• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Қыркүйек, 2022

Ахундар мұрасына адалдық

438 рет
көрсетілді

Сыр бойындағы тым әріден бастау алатын ағартушылық дәстүрі жайлы сөз болғанда ахундар мұрасына соқпай кету әсте мүмкін емес. Жекелеген авторлар қаламына оқта-текте ілініп қалатын бұл тақырып әлі толыққанды зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің ізденісі осы олқылықтың орнын толтыруға жасалған қадам болып тұр. Музей мамандарының жер­гілікті Qyzylorda телеарнасымен бірлесіп, «Құнды жәдігер» жобасы аясында түсірілген хабарлар Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы мен Әлібай ахун Қосқұлақұлының мұрасына арналды.

Ең алдымен ахун дәре­же­сінің салмағына тоқталып өтелік. Ертеден жеткен «қы­рық молданың қасиеті бір мақ­сұм­нан, ал қырық мақсұмның ілімі бір ахунның бойынан табылған» деген сөз діни лауазым иелерінің ағар­ту­шылық саладағы орнын ай­қын­дап тұр. Сыр бо­йын­да­ғы осындай ғұлама­лар­дың бірі 1848 жылы дүние дидарына келіп, 74 жасында өмірден озған Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы.

Қазіргі Сырдария ауда­нын­дағы Шіркейлі ауылы аума­ғында туған ол білімді Хорезмде алады. Кейіннен ауылына 2 мешіт салдырып, заман ағымына орай шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Сыр бойындағы ислам ағартушыларының көр­некті тұлғалардың бірі са­налған ахуннан сирек кез­де­сетін 40-қа жуық кітап қалған. Солардың ішінен музей мамандарының назарына екі кітап ерекше ілініп отыр. Оның алғашқысы «Ахтари-Кабир» сөздігі. Бұл еңбек 1545 жылы Кутахиа қаласында жазылып, арабтың 40 мың сөзі түркі тіліне аударылған. Алғаш рет 1826 жылы Ыстан­бұл­да­ғы бас­па­ха­на­да ба­сыл­ған. Ал ахуннан қалған кітап 1899 жылы Қазан қаласындағы им­пе­раторлық уни­вер­си­теттің типо-ли­тог­ра­фия­­сын­да жарық көріпті.

Екінші кітап «Фатауа Аламгияр» деп аталады. Ша­риғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат жай­лы жинақта хадистер де қамтылған. Еңбектің жарық көруіне Моғол им­пе­риясының пади­ша­хы, атақты Мұхаммед Мұ­хиуддин Аурангзеб Алам­гир зор ықпал жасаған. Өз басқаруындағы мемлекетті кү­шейтіп, мүмкіндігін арт­тыр­­ған қуатты билеуші Ауран­гзеб Аламгир атақты Тәж-Махалды салдырған Жақан Шах пен Мұмтаз Ма­халдың үшінші перзенті.

Тарихи деректерде бұл еңбекті падишах ислам заң­да­рын жетік білетін 500 сарап­шының басын қосып дайындатты деген деректер бар. Бүкіл Моғол империясында сот құқығының негізі болған кітапты кейін Үндістанды отар­лаған ағылшындар «Мұ­хам­медтің заңы» деп атаған.

Бұл кітаптарды Та­пал ахун жергілікті жерде діни-ағарту жұмыстарына пай­даланған.

Ал 1837-1928 жылдар аралығында өмір сүрген Әлібай ахун Қосқұлақұлы Сыр­дағы Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Әуелі ауыл мол­даларынан, кейіннен Ораз ахуннан дәріс алып, Хорезмдегі діни медресені бітіріп келгесін Сарықұмда халықты жиып, мешіт салған.

Ел аузындағы деректерде балаларын оқытқан ахунға риза болған Ноғай деген кісі үш диірмен тарту еткендігі айтылады. Бүгінгі күні қол диір­мен ұрпақтарында сақталса, жел диірмен ахун жерлен­ген қо­рымға жақын жер­дегі бұзылған ме­шіт жанына құрылған.

– Ғұламаның кітап­тары мен­ қол­жаз­­­ба­лары Қар­мақ­шы ауда­нын­да­ғы ахунның қара­шаңырағы болып саналатын Әжмағанбет баласы Абдулғазимнің қолында сақталып тұр. Онға жуық кітаптың арасында жақсы сақталғаны «Мухтасар-уль-уикайа фи масаиль-аль-хидайа». Авторы Бұқара қаласында өмір сүрген атақты ғұлама Убейдуллах ибн Масуд бин Махмуд бин Ахмад аль-Махбуби. Ханафи мәзһабы бойынша мұсылмандардың күнделікті өмір сүру ере­желері баяндалған кітап 49 бөлімнен тұрады. Басқа кітаптар, қолжазбалар әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. Жалпы, Сыр өңірінде 50-ден астам ахун, ишандар өткен. Ендігі міндет – солардың ағартушылық бағыттағы еңбектерін зерттеп, ел арасында наси­хат­тау, – дейді «Құнды жә­дігер» идеясының авторы, облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

 

Қызылорда