• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Қыркүйек, 2022

Салада ілгерілеу бар

195 рет
көрсетілді

Пандемияға байланысты екі жылдай тұралап қалған туризм саласында қазір қарқынды даму байқалады. Ішкі туризмнің негізгі көрсеткіштері кейінгі екі жылдағы статистикамен салыстырғанда биыл көрсеткіш бірнеше есеге жақсарған. Былтыр Қазақстанға келген туристердің саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 6,9 млн адамның қазақ даласына табаны тиген. Бұл – пандемияға дейінгі кезеңнен де жоғары көрсеткіш болып тұр. Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«2022 жылдың бірінші жарты­жылдығында ішкі туристер саны 3,6 млн-ға жетті. Оның ішінде 2,7 млн турист қонақүйлерге жай­ғасса, 300 мың саяхатшы ұлт­тық парктерге барған. Бұл көр­сет­кіш был­тырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 50% жоғары. 2021 жыл­дың ал­ғашқы жартыжылдығында Қазақ­станға 2,4 млн адам келген болатын. Сон­дықтан жыл соңына қарай ішкі туристер саны 8 млн адамға дейін өседі деген болжам бар.

Пандемияға дейінгі кезеңмен салыс­тырсақ, орналастыру орын­дары көрсететін қызмет көле­мі де өскен. 2019 жылдың жар­тыжылдығы бойынша қызмет көлемі 51 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 30%-ға артып, 68 млрд теңге болды. Орналастыру орындарының толуы биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 28,2% болды, бұл – 2019 жылдың көрсеткішінен жоғары (27%). Мұндай қарқынмен жыл соңына дейін көр­сеткіш 32% болады деп болжап отыр­мыз», дейді Д.Рысбеков.

Індет шектеулері алынып тас­­тал­ғандықтан, шетелдік қо­нақ­тардың келуі де бірте-бірте өсіп келеді. Осы жылдың жарты­жылдығының көр­сеткіші был­тырғы жылдың қоры­тындысымен теңесіп, 1,3 млн келушіге жетті. Жыл соңына қарай олардың саны 2,5 млн-ға жетуі мүмкін.

Биылғы 6 айда қонақүй қызме­тін пайдаланған шетелдік турис­тер саны былтырдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 2,5 есеге арт­қан. Мәселен, 2022 жылдың 1 жар­ты­жыл­дығында 292 мың адам қонақ­үйге жайғасса, 2021 жылдың 1 жарты­жылдығында олардың саны 123 мың адам болған еді. Биыл елімізге 700 мың қонақ келеді деп күтілуде.

«eQonaq жүйесінің талдау дерек­теріне сүйенер болсақ, апта сайын Қазақстанға кем дегенде 11 мың шетелдік турист келеді. Орна­ласуы бойынша шетелдіктердің жиі тіркелетін өңірлері: Алматы, Астана және Маңғыстау облысы. Тамыз айының өзінде ақпараттық жүйеде 52 мың шетелдік турист тіркелген. Қазіргі күні eQonaq қамтуы 10 мың орналастыру орнын құрайды. Эпидемиялық ахуа­л мен шекарадан өтуге каран­тиндік шектеу шаралары, қаңтар оқиғасы, сондай-ақ әлемдегі экономикалық және саяси жағдай шиеленіскендіктен сырттан келе­тін туристердің көрсеткіші пан­демияға дейінгі көрсеткішке әлі жеткен жоқ», дейді спикер.

UNWTO болжауынша, халық­аралық туризм 2024 жылға қарай қал­пына келеді. Дегенмен әлемдік туризм ойыншылары агрессивті саясат жүргізіп, шетелдік туристке деген талас күшейіп жатыр.

Биыл 74 елдің азаматтарына визасыз режім қалпына келтірілді. Қосымша Үндістан, Қытай және Иран азаматтарына да визасыз режім қо­сылды. 113 бағыт бойын­ша 28 елмен халықаралық әуе қа­тынасы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ шетелдік турис­тердің жиі келуіне себеп болатын құралдар­дың бірі – халықаралық атаулы іс-шаралар екені белгілі. Мәселен, биыл Астанада әйгілі IRONMAN жарысы ұйым­дас­тырылды. Оған әлемнің 40 елінен 2 мыңнан аса қатысушы келді. Мамандардың есебі бойынша, жарысқа қатысушылардың қонақ­үй жалдау, тамақтану, ойын-сауық бағ­дар­ламалары, кәдесый және тағы басқа шығындарынан ел бюджетіне 1 млрд теңге түскен.

«Туризмге инвестиция тарту жұ­мысы да жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері 20,3 млрд теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. 2022 жылдың соңына дейін қосымша 107,8 млрд теңгеге 87 жоба іске қосылады деп күтілуде. Қонақүй бизнесі туристік саланың негізгі жүйесін құрайды. Сондай-ақ туризм ны­сандары көп­теп жұмыс орындарын ашады. Мәселен, WYNDHAM GARDEN BURABAY жаңа қонақүйі 120 жаңа жұмыс орнын, Абай облы­сындағы Alakol Love демалыс орны 100 адамды жұмыспен қам­тыды», дей­ді Туризм индус­трия­сы комитетінің төрағасы.

1 маусымда өткен Үкімет оты­рысында Мәдениет және спорт минис­трлігіне Neo Nomad 2022 ауқымды акциясын өткізу ұсы­нылған болатын. Жобаның мәні –Қазақстан ішінде ішкі және шетелдік туристердің келуіне ұсы­нылатын 20 локацияның тізі­мін қалыптастыру болатын. Ак­­цияға қа­ты­су үшін турис­тер арнайы суретке түсіп, фото­су­реттерін #neonomad2022 бел­гісімен әлеуметтік желілерде ор­на­лас­тыруы керек болатын. Іс-шара аясында Қазақстанның 20 өңіріндегі танымал локацияларға барған белсенді туристер марапатталады. Қазіргі уа­қытта өңір­лердің туристік локацияларында фотожақтау (фоторамка) орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Жиын соңында Дастан Рыс­беков биылдан бастап жүзеге асырылған ел ішінде балаларға тегін әуе сапарын сыйлайтын Kids Go Free бағдарламасының аралық қорытындысына тоқталып өтті. «Күні бүгінге дейін 1 мыңнан аса бала туристік пакет аясында тегін ұшып-қону мүмкіндігін пайдаланды. Жоба аясында тур­операторлар 320 млн тең­геден аса сомаға туристік өнімді жү­зеге асырды. Қазіргі таңда Kids Go Free бағдарламасы бар турларға сұра­ныс артып жатыр. Жыл соңына дейін кем дегенде 2 мың баланы қамту жос­пар­­ланып отыр», деді Дастан Рыс­беков.