Тұрғындардың бәріне бірдей тең құқық, тең мүмкіндік қарастырылған ізгі қоғамның бір үлгісі өмір сүруге икемді инфрақұрылымынан көрінеді. Осындай игілікке қарай қадамдап жылжып келе жатқан елімізде мүгедектігі бар адамдардың мүдірмей жүріп-тұруына мүмкіндік жасап жүрген инватакси қызметінің шарапаты мол. Жақсыға тез үйренуге болмысы бейім жұртымыздың ендігі тілегі – осы көлік түрі көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі кезде Қазақстанда 705 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Өкінішке қарай, оның барлығы инватакси қызметіне түгел қол жеткізе алмай отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ел қатарлы күнделікті тіршілікке белсене араласуына үлкен қолғабыс етіп жүрген осынау көлік түріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп келеді. Оның үстіне бұл инватакси жаңа оқу маусымы басталғалы біраз баланың да қатарынан қалмай, сабағына уақтылы үлгеріп баруына септігін тигізді. Бірақ барлық қамкөңіл баланың қажетіне толық жарауға қызмет түрінің қауқары жетіңкіремей тұрғаны рас. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дегендей, Балалар жылында басшылыққа алатын мәселенің бірі ретінде осы қамқор көліктің қатарын арттыру қаперсіз қалмаса екен.
Жалпы, инватакси қызметі елімізде 2010 жылдан бастап кресло-арбаның және жеке көмекшінің қызметін қажетсінетін, жүріп-тұруы қиын бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде енгізілді. Содан бері инватакси қажеттігін жергілікті атқарушы органдар тұрақты негізде айқындап отырады. Сонымен қатар әкімдіктердің шешімімен жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, инватакси қызметін алушылар санаттарының тізімі кеңейтілуі мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Оспановтың бізге берген ақпаратынша, бүгінде ел аумағында 122 инватакси қызметі жұмыс істейді. Биыл арнаулы заңнамаға түзету енгізіліп, таксопарктерге әрбір он таксидің біреуі мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделуі керек деген талап қойылды. Осылайша, таксопарктердің барлық автомобилінің 10%-ы мүгедектігі бар адамдардың қажетіне жарауға тиіс. Бұл норма 2023 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.
– Инватакси қызметінің жұмысын ұйымдастыру әкімдіктермен бірге елдің барлық өңірінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Инватакси қызметі бірінші кезекте жұмыс істейтін және оқитын мүгедектігі бар адамдарға жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес ұсынылады. Басқа ниет білдірген адамдарға бұл қызмет олардың өтініш беру тәртібімен ұсынылады. Бұл қызмет инватаксиі бар үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылады және жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. 2021 жылы қаржыландыру 2,2 млрд теңгені құраса, биыл 2,4 млрд теңге бөлініп отыр. Қағидаларға сәйкес инватакси қызметін алу үшін мүгедектігі бар адам осы қызметті көрсететін ұйымға мынадай құжаттарды ұсынуы қажет: өтініш (еркін нысанда); жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 035-1/е нысан бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы; мүгедектігі бар туралы анықтаманың көшірмесі, – дейді Е.Оспанов.
Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, мүгедектігі бар адамдарды такси қызметімен қамтамасыз ету тетігін жетілдіру үшін Парламент Сенатының депутаттары бұл қызметті «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның қолданысынан шығарып, әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыруды ұсынды. Бұған қоса осы жаңалықтарға сәйкес бәсекелестік орта нормаларының сақталуын қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Яғни осы қызмет түрін көрсетуге барлық такси қызметін ұсынушы ұйымдар тартылады. Бұл ретте инватакси қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы іске асыру жөніндегі жаңалықтар мүдделі мемлекеттік органдармен, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен, сарапшылармен және мүгедектігі бар адамдардың өздерімен бірлесіп қаралады.
Бүгінгі таңда инватакси қызметі жолға қойылған, тұрғындары игілігін көріп жүрген өңірдің бірі – Астана қаласы. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік жобалар және объектілердің қолжетімділігі бөлімінің басшысы Зарина Тоқтабекованың айтуынша, қазір елордада бұл қызметті 68 автокөлік көрсетіп жүр. Оның екеуі арнаулы көліктер болса, 46-сы – жеңіл көлік.
– Астанада инватакси 1 769 адамға қызмет көрсетіп жүр. Бұл үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 363,8 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 18 жастан асқан, кресло-арбамен қозғалатын 721 адамды 6 көлік тасымалдайды. Көру қабілеті бұзылған 385 адамға 16 көлік қызмет етеді. Сондай-ақ кресло-арбамен қозғалатын кәмелет жасына толмаған 129 балаға 6 көлік бөлінген. Ал жалпы мүгедектігі бар 534 баланың жүріп-тұруына 40 көлік арналған. Бұл көліктердің саны жыл сайын артып жатқанын да айта кету керек. Мысалы, бұрнағы жылы қаламызда 43 инватакси болса, былтыр оның қатары 50-ге, ал биыл 68-ге көбейді. Бірақ кресло-арбаларды көтергіш құрылғымен жабдықталған арнаулы көліктерді көбейту қажеттілігі бар, – деді З.Тоқтабекова.
Елордадағы инватакси көлігін жүргізіп жүрген маманның бірі – Самат Игесинов. Ол қала халқының саны артқан сайын инватаксиге сұраныстың көбейгенін, сәйкесінше жүктемелері де артқанын атап өтті.
– Инватакси көліктерін жүргізіп жүргеніме 5 жылдан асты. Бұл жұмысқа әбден үйреніп кеттім. Бұдан басқа жұмыстарды қоса атқаруға үлгермеймін. Өйткені уақытымыз тығыз. Айына 200 мың теңгенің шамасында жалақы аламын, осыған қанағат. Күніне бір қызметкерге орташа есеппен 12-15 тапсырыс жүктеледі. Сағатына бір тапсырысты орындаймын. Күнделікті маршрутымыз бір күн бұрын арнайы кесте түзіліп, бекітіліп қояды. Әсіресе балаларды мектеп, балабақша, бассейн, оңалту орталықтары сияқты орындарға тасымалдаймыз. Кейде кешкі уақытта мүмкіндігі шектеулі клиенттерді әуежайларға, темір жол вокзалдарына шығарып салып, күтіп аламыз. Мұндай жандарға қызмет көрсетіп қана қоймай, ерекше көңіл бөле білу де керек. Анда-санда ата-аналар тарапынан реніш, қынжылыстар болып жатады, бірақ оның бәріне кеңінен қараймыз. Астананың халқы көбейген сайын инватаксиге деген сұраныстың артып жатқаны байқалады, – дейді С.Игесинов.
Ал мүгедектігі бар екі бала өсіріп отырған Айнұр Қадірбекова инватакси қызметін көрсетушілерге зор алғысын білдіріп, осы жақсылықтың еселене түскенін қалайтынын білдірді.
– Инватакси қызметін 2017 жылдан бері пайдаланып келемін. Ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға жасалған осындай жағдай үшін ризашылығымды білдіремін. Өзім бұл қызметті көпке дейін білмей келдім, дәлірегі аса мән бермеген болуым керек. Оған дейін мүмкіндігі шектеулі екі бірдей баламды қоғамдық көліктермен тасымалдайтын едім. Бұл өте үлкен қолайсыздық туғызатын. Содан соң ізденіп, ХҚО арқылы осындай қызметке жүгінуге болатынын білдім. Қазір игілігін көріп жүрміз. Ұл мен қызым тете өсіп келеді, олардың жасы – 14 және 13-те. Балаларды негізінен күн сайын мектебіне, кейде оңалту орталықтарына апарып тұрамыз. Осы орайда бізге уақыт тауып, инватаксиді жүйелі түрде жіберіп отыратын диспетчер Гүлмираға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Өйткені қалада өздігінен жүріп-тұра алмайтын бала көп. Оның бәріне бірдей үлгеріп, қызмет көрсету оңай емес. Білуімше, елордада 800-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ал инватаксидің саны 40-тан сәл асады. Сондықтан бұл көліктің санын одан сайын арттыра түссе екен деген тілек бар. Бұл осындай бала тәрбиелеп отырған барлық ата-ананың тілегі деп ойлаймын, – дейді А.Қадірбекова.
Қамқор ел болуға ұмтылатын елімізде жасалып жатқан осындай қадамдар дамуымызды ілгерілетіп, ізгілікке жетелей түседі. Түптеп келгенде, қоғамда әділет салтанат құрса, қайырымды қала қағидаттары негіз болып қаланса, ел бірлігі бекіп, берекеміз арта түсетіні анық.