• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қазан, 2022

Қайраткердің батыл қадамы

404 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғалар өмірін зерттеп, тарихи әділдік тұрғысынан қарау – бүгінгі тарих ғылымының алдында тұрған келелі іс. Осы орайда архив қойнауында жатқан құжаттар негізінде кезінде солақай саясат салдарынан нақақтан-нақақ жала жабылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған қайраткерлердің өмірін терең зерделеу ісі жалғасып келеді.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен «Жұмабай Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тарихшы-ғалымдар көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметіне әділ баға беруге байланысты ұсыныстарын ортаға салды.

Биыл 1938-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің басшысы болған, Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші, екінші және бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бі­рінші хатшысы болған көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің туға­ны­на 120 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ж.Шаяхметов жеңіс үшін адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру бо­йынша Қазақ КСР басшылығының штабын басқарды. Оның тікелей басшылығымен рес­публикада соғыстан кейінгі жылдарда экономиканы қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ елдің индустриялық, аграрлық, ғылыми-техникалық және рухани іргета­сын қайта құру ісі жанданды. Ұлттық басқару­шы кадрлар легі қалыптасты. Елімізде зауыт-фаб­рикалар, театр, мектеп, кәсіптік және жо­ғары оқу орындары, Қазақ КСР Ғылым ака­демия­сы ашылды. Қазақ студенттері үшін кеңес одағының жетекші жоғары оқу орын­дарына квота бөлінді. 1950-1954 жылдары Жұмабай Шаяхметов КСРО Жоғарғы кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы болып сайла­нады. Ол халықтың мүддесі мен мемле­кет­тің тұтастығы жолында саясат жүргіз­ді. Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіп, бі­лім, ғылым мен мәдениет саласында жоға­ры жетістіктерге қол жетіп, әлеуметтік жобалар жүзеге асты. 1940-50 жылдары кеңес одағының әскери-стратегиялық жобала­рын іске асыруға байланысты Қазақстан­ның ма­ңызы едәуір артты.

Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, академик Рахман Алшанов қазақ халқының болашағы үшін осындай батыл қадамдарға барып, сталиндік кезеңде өте тәуекелді шешімдерге бел шеше кіріскен Ж.Шаяхметовтің өмірі аласапыран заманға тап келгенін атап өтті. «Осынау қиын кезеңде мұғалімдер даярлайтын оқу орнын ашып, қазақ әйелдерінің білім алуына мүмкіндік жасауы ұлтқа деген сүйіспеншіліктен туған қадам. Жұмабай Шаяхметов орталық комитетке «тың және тыңайған жерлерді, иге­ру мал жайылымын жоюға ұшыратады, жер­гілікті қазақ халқының мүддесін бұзуға әкеп соқтырады» деп қарсылық білдірді. Осы кезде тоталитарлық орталық респуб­лика басшылығын түгел­дей ­ауыстыру қа­жеттігі туралы шешім қа­былдады. Жеке ба­­сын қатерге тіге отырып, қазақ даласын­да кә­сіп­орындардың ашылуына ықпал етуі – ел дамуының келешегін ойлаған игі іс. Сондықтан Ж.Шаяхметов есімін дәріп­тей отырып, ұлт жолында атқар­ған игі істе­ріне әділ баға беру – уақыт талабы», деді Р.Алшанов.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов өз баяндамасында тұлғаның елдік ұстанымы туралы айта келіп, «Сталин Шаяхметовті елдің адами, өндірістік және ауылшаруашылық әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Шығыстың қыраны» деп атады. Шаяхметов көреген саясаткер, талантты ұйымдастырушы және білікті басшы бола алды. Мемлекетіміздің тарихындағы ең қиын және қарама-қайшы кезеңдерде республиканы абыроймен басқарған адамның өмір тарихы мен мемлекеттік қызметін болашақ ұрпақтың есінде қалдыру бүгінгі зиялы қауымның міндеті» деді.

«Жұмабай Шаяхметовтің ел үшін ауыр кезеңдерде еңбек етіп, әсіресе қазақ әйел­дерінің білім алуы жолында Қыздар инсти­тутының ашылуына мұрындық болуы, халық­тың ағарту ісіне тереңнен мән беруі тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді зерделеуде қаперге алынуы қажет», деген пікір білдірді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, философия ғылым­дарының докторы Г.Қанай.

Ж.Шаяхметов өз заманының тұлғасы ретінде сол кезеңдегі идеологияға қара­мас­тан, білім, ғылым саласына мән берді. Бү­гінде архивтерде ұлт қайраткерінің тұл­ға­лық, саясаткерлік қырын ашатын құ­жат­­тар жеткілікті. Конференцияда Пре­зи­дент архиві директорының орынбасары Қ.Әлімғази­нов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Құдайбергенов, БҰҰ-ның Женева­дағы бөлімшесі Тіл қызметі­нің бұрын­ғы директоры А.Шаяхметов, тарих ғы­лым­дарының докторы, Әл-Фараби атын­да­­ғы ҚазҰУ профессоры Л.Ахметова, тәуел­сіз зерттеуші Р.Шаяхметов, Мемлекет тари­хы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Т.Әминов, тағы да басқалар қайраткер қызметінің сан қыры туралы баяндама жасады. Осы орайда тарихшы-ғалымдар еліміздің 1940-1950 жылдардағы қоғамдық-саяси және эконо­микалық даму мәселелерін талқылай келіп, Ж.Шаяхметовтің елді жаңғырту жөнін­дегі жобаларды ілгерілету мен республика­ны саяси-экономикалық дағдарыстан шыға­ру­дағы ұйымдастырушылық, басқарушы­лық ізде­ністері хақындағы зерттеулерімен бөлісті.

Жұмабай Шаяхметовтің есімі «Ұлы да­ланың ұлы есімдері» жобасы аясындағы  тарихи қайраткерлер тізіміне енген. Осы орайда конференцияға қатысушылар Қазақстан тарихының кеңестік кезеңі бо­йынша архив құжаттарында республика басшыла­рына қатысты іздестіру жұмыстарын дәйекті жүргізу, теориялық-әдіснамалық тәсілдерін дайындау туралы ұсыныс білдіріп, Жұмабай Шаяхметовтің идеялық мұрасын насихаттау, мемориалдық іс-шаралар сериясын өткізу, мемлекеттік органдарға республиканың жоғары оқу орындарының, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент және Петропавлдағы орталық көшелердің біріне есімін берумен байланысты ұсыныс жасау туралы қарар қабылдады.

 

АЛМАТЫ