• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Қазан, 2022

Қазақ диаспорасының қайраткері

375 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы Президент архиві және «Отандастар қоры» КеАҚ ұйытқы болуымен шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Дәлелхан Жаналтайдың туғанына 100 жыл толуына орай «Архив және қоғам: Тәуелсіз Қазақстан тұлғалары» атты дөңгелек үстел мәжілісі ұйымдастырылып, аталған шара аясында көпшілікке қайраткердің өткен өмір жолын дәйектейтін фотокөрме ұсынылып, қоғамдық-саяси қызметі туралы жинақтың тұсауы кесілді.

Маңызды жиынды ашып, осынау мәдени-тарихи шараның жай-жап­сарымен таныстырған Қазақ­стан Рес­публикасы Президент ар­хиві дирек­то­рының орынбасары Бей­сен­бай Жұма­беков, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен Ұлт­тық құ­рыл­тайда: «Бір кездері ұмы­тылып кеткен ұлт пер­зенттерінің есі­мін қайта жаң­ғыр­туымыз керек. Ел тағдырын айқын­даған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс ат­қа­рылды. Ұлтымыздың көр­некті тұл­ғаларының есімі ар­дақталды. Тарихи даталар қал­пына келтірілді. Осылайша, елі­міздің шынайы шежіресі жазы­лып жатыр. Өткенге, әділ баға беріл­месе жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең тү­сінген абзал» деген сөзін тіл­ге тиек ете отырып, Прези­дент­тік архив ағымдағы қызмет бе­йі­ніне қарай, мемлекет жә­не қоғам қай­раткерлерінің қоғам­дық-саяси бел­сенділігін ай­қындайтын құжаттар жи­науды тұрақты жүзеге асырып отыр­ғанын жеткізді.

«Архив дегеніміз – та­рих­тың сар­қылмас қоры» деп фран­цуз архивтанушысы Шарль Бребан айтқандай, Пре­зи­денттік архив мекемесі өз қо­рын то­лықтырудың бір тетігі – шетелде өмір сүріп, сол мем­ле­кеттің саяси-қоғамдық өмі­рінде айтарлықтай із тастаған тұлға­ларды іздеп тауып, олар жайлы құжат­тық деректерді жинақтап, болашаққа қалдыру екен.

«Осы мақсат үшін қазіргі таңда елі­мізден тыс жерде өмір сүріп артына із қалдырған: Дә­лелхан Жаналтай, Жағда Баба­лық, Шәріп Найман, Мансұр Тайжы, Шеризат Доғру, Хасен Оралтай, Зардыхан Қинаятұлы және т.б. қазақ ­диаспорасы ара­сында беделді тұлғалардың же­ке тек­тік құжаттары қорға қа­был­­данды», деді Бейсенбай Қуанышұлы.

Жоғарыда аты аталған қай­раткер тұлғалар ішіндегі Дәлел­хан Жаналтай жайлы құжаттық деректерді, марқұмның көзі тірісінде 2011 жылы Түркиядағы Қазақстан елшілігі сұратқан екен. Сол екі арада 2012 жылы Дәкеңнің өзі дүниеден өтіп кеткен соң, туған баласы Әлихан Дәлелханұлы төрт жыл бойы жинап-теріп, өңдеп-жөндеп деректі құжаттарды 2015 жылы Ыстанбұлдағы Қазақстан кон­сул­дығына табыс еткен екен.

* * *

Осы орайда «Дәлелхан Жа­налтай кім?» деген заңды сұрақ туары анық. Бұл сұраққа жауапты біз Дәкеңнің 2000 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы тарапынан жарық көрген «Қилы заман – қиын күндер» атты 160 беттік ғұ­мырнамалық кітабынан табамыз.

– Мен Дәлелхан Жаналтай 1922 жылы маусымның 15-і күні қазіргі Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң – Ұйғыр автономиялы районы Алтай аймағына қарасты Өрмегейті жайлауында туыппын, – деп жа­зады. Бұл кісі жас кезінде үлкен білім иесі: Тройцкіден «Ра­сулия» медресесін бітірген ұстаз Абдулла Байқадамұлынан дәріс алса, кейін ес жиып, етек басқан соң Мысырдағы Әл-Әзһар университетінің түлегі Аббас муфти Қаһире және урду, араб, ағылшын тілін білетін кашмирлік профессор Мұхамед Икбал қатарлы ғалымдардан ілім үйренеді. 1940 жылы 18 жасында Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының Алтай аймақтық бастығы, 1943-1945 жылдары Үрім­жідегі әскери кадр дайындайтын Шыңжаң тәлім-тәрбие мек­тебінде курсант, 1946-1949 жыл­дары Шың Ши Сай бас­қарған Шыңжаң үкіметінде саяси қызметкер болған.

Гоминдан билігі құлаған соң 1951 жылы қашып Үндістанға өтеді. 1952-1969 жылдары Үн­діс­танның ішкі істер министр­лігінде келісімшарт негізінде жалдамалы қызметкер. 1969 жылы Түр­кия еліне қоныс аударып, 1972 жылы Ыстан­бұлда Қазақ кентін құруға атсалысады. 1992 жылы қазан айында құрылған Дүниежүзі қазақта­ры қауымдастығы­ның төралқа мүшелігіне сайланған. Қысқа­ша өмірбаяны осы.

Ал бұл жолғы көрме төрі­нен орын алған 30-дан астам деректі құ­жат­тар оның жо­ға­рыдағы қысқаша өмір­­бая­нын то­лықтырып тұрған­дай. Атап айтқанда: 1949 жы­лы 10 ақпан күні Қытай Рес­пуб­­ликасының VІІ пленумы­на өкіл ретінде қатысқан куә­лігі; 1961 жылы 25 қаңтар күні Бри­тания консулдығына ұсын­ған декларациясы; 1970 жы­лы 25 наурызда берілген Түр­кия Республикасы­ның аза­мат­тығы жайлы куәлік; Қы­тай Республикасы Тай­вань Парламенті­нің депу­тат­тық №000331куәлігі; Қы­тай Республикасының (Тай­вань) төл­құ­жа­ты; Қытай Респуб­ли­касының (Тайвань) азаматтық куә­лігі; Қытай Республика­сы Пар­ламент депутаты (11 нау­рыз, 1991 ж) қатарлы ресми құ­жаттардан басқа отба­сылық архивтен алынған фотосуреттер, сондай-ақ әр жылдары Үндістан, Тайвань, Түркия ел­де­рінің мемлекеттік органдарына жазған хаттары және оған келген жауаптар топтамасы, т.б.

* * *

Басқосудың келесі ма­ңызды бөлігі «Архив және қо­ғам: Тәуелсіз Қазақстан тұл­ға­лары» тақырыбында өткен жиын. Алғашқы болып сөз алған қазақтың қа­дірлі ақса­қа­лы Халифа Алтайдың баласы Абдурахман Алтай өз әке­сі мен Дәкей ақсақал сонау 1980 жылдардан бас­тап, Құран Кәрімді қатар отырып қазақ тіліне аударғанын, тіпті кейбір ежелгі араб атауларының қазақша баламасын іздеп, қасиет­ті аяттардың қазақша дәл ма­ғынасын беру үшін түн ұйқы­ларын бөлетін еді деп, қос қарияның Ислам дініне сіңірген еңбегін атап өтті. Расында бұл аударма 1990 жылдары Мәдина қаласындағы Фаһд патшаның Құран шәриф баспа комбинатынан бір мил­лион таралыммен басылып шықты. Тіпті Меккедегі қасиетті мешіттің сөресінде тұр­ғанын біз өз көзімізбен көрдік.

Келесі кезекте, жиналған көп­шілікті отбасылық есте­лік­терімен таныстырған Дәкей атаның туған баласы Әлихан Жаналтай, өзінің 1954 жылы Кашмирде дүниеге келгенін, алғаш мектеп табал­дырығын аттағанда, әкесінің «Балам, сен қазақ деген халықтың өкілі­сің, біз жат жұртта, басқа ел­де жүрміз, ешқашан бі­реуге осал­дығыңды көрсетпе, ең бас­тысы тіліңді ұмытпа» деген өсиеті өзі­не өмірлік ұстаным болғанын жет­кіз­се, «Отандастар қоры» КеАҚ басшы­сы Абзал Сапарбекұлы, Дәлелхан ата 1970-1978 жылдары Тайваньда білім алуға 30-ға жуық қазақ баласын аттан­дырға­нын, олардың арасында танымал спортшы Мұстафа Өзтүрік те болғанын, осы жігіт­тердің бәрі қазір Түр­кия және Еуропа елдерінде ғы­лым және бизнес саласында қызмет атқарып жүргені жайлы дәлел-деректермен айтып берді.

Сол сияқты конференция­ға Түркия елінен тікелей бай­­ланысқа шыққан ғалым Әбді­уахап Қара: «Кашмир қазақтары 1952-1954 жылдары Түркияға қоныс аударған тұста Дәкей ақсақал өз туыстарымен бірге Үндістанда қалып қойып, 1969 жылы келді. 1971 жылы осы атамыздың нұсқауымен Ыс­тан­бұл қазақтары қалаға тиіп тұр­ған Гүнешлі ауданынан жер сатып алып, 500 үйлі ауыл тұрғызды. 1973 жылы жаңа­дан бой көтерген Қазақкент ауылының тұсауы кесілді. Дә­кей атаның Тайвань астанасы Тайбейде оқытқан жас­тар арасында Ахмет Ташағыл атты тү­рік жігіті болды. Бұл кісі қа­зір Түркия еліне танымал қы­тайтану мамандарының бірі» десе, өз кезегінде Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының арда­гері Сұлтанәлі Балғабаев, та­рихшы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және Дәкей ата ұрпақтары Бешір, Насыр, Есен­тай Жаналтайлар өз ойларын ортаға салды.