• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қыркүйек, 2022

Ұстаздардың ұстанымы анық

680 рет
көрсетілді

Тұрақтылыққа ұмтылған кез келген мемлекет бұрынғы қалыптасқан қағидалар мен ережелерін қайта қарап, қоғамның қажеттілігіне, сұранысына сай әрекет етеді. Осылайша заманауи талаптарға жауап түрінде жаңа саяси мәдениеттің өсуіне, әділеттілік идеясының жоғары үстемдігіне, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына мүмкіндік қалыптастырады.

Бүгінде «Әділетті Қазақстан» идея­сы аясында елімізде қар­қын­ды өзгерістер, атап айтқанда, жас­тар саясатына жаңа бетбұрыс, мемлекеттік басқарудағы ашық­тық қағидатын кеңейту, әр қо­ғам мүшесінің дүниетанымы мен көзқарастарының өзгер­уі, ұрпақтар арасындағы сабақ­тас­тық және құндылықтар жү­йе­сін жаңғырту бағыты білім беру жүйесінің алдына жаңаша міндеттер қойып отыр. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кез­десуінде елдегі білім беру жүйе­сін толықтай өзгертіп, тех­ни­калық кәсіпті игеруге көңіл бө­лу қажеттігін тапсырды. Ру­хани құндылықтарды қалып­тас­­тыруда да мемлекет басшысы amanat партиясы жас­тар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдап, Жаңа Қазақстанның жас­тары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өтті. Бұл – терең білім, ең­бек­қорлық және отаншылдық. Олай болса, ендігі білім беру жүйесі осы үш қасиетті білім алушылар бойына сіңіруге, жаңаша рухты ұрпақ қалыптастыруға ба­ғытталуға тиіс. Осылардың не­гізін қалайтын бірден-бір ұйым мектеп болса, ол мектеп білім алушылар қажеттіліктерін қам­та­масыз етіп, жол сілтейтін ұс­таз­дар қауымынан құралады. Сон­дық­тан ұстаздарға қойылар талап та сұранысқа сай өзгеруі тиіс.

Мемлекет өз тарапынан ұс­таз­дар мәртебесі дәріптеліп, оларға қолайлы жағдай жасап, әл-ауқатының артуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте ұстаздардың табысын, өмір сүру жағдайын және жұмысын жақсарту, педагог кәсібінің ең талантты адамдар үшін тартымдылығын сақтау мемлекеттік білім беру сая­са­тын­ың күн тәртібіне қойылды. Осылайша, мемле­кет­тік деңгейде «Педагог мәр­те­бесін» қолдап, арнайы заң қабылдауы осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Бұл заңда ұстаздардың құқығын қорғау, оқу жүктемесін төмендету және марапаттармен қатар материалдық ынталандыру қарастырылған. Сондай-ақ шамадан тыс қағазбастылыққа тосқауыл қойылды. Педагогтер жүктемесі 18-ден 16 сағатқа тө­­­мен­детілді, жалақысына үс­теме­­ақы қосылып келеді. Бұған қоса, ұлттық тестілеуден ойда­ғыдай өткен және магистр дәре­же­сі бар педагогтердің айлық жалақысы өсті. Педагогика саласына таланттарды тарту үшін жасалған икемді тетіктер өзін ақтай бастады. Қазіргі таңда педагогтердің білім деңгейі жаңа деңгейге көтерілді, магистр ұстаздардың үлесі жалпы пе­дагогтердің 3,8%-ын құрап отыр. 2017 жылмен салыстырған бес жыл ішінде мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы магистр дәрежесіне ие болған педагогтер саны 12 743-ке жетті. Мұның барлығы – педагогтердің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсарта отырып, білім алушылардың білім сапасын арттыру үшін жасалып жатқан іс-шаралар.

Пандемиядан кейін педагогке деген қоғамдық сұраныс та артты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академия­сы жүр­гіз­ген зерт­теулер анықтап отыр­ған­дай, қашықтан оқытуда педагогтерге ата-аналар тарапынан сыйластық пен түсіністік арта түсті, ұстаздық мамандыққа құр­­­мет нығайды. Сонымен қа­тар бұл кезең педагогтерге жаңа технологияны меңгеруге, бі­лім сапасын арттыруда жан-жақты ізденуге, интер­нетті тиім­ді қолдануға және өзін өзі да­­мытуға жол ашты. Нәти­же­­­сін­де жас педагогтер бі­лім бе­­ру­дегі жаңашылдықтарға қол жет­кізіп, сабақты тиімді әрі қы­­зықты өткізудің жолда­рын­ тауып, алдыңғы буынмен өз тәжірибелерін бөлісуге мүм­кіндік алды. Мұндай не­гіз­дер педа­гог­тердің өзара қа­уым­дасуы­на және диалог алаң­да­рын құ­­руға серпін әкелді. Жалпы, қоғам мен мемлекет қарым-қа­ты­насының жаңа жү­йесі қа­­­лыптасуда, соның бірі аза­маттық бастама түрінде педагогтер қауымдастықтары құ­рылуда. Педагогтер қауы­мы­­ның белсенді жұмысы педа­го­ги­ка­лық технологиялар мен па­ра­­дигмаларды да өзгерте бас­тады, олар әлеуметтік, мәдени және кәсіби капиталға айналып келеді. Мұндай динамикалық өзгеріс педагогтердің этикасы мен ағартушылық идеяларын ілгері жылжытуда маңызды.

Қазіргі ұстаз бейнесі өзге­ріске түсіп, оларға артылатын жүк пен қоғам алдындағы жауап­кершілік еселене түсті. Мұ­ға­лім мамандығын таңдайтын жастардың үлесі артып, ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаған түлектер бұл кә­сіптің қыр-сырын меңгермек. Жаңа Қазақстанды құру жолын­да қалыптасатын білікті маман да ертеңгі білім алушы екен­­дігін ескерсек, ұстаз өзінен оза­­тын жаңа ұстазға жолсерік бол­мақ. Алайда озық ойлармен, жаңа тәжірибемен өзара бөлісу мә­де­ниеті арқылы бұл жұмыстың нәтижелі болатыны ақиқат.

Қорытындылай келе, ұлт­тың рухани ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлы 1913 жылы «Қазақ газетінде» жариялаған «Оқу жа­йында» атты мақаласында былай деп жазған: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалу­дың себебі оқудың кем­дігінен екенінен көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші», деген ойы өзектілігін жоймақ емес. Олай болса, Әділетті Қазақстанның кө­се­гесінің көгеруі – білім мен ғы­­лымда болса, оның жаңа­шыл­дығы тікелей ұстаздарға бай­ланысты болмақ.

 

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылым жөніндегі вице-президенті,

саясаттану PhD