Бір қарағанда, Қазақстан сияқты аграрлы елде азық-түлік тапшылығының байқалуы мен ауыл шаруашылығы өндірісі өнімдерінің қымбаттауы ақылға сыймайтындай көрінеді. Алайда қазір ішкі нарықты қымбатшылық жайлағаны жасырын емес. Қазір басқа азық-түлікті былай қойғанда, сұранысқа ие ұн бағасы да жиі құбылып отыр. Мысалға, өткен айдағы дерек бойынша елдегі бидайдың құны 40 пайызға дейін көтерілген. Соның салдарынан нан және нан өнімдерінің өзіндік құны шарықтай бастады.
Әрине, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасының тұрақсыздығына әлемдік оқиғалардың шиеленісуі де әсер етіп жатыр. Әсіресе көрші Ресей мен батыс елдері арасындағы әскери және экономикалық текетірес дүние жүзінің сауда нарығына кері ықпалын тигізуде. Бұдан экспортқа иек артқан дамушы елдер зардап шегіп отыр. Соның бір көрінісін астық нарығынан байқауға болады. Бұл жерде тек нан және нан өнімдерінің өндірісі қиналып отырған жоқ, ауыл шаруашылығының бірнеше саласы тұралаудың аз-ақ алдында тұр екен. Мәселен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағымданған отандық өндірісшілер бидай бағасының 40 пайызға дейін күрт өсуінен елдегі наубайханалар ғана емес, құс шаруашылығы да зиян шегіп отырғанын айтуда. Бұларға сүт фермасын ашып, ет пен сүт дайындап отырған шаруалар да қосылып жатыр.
– Құс фабрикаларының иелері қазір үлкен мәселе көтеріп отыр. Өйткені бидайдың бағасы осыдан 2 апта бұрын 120 теңге болса, бүгінде 180 теңгеге өсіп кетті. Бұл проблема біздің кәсіпкерлерді қатты алаңдатуда. Ресей 15 наурыздан бастап қант пен астық экспортына тыйым салды. Шектеу бірнеше айға жалғасады. Мұндай шұғыл шешімнен еліміздің наубайханашылары шикізат тапшылығына ұшырады. Егер біз шешім қабылдап, экспорт мәселесін уақытша жауып, шектейтін болсақ, ішкі нарықта баға түседі. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдеріне астық жеткізіп отыр. Бірақ дәл қазіргі жағдайда оған квота енгізу немесе түбегейлі тыйым салу қажет, – дейді «Атамекен» ұлттық палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов.
Алайда бұл елдегі астық өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мен азық-түлік тапшылығының алдын алатын жол емес. Мәселені әріден қозғап, нақты жұмыс істелмей ілгері басуымыз қиын. Мұны күні кеше Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, тұқым шаруашылығына арналған жиынға қатысқан сенатор Ақылбек Күрішбаев айтты.
– Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының жоғары болуы делдалдардың көптігінен ғана емес, сонымен бірге өнімдердің өзіндік құнының жоғары болуына да байланысты. Табиғи-климаттық жағдайлары бірдей елдерге қарағанда Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі әлдеқайда төмен. Біздегі өнімділігі жоғары және құрғақшылыққа төзімді сорттар мен будандардың жетіспеушілігі – осының басты себебі деп санаймын, – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев.
Алматы облысының Іргелі ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен кездесу барысында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар еліміздегі селекция мен тұқым шаруашылығын жедел дамыту үшін қандай шаралар қолдану керектігін де талқылады. Сарапшылар шетелдік үздік селекциялық жаңалықтарды трансферттеу және бейімдеуге байланысты еліміздің солтүстігінде – Бараев атындағы астық шаруашылығының ҒӨО базасында және оңтүстігінде – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында қазіргі заманғы және молекулярлық биология әдістері негізінде отандық сорттар мен будан шығаратын екі селекциялық орталықты жедел түрде құруды ұсынды.
Жиында еліміздің тұқым шаруашылығы тығырыққа тіреліп тұрғаны да айтылды. Ғалым, сенатор Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қолданыстағы сорттық тұқымдардың 60 пайызы, ал бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарының 100 пайызы шетелден, көбінесе Ресейден әкелінеді екен. Сәйкесінше, бұл елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай.
– Санкциялық текетірестің қазіргі жағдайында әріптестеріміз сұрыптық тұқым экспортын тоқтататын болса, онда Қазақстанның ауыл шаруашылығы сапалы тұқым материалынсыз қалуы мүмкін. Отандық тұқым шаруашылығында қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы – қазіргі заманғы селекциялық орталық құру. Жоғары өнімді және құрғақшылыққа төзімді, жергілікті ауа райына бейімделген өзіміздің сорттармен ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тұрақтылық пен өнімділікті арттыруда айтарлықтай серпіліс жасай аламыз. Отандық ғалымдар шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, Үкімет тарапынан тиісті мемлекеттік қолдауды талап ететін селекциялық орталықтар құру бағдарламасын әзірлеуге дайын, – деді жиындағы сөзінде Сенат депутаты.
Алматы облысы