Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыру, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту шаралары туралы пікір алмасты. Кездесуде медициналық нысандар құрылысын салу, дәрігерлерге әлеуметтік көмек көрсету мен қауіпті ауруларды ерте анықтап, алдын алу мәселелері де сөз болды.
Облыс әкімімен бірге 320 төсектік облыстық перинаталдық орталығына барған министрге орталықтың бас дәрігері Олег Ким жыл басынан бері ана мен бала саулығын сақтау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Мұнда жылына орта есеппен 11 мыңға жуық ана босанады. Ана мен балаға медициналық көмек сапасын жақсарту үшін дәрігерлерді қосымша оқытып, орталық қажетті невролог, кардиолог, офтальмологтер даярлау жолға қойылған. Өткен жылы орталықта 12 349 нәресте дүниеге келсе, биыл 8 айда 7 480 бала туған.
Министр мерзімінен ерте босанған әйелдермен тілдесіп, анестезиология-реаниматология және қарқынды терапия бөлімшесі жұмысымен танысты, тиісті тапсырмалар берді.
– Біз үшін басым бағыттардың бірі – ана мен баланы қорғау болып қала береді. Мемлекет басшысысы бастамашы болған Балалар жылында министрлік балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда. Осының нәтижесінде жүкті әйелдерді босануға дейінгі бақылау аясы 80 пайызға артады, – деді министр.
Облыстық жедел жәрдем стансасына келген министр сала жұмысымен танысып, ауылдық жерде жедел көмекке көп көңіл бөлу керектігін атап өтті. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрамында 13 бөлімше және медициналық авиация бөлімшесі мен оперативті бөлім жұмыс істейді. Жыл басынан бері былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шақыртулар 5,9 пайызға артып отыр. Министр қызметті орталықтандырудың соңы шалғай елді мекендер тұрғындарының көмексіз қалмауына соқтырмау керегін тағы атап өтті. Мамандар тек шұғыл жағдайларда емес басқа да нозологиялар бойынша білім деңгейлерін көтеріп отыруы қажет, дейді.
«Достық үйiнде» өткен халықпен кездесуде министр денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағытын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында көп бейінді аудандық орталық ауруханалар ұйымдастырылады, олардың базасында инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі ашылады.
Жиын барысында министр мүгедек азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігі, жедел жәрдемнің жету уақыты, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлар даярлауға қатысты көптеген сұраққа жауап берді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі биыл елімізде медициналық жоғары оқу орындарын бітіретін 2 692 түлектің 104-і Қызылорда облысында жұмыс істейтінін хабарлады.
– Ауылға жұмысқа келген жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары аясында облыста 25 маман көтерме жәрдемақы алды, біреуі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Тағы бір маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Салада жетістіктермен қатар, бәріміз бірігіп шешетін міндеттер көп, – деді Ажар Ғиният.
Қызылорда