• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 06 Қазан, 2022

Корей театрының торқалы тойы

468 рет
көрсетілді

1932 жылы Кеңес өкіметінің қаулысымен Владивостокта Қиыр Шығыс өлкелік корей театры болып іргесі қаланған Алматыдағы Республикалық Мемлекеттік академиялық корей театры 90 жылдық мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті. Клуб үйірмелерінің негізінде құрылған сол театр қазақ жерінде уығын қадап, торқалы тоқсан жасына дейін түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, есігіне қара құлып салған кезі жоқ, бір күн де еңсесін түсірмей, ертеңгі күнінің жарқын беттерін жасампаз еңбегімен жазып келеді.

Ғасырға жуық жөңкілген уақыттың сексен бес жылы жан-жүрегін айқара ашып, бауырына басқан қазақ еліне тиесілі. Құрылған күнінен бастап корей халқының өмірімен тығыз байланысты тіршілік кешіп келе жатқан ­театр Қазақстанда өмір сүретін бар­лық корейлердің басын қосып, тілі мен ділін ұмыттырмай, өнері мен дәстүрін ұйыстыратын ірі орталық ретінде Ота­ны­мыздың көпұлтты мәдениетінің бө­лінбес бір бөлшегіне айналып кеткен.

Республикадағы ең озық шығарма­шылық ұжымдардың ортасында өз орны бар Мемлекеттік академиялық корей музыкалық театрының салтанат­ты жиыны үш тілде – қазақ, корей және орыс тілдерінде жүргізілгені, әсі­ресе жүргізушілер мен шақырылған қонақ­тардың қазақ және корей тілдеріне ба­сым­дық бере сөйлегені театрдың мем­ле­кеттік тіл саясатын дамытуға нем­құрайды қарамайтынын, қазақ тілін шынайы қадір тұтатынын байқатады. Театр әртістері­нің дені мемлекеттік тілді еркін меңгер­ген, ал жүргізуші Сергейдің тілі тіпті жатық. Театрды мерейтойымен құттықтап келген қонақтар да ақ тілегін мүмкіндігінше қазақ тілінде ақтарып, корей мен қазақ елінің туыстығын осы өрістен тауып, тарқатып жатты.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев театрдың торқа­лы тоқсан жылдық тойына тарту ретінде бірқатар әртістер мен қызметкерлер­ді төс­белгімен марапаттады. Мәдениет сала­сының дамуына ерекше үлес қосқан еңбегі үшін «Мәдениет саласының үз­дігі» төсбелгісімен Сергей Ким, ал құр­мет гра­матосымен PhD, халық­аралық бай­қаулардың лауреаты Анна Цой, Ро­ман Цой, Анастасия Цой, Super star KZ бай­қауының қаты­­сушысы, I m singer Kazakstan бай­қауының жеңімпазы Роман Ким, театр­дың жетекші әртісі Наталья Ли марапат­талса, министрліктің Алғыс хаты театр­дың бас балетмейстері Лариса Ким, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген әртісі Зоя Ким, театр әртістері Еңлік Әшімова, Кон­­­стан­тин Пак, Евгения Юнға тапсырылды.

Алматы қалалық мәдениет басқар­масының өкілі Мақсат Жайықов, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Секретариаты этносаралық қатынастарды дамыту бө­лі­мінің және Алматы қаласы Қо­ғам­дық даму басқармасының басшы­сы Назар Балғымбаев құттықтап, Қазақ­стан мә­де­ниетін байытып, өнерін түр­лен­діру жолында өлшеусіз еңбек сіңі­ріп келе жат­қан Корей театрының осы са­ла­дағы жа­ңашылдық пен заманауи ізде­ніс жо­­лындағы мақсатын жан-жақ­ты атап өтті. Қазақстандағы корей қауым­дас­тығының төрағасы Юрий Шин театр әртістері Ангелина Югай мен Бақ­тияр­ Разиевке Ким Дин атындағы сый­ақы­ны табыс­тады. Сондай-ақ салтанатты жиын­ға Корея Республикасының Қазақ­стан Республикасындағы Бас кон­су­лы­ Пак Нэ Чхон арнайы келіп қа­тысты. «Қа­зақстандағы Корей мемле­кет­тік ака­демиялық драма театры тари­хи отаны­нан жырақта өмір сүретін ко­рей­лердің тілін, тарихын, дәстүрін сақ­тау жолында ауқым­ды іс атқарып отыр­ған күллі әлем­дегі бірегей маңызы бар театр. Тоқ­сан жылдық тарихында театр өз елі­нің, алыс-жақын посткеңес­тік­ елдердің көрер­мен­деріне кәсіби ше­бер­­ліктің үлгісін көр­сетіп қоймай, халық­аралық өнер алаң­дарының биік бағасы мен ауқымды бәйге­лердің марапатына ие болды. Осы театр­дың арқасында Қазақстандағы және Орталық Азиядағы корейлер ұлт­тық бі­ре­гейлігі мен бет-бейнесін сақтай алды. Корей театрының дамуы үшін үздік­сіз қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақ­стан Республикасының Үкіметіне алғыс біл­діремін», деді Бас консул Пак Нэ Чхон.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да театр мен сахнаны сақтау жолын­да­ғы тауқыметке төтеп беріп, Корей театры­ның өркендеуі үшін аянбай тер төгіп, отыз жылға жуық директор бол­ған Любовь Ни ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы корей мәдениетінің дамуы үшін өнер оша­ғына демеушілік жасап, қолдап келген диаспора өкілдеріне, зиялы қауымға, кәсіпкерлер мен жай ғана қарапайым жанашыр азаматтарға алғысын білдір­ді. Салтанатты жиынның ресми бөлімі аяқталған соң мерейтой меймандары мен көрермендер «Бізге 90!» спектакль-концертін тамашалады. Басты кейіпкер Флейташы театр жай­лы, оның қызықты да қиын ұзақ тари­хы туралы сыр шертіп, театр қызмет­кер­лерінің, ­корей ­театрын­да аты қалған белгілі тұл­ға­лардың өмір жолы мен жетістігі жай­лы баяндады.

Тарихи отанынан басқа әлемнің бір­де-бір елінде баламасы жоқ, тек қазақ жерінде көктеп, өркен жайып, жеке отау болып отырған Корей театры – өз хал­қы­ның қымбат қазынасы, мақ­танышы және ұлтының байлығы. Көрнекті театр қайраткерлерінің шы­ғар­ма­шылық ше­бер­лігінің негізінде шың­далып, кейін­гі бірнеше буын талантты шәкірттердің өне­рімен өз орнын айшық­таған театрдың тарихы Қазақстан корей­лерінің өмірі­мен біте қайнасып, бір­тұтас тарих парақтарын толықтыра бермек.

 

АЛМАТЫ