Шымкент қаласындағы сегіз оқу орнының студенттері өткен сенбіде шаһардағы Қошқар ата өзенінің жағалауын тазалап, алғашқы болып республикада EcoStudentKZ челленджін бастады. Осылайша, туған жердің экологиялық мәселесіне жанашырлық танытқан шымкенттік жастар эстафетаны Павлодар қаласының жастарына жолдады.
Аталған іс-шара аясында жоғары оқу орнының студенттері демалыс аумағына серуендеп келушілерге экологияны таза ұстаудың маңыздылығы жөнінде насихат жүргізді.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Жастар саясаты бөлімінің басшысы Бекдәулет Тасболаттың айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – жұрт назарын еліміздегі экология мәселесіне аудару. Соның ішінде, әсіресе жастардың бойында туған жердің табиғатына деген жанашырлық сезімін оятып, оны нақты іспен дәлелдеу. Осы челлендж арқылы студенттер қаланың тазалығына көңіл бөлуге, айналаны күтіп ұстауға, қоқыстарды жәшікке сұрыптап салуды үйренуге дағдыланады. Бір айтарлығы, бастаманы жоғары оқу орнының студенттері өз еркімен қолға алған. Бұл да болса, өз Отанының табиғатына, жан-жағын қоршаған ортаға бейжай қарай алмайтын, титтей болсын туып-өскен жерінің гүлденуіне, көркеюіне үлес қосқысы келетін жас ұрпақтың өсіп, жетіліп келе жатқанын көрсетеді.
«Экологияны сақтау, табиғаттың бүлінуіне жол бермеуді әркім өзінен бастауы керек. Әрине, экологияны жақсарту тұрғысында тиісті ереже, заңдар бар. Оны жүзеге асыратын мемлекеттік тиісті орган мен қажетті тетіктер де жеткілікті. Дегенмен елдің әрбір азаматы шын жанашыр болып, экология мәселесін жақсартуға көңіл бөлмесе болмайды. Әр азамат қайда болса да тазалықты сақтап жүрсе және оны айналасындағы таныстарына да үгіттеп насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді. Адамды күштеп міндеттегеннен ешнәрсе өзгермейді. Сауапты іс жасауға адам өзі ұмтылуы керек. Яғни көпқабатты үйінің ауласын таза ұстауға, қоғамдық орындарды ластамауға тұрғындардың өзі бастамашылдық танытуы қажет. Тіпті жолда кетіп бара жатып, қолындағы керек емес затты жерге тастай салмай, ерінбестен қоқыс жәшігіне салуға әдеттену керек. Экосана дегеніміз – міне, осы. Мен өз басым табиғатты сүйемін, оның таза, көрікті болғанын жақсы көремін. Сондықтан осынау челленджді қолдауға бірден келісім беріп, құрбыларыммен бірге өзен айналасында экологиялық іс-шараны өткізуге қуана келдім. Тазалық мәселесіне өзім ғана көңіл бөліп қоймаймын, оған достарымды да, үйдегі бауырларым мен туыстарымды да үйретуге тырысып жүрмін. Өйткені бірдің кесірі мыңға тимеуі керек. Тек өз ішімізден тынып, жан-жағымызға насихаттамасақ, істің нәтижесі болмайды. Өзің ғана жанашыр болып, өзгелер заңдылыққа бағынбаса, одан экология жақсарып кетеді деп айта алмаймын. Сондықтан мұндай бастама қоғам үшін өте қажет», деп санаймын дейді ОҚМПУ студенті Гаухар Тілеу.
Жастардың қолға алған ісіне, әсіресе өзен бойында демалуға келген үлкендер тарапы зор ризашылық білдіруде. Солардың арасында Қошқар ата өзенінің шырақшысы Маратжан Есімбеков те бар. Оның айтуынша, экологиялық жағдайдың түзелуіне соңғы жылдары жергілікті әкімдік айрықша күш жұмсаған. Соның бір айғағы, бүгінгі челленджден бөлек осы аймақта тұрақты тазалық жұмыстарын жүргізіп отыратын «Жасыл ел» жастар жасағының тындырымды іс-әрекеттері. Ал студент таңертеңнен өзен бойын жағалап, ортақ іске жұмыла кіріскен белсенді жас азаматтардың айнала төңіректі айнадай етіп тазалауы қасиетті Қошқар ата өзенінің киесін жалпақ жұртқа таныстырған шырақшы қарияны ерекше сүйсінтті. Осы жастардың көмегінің нәтижесінде өзен айналасы көркейіп, табиғаты сұлуланып келеді. Мәселен, студенттердің қолымен егілген гүлдер бүгінде маңайды әртүрлі түске бояп, келушілердің жанарын өзіне баурап тұрады.
«Жас келсе, іске» демекші, қаладағы бүкіл жас көтерілген бастаманы құлшына қолдаса, бітпейтін іс қалмайды. Қошқар ата өзені демалыс аумағы шаһардағы Дендрологиялық саябақ мекемесіне қарайды. Мұнда жиырмаға жуық адам қызмет істейді. Барлығы да өзеннің қасиетті суынан шипа алу үшін келгендерге жайлы жағдай жасап, сол жолда тер төгіп жүр. Бұрын бұл жер қоқыстың ортасы болатын. Әкімдік тарапынан атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесінде айнала әп-сәтте адам танымастай кейіпке еніп, мегаполистің ең бір әсем де көрікті жеріне, туристер келуге асығатын саялы орынға айналды. Әсіресе жастарға айтар алғысым шексіз. Әр ай сайын өздері белсенділік танытып, осында тазалық акциясы мен сенбіліктер өткізіп тұрады. Енді тағы бір бастама – EcoStudentKZ челленджін қолға алып жатыр екен. Талаптарына нұр жаусын! Мұндай экологиялық іс-шаралар елімізге өте қажет. Сол арқылы қаланың көшелері, демалыс орындары, көпқабатты үйлердің аулалары қоқыстан тазарса, екінші жағынан, бұл – өскелең ұрпақтың санасында азаматтық парыз ұғымын қалыптастыруға, парасаттылық пен жоғары мәдениеттіліктің дәнін себуге жол ашады. Қошқар ата өзенінің расында да шипалық қасиеті бар. Оның құрамында кальций мен магний элементтері көп екендігі анықталған. Осы емдік ерекшелігінің нәтижесінде қалалықтар қысы-жазы өзен суына келіп шомылады. Әсіресе жаз кезінде мұнда адам саны өте көп болады. Ал кальций мен магний элементтері адамның сүйегі мен қан-тамырларының қызметін жақсартуға көп көмегін тигізеді. Сонымен бірге тері аурулары мен қан қысымынан зардап шеккен адамдарға, инсульт пен жүрек талмасына ұшыраған науқастарға берер емдік қасиеті мол. Сондықтан да жастардан бастап қарияларға дейін Қошқар ата өзеніне салқындап, тыныстауға әрі шипалы суынан дертіне дауа іздеп келеді. Қошқар ата өзенінің бұрынғы атауы Мыңбұлақ болған. Өзен айналасын қоршаған кішігірім бұлақтардан бастау алады. Қала жұрты бұл бұлақ көздерінің суын әлі күнге дейін шипа ретінде немесе күнделікті тұрмыстағы ауыз су есебінде пайдаланады. Сондықтан жастардың республика өңірлеріне үлгі көрсеткен эстафеталық тазалық акциясының дәл осы жерден басталуының үлкен мәні бар әрі нағыз құптарлық іс болды. Жалпы, сөзімнің басында айтып өткенімдей, Қошқар ата әулиелі мекен саналады. Сол үшін де мұнда қала тұрмақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер өте көп. Осы ретте шаһардың мәдени демалыс аумағы, сонымен бірге зиярат орны болған өзеннің табиғаты керемет, айналасы тап-таза, гүлдер мен жасыл-желекке оранып тұрғаны маңызды», дейді шырақшы қария.
Челленджді ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл бастама әр апта сайын жалғасып, соның нәтижесінде студент жастар демалыс күндерін қаланың тазалығына жұмсап, экологиясының жақсаруына өз үлесін қосады. Сол себепті аталған акция бір күндік іс-шара болып саналмайды. Аптаның соңындағы әрбір демалыс күндері жалғасын тауып отырады. Алғашқы іс-шара жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен басталса, ендігі тазалық жұмыстарына арнаулы оқу орындарының шәкірттерін жұмылдыру жоспарда бар.
EcoStudentKZ челленджі – студенттердің ерікті түрде өздерінің ықтиярлығымен қолға алынған жоба. Сондықтан оның түрлі бағдарламалар мен жоспарлар аясында жүзеге асатын іс-шараларға ешқандай қатысы жоқ. Бұл жастардың осылайша өз еріктерімен бас қосып, саналы түрде туған елдің табиғатына жанашырлық танытқан сауапты іс-әрекеттерімен құнды.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Осы ретте қандай да бір игі істің жас буын өкілдерінен бастау алғаны мен үшін үлкен мақтаныш. Келешекте бастамамыз баянды болып, біз қолға алған істі ізімізді басып келе жатқан іні-қарындастарымыз іліп әкетер деген үміттеміз. Былтыр экосана тақырыбына байланысты мегаполисте бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылды. EcoStudentKZ челленджін экология мәселесіне арналған биылғы акциялардың ең ауқымдысы десе болады. Жоспарға сай алдағы уақытта экосенбіліктерді өткізудің тәртібіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – жастардың белсенділігін арттыру, жұмыстарды жүйелеу әрі тазалық акцияларының тиімділігін арттыру», дейді Жастар ресурстық орталығының өкілі Ұлжан Төлен.
ШЫМКЕНТ