатесіз жазуға, тілдік мәдениетті сақтауға тырысамыз. Бірақ қазіргі заманауи жағдайда одан өзге, барлық халық, ұлтымыз, жұртымыз тола­йым, тұтасымен қолданатын тағы бір тіл­дік жазу құралымыз бар. Ол – смартфон.

Тіліміздің нақты қолдану деңгейінің, ұлтымыздың сауаттылық деңгейінің бү­гінгі күнгі ең дәл, анық, нақты көрсеткіші – осы смартфондардағы тілдік қатынас. 

Қазіргі ең кең таралған WhatsApp-ты ашып көрсеңіз – қате жазу, қазақ сөздерін орыс әріптерімен теру, тыныс белгілерінің болмауы, сөздердің әдейі бұрмалануы, «нестеватсын» (не істеп жатырсың), «шгаин деватырмго» (шығайын деп жатырмын ғой) сияқты тұрпайы сөзжасамдар, дөрекі, оғаш сөздер, сөздерді айтылуымен жазу, орыс және қазақ сөздерінен қойырт­пақ жасау сияқты лингвистикалық құбы­лыстардың бәрі осында. Ана тілін сыйламау, қор қылу, былғау, барынша қарадүрсін деңгейге түсіру мессенд­жер қолданушыларының басты ұстанымы тәрізді. Сауатсыз жазғанына бұл жерде ешкім ұялмайды, намыстанбайды, ке­рі­сінше емле ережелерін сақтамау сәнге айналған. Бұл жағынан алғанда бүгінгі WhatsApp-ты қазақ тілінің тартып отырған тозағы дерсің.

Бұл жерде WhatsApp пен Facebook-тың немесе смартфон өндірушілердің ешқандай кінәсі жоқ, қайта олардың ха­лыққа ана тілінде байланысуына мүм­кіндік жасап бергеніне рахмет. Мәселе сол мүмкіндікті өзіміздің қалай іске асырып отырғанымызда.

Ал енді тілге төнген бұл қатермен, осы теріс құбылыстармен қалай күресуге болады? Өйткені мессенджердегі сауатсыз­дық тілдің бұзылуына әкеледі, ол біртін­деп қолданбалы тілдің нормасына айналады, тіл ғылымы жеке, қолданыстағы ауызекі тіл өз бетімен жеке кетеді. Оның үстіне, бұл тез жүретін процесс, өйткені WhatsApp-ты халық күн сайын, сәт са­йын қолданады.

Бұл жерде ар-намысқа шақыру, ұялту, өтіну, үгіт-насихат жүрмейді. Смартфон өзінікі, саусақ өзінікі, кім қалай жазса да өз еркі. Демек мәжбүрлік керек. Ол үшін сол, халық күнделікті қолданатын смартфон мен түрлі гаджеттерге арнайы тіл бағдарламасын мемлекет өзі жасап беруі керек. Қазіргі смартфондардағы сөзді теріп отырғанда келесі сөзді ұсы­натын «подсказка» қызметімен қатар, жазылған сөздің қатесін көрсетіп, түзетіп, сол сөздердің дұрыс нұсқасын беріп, сөздердің синонимін ұсынып отыратындай бағдарлама керек. Егер қате сөз түзетілмейтін болса, ол келесі контактқа мүлдем жіберілмейтін, жөнелтілмейтін болсын. Сонда ғана қолданушы жазып отырған мәтініне назар аударады.

Ол «коп кутип калдинба» деп тер­ге­німен, жазу терезесінде оның «көп күтіп қалдың ба?» деген нұсқасы шығып тұрса, оны саусақпен түртіп түзете салу оңай. «Жақсы» сөзінің тұсында тәуір, әжептәуір, керім, келісті, әйбат сөздері шығып тұрса немесе «онша емес» дей салудың орнына сұрықсыз, өңсіз, әрсіз, ұсқынсыз, бәденсіз, көріксіз, реңсіз, кес­кінсіз, сүреңсіз, кейіпсіз, қияпатсыз, репет­сіз, дидарсыз, өң-сұрсыз, сиықсыз, сүре­петсіз деп тізіліп тұрған синонимдерден таңдай алсақ, бәріміз де әдемі, таза, көркем жазуға тырысатын едік. Жазу тү­зелген соң сөйлеу мәдениеті де артады, әйтпесе қазіргі мессенджерлердегі аудио-, бейнехабарламадағы жастардың сөйлеу деңгейін, тілді игеру деңгейін көріп жүрміз – өте төмен.

Мемлекет осындай тіл бағдарлама­сын жасаумен қатар, оны біздің елімізде смартфон, түрлі гаджеттер сатамын деген компанияларға тегін таратып, соны міндетті түрде орнатуға міндеттеуі керек. Олардың қазіргі қолданыстағы мил­лиондаған құрылғыда осы тіл пакетін қондыратын «жаңартылу» жүргізуін қа­дағалау керек. Сонда ғана жағдай тез арада түзеледі, тіпті өзге елдер бізден үлгі алар еді.

Сөздік жасайтын уақыт жетті

Таяуда ел Президенті Microsoft-тың жетекшілерімен кездесіп, бірлесіп тығыз жұмыс істеуге шақырды. Демек олардың біздің еліміздегі жұмысын жан­дандырамыз деген талпынысын пай­далануға тиіспіз. Ғалымдарымыз алды­мен бар-жоғымызды жинақтап, түсінікті, нақты техникалық талаптарын (software specification) құрастырып, өтінішін айтса Microsoft қарсы болмайды, соншалықты қымбатқа да түспеуі керек. Тіпті жоғарыда аталған сөздіктердің барлығын да Word-тың ішіне сыйғызуға болар еді, Windows оған 1 терабайтқа дейін жад ұсына алады.

Әрине, бағдарламаның түпнұсқа коды ашық (open source software) деп са­нал­ғандықтан, өз күшімізбен де «шұ­қ­ылап» бірдеңе істеуге, жетілдіріп кө­ру­ге болар. Бірақ «шымшық сойса да қа­сапшы сойғаны» дұрыс. Оның сыртында Microsoft ұсынатын көптеген ке­ректі бағдарлама бар (Microsoft Excel, Microsoft Access, Microsoft Groove, Microsoft InfoPath, Microsoft OneNote, Microsoft Outlook, Microsoft PowerPoint, Microsoft Publisher), өскелең ұрпақ заманауи сауатты болу үшін оларды да өзімізге икемдеп алғанымыз жөн.

Биыл Microsoft Ресейден кететінін мәлімдеді, яғни ондағы барлық ком­пьютердегі Windows бағдарламасы енді қайта жаңартылмайды. Бағдарлама да тірі ағза тәрізді, дамып, жаңартылып, жетілдіріліп отырмаса, күндердің күнін­де мүлдем ашылмай қалады. Әрине, Word-тан өзге де көптеген тегін мәтіндік редак­тор бар (LibreOffice Writer, WPS Office Writer, Apache OpenOffice Writer, AbiWord, SoftMaker FreeOffice TextMaker тәрізді). Бірақ олар осы бағдарламалар­дың Windows-пен сәйкестігі мәселесін шеше алмаса, кемінде 30 жылда жинақтал­ған электронды жазу тарихынан, мұрағаты­нан, білім мен әдеби-мәдени қорынан айырылып қалуы әбден мүмкін, тіл үшін, жалпы ұлт үшін одан өткен қандай трагедия болмақ?!

Сондықтан да тілімізді дамыту, өркен­дету, жетілдіру жұмыстары бір сәт тоқ­тамауға тиіс. Жаңадан туындаған қиын­­дықтарға қарсы жаңа мүмкіндіктер табуымыз керек.

 

Берік ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ,

Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі,

саясаттану магистрі