Қазақ әдебиеттануы мен ғылымына қапысыз еңбек еткен ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Серік Қирабаев тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Алматыдағы С.Сейфуллин даңғылы мен Қ.Сәтбаев көшесі тоғысқан тұста орналасқан дәл осы шаңырақта ерен тұлғаның шығармашылықтағы ең бір жемісті жылдары, өмірінің жарқын сәттері өткен еді.
Иә, расымен де бұл үй бір басына сан түрлі санаткерлік дарыған дара тұлғаның отыз жылға жуық өмірі өткен, рухы сіңген киелі шаңырақ. Мемориалды тақтаның ашылу салтанатында академиктің жары белгілі ғалым Әлия Бейсенованың: «Біздің отбасымыз үшін бұл үйдің жөні бөлек еді. Осы үйде тұңғыш баламызды үйлендірдік, ғұмырымыздың жарқын парақтары осы үйде ашылды. Дастарханымыздан қазақтың небір наркескен азаматтары дәм татты. Секеңнің тұстастары үшін де, шәкірттері үшін де бұл үй жайлы төр болатын. Ол кісі қаншама еңбегін көз майын тауысып отырып осы үйдің қабырғасында жазды» деген естелігі сөзімізді қуаттай түседі.
Серағаңның көзін көрген замандастары, ақын-жазушылар, өнер майталмандары мен айтулы ғалымдар бас қосқан мазмұнды шараны Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Мамай Ахетов жүргізді. Алғашқы болып сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов: «Серік Смайылұлы қай жағынан да бәрімізге үлгі болды. Ол кісінің парасат-пайымы, адами болмысы тұтас бір романға татиды. Жүрісі де, тұрысы да, кісілік келбеті де өзіне жарасқан нағыз зиялы адам еді. Төл әдебиетіміздің тұғырын асқақтатты, Алаштықтардың есімін аспандатты. Қазақ деген елдің жүрегінен оның ұшан-теңіз еңбегі, өнегелі істері өшпейді. Серағаңды арман биігіне қанаттандырған Алматыда, өзі тұрған үйде жарқын бейнесі жадырап тұрғаны қандай жақсы», деп ағынан жарылды.
Келесі кезекте сөз тізгінін алған академик Сейіт Қасқабасов Серік Қирабаевтың тұтас бір буынды әдебиеттануға баулығанын, таңдаулы кітаптар, елеулі зерттеулер жазғанын естелігімен дәлелдеп жеткізді.
– Серік Смайылұлы бүкіл қазақ руханиятына әсер еткен тұлға. Қаншама шәкірт тәрбиеледі, қаншама кітап жазды, соның бәрі ұлттың тарихы һәм ұрпақтың болашағы үшін жасалған еңбек. Мен, Серағаңды 1958 жылдан бері білем, қасында жүрдім, тәлімін алдым, кейіннен қанаттаса жүріп ғылым жолында бірге жұмыс істедік. Ол әдебиетке ғана емес, ұлт тарихын түгендеуге де айшықты үлес қосқан адам. Спандияр Көбеев туралы ең алғаш ауқымды еңбек жазып, жазықсыз жапа шеккен Сәкен Сейфуллин туралы да алғаш батыл зерттеу жүргізген, Жүсіпбек Аймауытов туралы қолға бірінші болып қалам ұстаған осы Серағаң болатын. Ол қилы замандардың қыспағында тарихтан алынып тасталған аяулы есімдерді халыққа қайтаруға сүбелі үлес қосып, олардың еңбегін, шығармашылықтағы орнын айқындауға күш жұмсады , – деді Сейіт Қасқабасов.
Белгілі тарихшы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев, баба мұрасын барлап, әдебиеттің ақтаңдақ беттерін толықтыру жұмыстарына белсене араласқан ғалымның тұтас шығармашылық тұлғасын тану бүгінгілер үшін қасиетті борыш екенін айтты.
«Біз мектепте қазақ әдебиеті дейтін шетсіз де шексіз мұхитты Серік ағамыздың оқулығы арқылы таныдық. Мен тарихшы болсам да ол кісіні ұстаз тұтам. Өйткені тарихты әдебиетсіз түсіну мүмкін емес. Жазушылық, көркем шығарма халықтың жаны. Ал соны халыққа жеткізетін әдебиет әлемін зерттеуші ғалымдар. Әдебиеттанудағы ұлы тұлғаларымыз Қ.Жұмалиев, Е.Смайылов, М.Әуезов салған арнаны жалғастырған Серік Смайылұлы бәрімізге өнеге болатын қайраткер», деді Мәмбет Қойгелдиев.
Өз кезегінде микрафон алған Серағаңның қанаттас інісі, қаламгер Мыңбай Рәш, М. Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры Кенжехан Матыжанов, профессор Жанғара Дәдебаев, Абай университетінің ректоры Дархан Біләлов, қоғам қайраткері Серік Сейдуманов кемел ілімнің кеніне үңілген көрнекті ғалымның ұстаздық ұлағаты жайлы жарқын естеліктерін айтып, ғылым қайраткеріне құрмет көрсетіп, ескерткіш тақтаның ашылуына мұрындық болған қала әкімдігіне алғыс білдірді. Әдебиеттің әрін, мазмұн-мәнін Серағаң салған соқпақтан таныдық деген ізбасарлары Қирабаев әлемін зерттеп-зерделеу ісі енді басталатынын тілге тиек етті.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ғасыр ғұмыр ғибратын көрген Серік Смайылұлының саналы ғұмыры Алматыда өткенін, қазақ әдебиеттану ғылымының өркендеуіне қомақты еңбек сіңірген қайраткердің өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі ел жадынан өшпейтінін айта келе, Алматы қаласы жұртшылығының атынан Серағаңның жақындары мен балаларын ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтады.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, тіршілігінде Серағаңның қамқор көңілінен су ішкенін, ғылым ғашығының санадағы шырақты сәулесі жарқырай беретінін айтып, көпшілік алдында ұстазына арнаған өлеңін тебірене оқыды.
Биіктік деген дәл сіздей
болар абызым,
Ақиқат боп жеткен бүгінгі
күнге аңызым.
Өзің сөйлесең көне
қоңырауым күмбірлеп,
Күңіреніп кетер кеудемде
қара қобызым.
Жүрдің сен, аға, Мұхтардай
данышпандармен,
Жүрдің сен, аға, Сәбиттей
арыстандармен.
Ғабиден, Ғабит, Әбділда,
Тайыр, Ғалидай,
Азаттық үшін жанын сап,
алысқандармен.
Сәкеннің сұлу сыр сандығын
аштың жастарға,
Өзің де сөйтіп айналып
кеттің дастанға.
Заманы туып зауалды қуар күн келіп,
Алаштың туын көтеріп
алдың аспанға.
Бекзатым дер ем екі
ғасырда көктеген,
Алдыңнан ешкім қия
көлденең өтпеген.
Сүйегі асыл дейді өзіңдей
жанды қазағым,
Әдебиетте бір өзің бөлек мектеп ең.
Ғибратты ғалым, ұлағатты
ұстаз нұр мүсін,
Найзақарадай шаншылған
көкке шыңбысың.
Арғы-бергіні түгел қопарып
жазатын.
Сыншы болудың көрсеттің
ғажап үлгісін.
Көкірегің толы бабалардан
қалған бір ағын,
Сөз-домбыраның келтіріп
алып бұрауын,
Орайы келсе, Ханға да сөзін өткізер
Осы ғасырдағы өзіңсің Бұқар
жырауым.
Қазақтың аштың шерге де
толы омырауын.
Тәңірім сізге шырқата берсін
өмір-әнін.
Күмбірлей берші, кеудемде
көне домбырам,
Алтын да баулы, күміс те
зерлі қоңырауым!
Ақын жүрегінен шыққан шымыр шумақтар ескерткіш тақта алдына жиналған көпшіліктің көңілін тербеді. Дәл осы күні Алматыда ғалымның жылдық асы беріліп, әруағына құран бағышталды. Тұғырлы тұлғаның есімі тасқа басылған тақтайша ол тұрған үйдің белгісі ғана емес, Серағаңның ел жүрегіндегі екінші өмірінің басталғанын айғақтай түседі.
АЛМАТЫ