• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қазан, 2022

Тараз – қолөнершілер шаһары

814 рет
көрсетілді

Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз шаһары дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне еніп отыр. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай мәртебені алуы – заңдылық.

Қала қолөнершілерінің туын­ды­лары жаһандық деңгейде мо­йын­­далуына орай Таразда «Тараз – қол­өнершілер қаласы» атты халық­ара­лық көрме ұйымдастырылды. «Кө­не Тараз» этномәдени кешенінде өт­кізілген халықаралық көрмеде әрісі Нидерланд, Үндістан, Түркия, бе­рісі Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қыр­ғыз Республикасынан келген қол­өнер шеберлері өздерінің үздік бұ­йымдарын ұсынып, жергілікті жұрт­шылықтың қызығушылығын ту­дырды. Іс-шараға келген тараз­дық­­тар алыс-шақын шет мемле­кет­тер­ден келген мәртебелі мей­ман­­дар­дың бұйымдарын тамашалап қа­на қоймай, сатып алып та жатты. Бұл шын өнерге көрсетілген құрмет еді.

«Тараз 2000 жылдан астам тарихы бар байырғы шаһар екені баршаға мәлім. Тарихының тамыры мыңжылдықтармен астас­қан көне қала бүгінде уақыт ағы­мына сай тотыдай түрленіп, өрке­ниет көші­не ілесіп келеді. Біз өзде­ріңізбен осын­дай мерейлі сәтте қауыш­қа­­ны­мызға бек қуаныштымыз. Облыс орталығының дүниежүзілік қол­өнер­шілер қаласы тізіміне енуі – біз үшін зор мәртебе. Барлық­тарыңызға абырой, табыс тілей­мін», деді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов іс-шараға келген мәр­тебелі меймандармен кездесу барысында.

Жаһандық деңгейде танылған шеберлердің бұйымдары мен сән­дік орамалдары, басқа да тамаша туындылары кімді де болсын қызықтырмай қоймасы анық. Айта­лық, қызғалдақтар елі атанып кеткен Нидерландтан келген қолөнер шеберлері ұсынған ерлер және әйелдер сөмкесі 130 мың теңгеге саудаланса, түркістандық Дәурен Міншариповтің жасаған қобызы­ның құны 450 мың теңге екен. Ал көрмеге қойылған тауарлардың ең қым­батының құны 650 мың тең­геге дейін жетеді. Әлбетте, мұнда қо­йылған шағын бұйымдардың бір­қатарының бағасы қолжетімді еке­нін де айта кеткен жөн.

Сәнді бұйымдарға қызыға қара­ған кейбір азаматтар қымбат заттарды ойланбай сатып алып жатты. Бұл, бәлкім, қолөнер шеберлері еңбегінің халық тарапынан баға­ланғаны шығар. Керек деректерге зер салсақ, дүниежүзілік қол­өнер­шілер кеңесі 1964 жылы Бельгия елін­де ресми түрде тір­кел­ген көрі­неді. 60 жылға жете­ғабыл уақыт­та халықаралық ұйым әлем­­нің 59 қаласын қол­өнер­шілер ша­һары ретінде мойындаса, Тараз қа­ласы бұл тізімге алпысыншы болып еніп отырған жайы бар. 

«Таразымызды енді әлем білетін Әулиеата десек те болады. Жаһан­дық кеңестің көне қаламызды тізімге қосуы – біз үшін зор мақтаныш. Көршілес Өзбекстан елінен төрт, Қырғыз Республикасынан бір қала кеңес құрамына енсе, Қазақстан тарапынан кие дарып, құт қонған Тараздың сол қатарға қосылғаны қуантады», дейді көрме туралы пікірімен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Іс-шараға арнайы ат басын бұр­­ған Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Туризм және индус­трия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Тараз­дың дүниежүзілік кеңес тарапы­нан мо­йындалуын ел үшін толайым ­табыс деп есептейді. «Көне Таразды дүниежүзілік қолөнер шеберлері қаласы атануымен құттықтаймын. Түсіне білгенге бұл толайым табыс, зор жетістік. Енді тараздық қол­өнер шеберлері халықаралық деңгей­дегі майталман мамандармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Сол тұрғыдан алып қарағанда бұл елі­міз үшін де зор мақтаныш», дейді ол.

 

ТАРАЗ