Тағам – болашақтың мұнайы мен газы. Қазақстанның осы салада жоғары позицияға ие болар әлеуеті бар. Бұл ретте заманауи технологиялар мен білікті мамандар керек. Израиль үкіметі Қазақстаннан келген студенттерге агросалада білім алуына көмек көрсетуге дайын. Екі елдің ынтымақтастығындағы басқа да мүмкіндіктер жайында «Израиль – Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ айтып берді.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның агро өнімнің түр-түрін өндіруде рекорд жаңартып, әлемді жаулап алу әлеуеті зор. Бұл үшін Қазақстанда жер, су, күн – табиғаттың барлық ресурсы бар.
«Қазақстанның дамуы Израиль дамуына ұқсайды. Екі ел бірдей жолмен келе жатыр. Израиль жас мемлекет болған кезде біздің үкімет АгроЭкско ұйымын құрды. Бұл келешектегі экспорт үшін жасалған инфрақұрылым еді. Жеріміздің 60 пайызы – шөл дала. Қазір қияр-қызанақтан бастап картоп, пияз, жемістерге дейін бәрін өсіреміз. 1 млрд долларға өнім экспорттаймыз. Ал сіздерде ауа райы тұрғысынан мүмкіндік көбірек. Израиль сарапшылары Шымкент – Алматы бағытында көп сапарлайды, бос жатқан жерді көріп: «Бізде неге осынша жер жоқ. Біз бай болар едік», деп таңғалады. Тағам – келешектің мұнайы, алтыны. Әлем халқы аш. Қазақстанның әлемді жаулап алуда мүмкіндігі зор», деп атап өтті Израиль сарапшысы.
Бұл межеге жету үшін білікті мамандар мен заманауи технологиялар керек, агросалада инфрақұрылым салу қажет. Израильдік сарапшылар университеттер арқылы, мысалы, Шымкентте, тамшылатып суаруды ойлап тапқан, шие қызанақтарын өсіретін әлемдегі ең заманауи университеттің израильдік оқыту жүйесі бойынша зияткерлік хаб салғысы келеді. Болашақта бұл хаб Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан студенттері үшін орталыққа айналады.
«Қазір жергілікті халық жұмыс істеуі үшін мамандарды оқыту керек. Маған Израильден агрономды шақыру қиынға соқпайды. Бірақ оларға тәулігіне 300 доллар төлеуге тура келеді. «Қымбат» маманды шақырғаннан гөрі, жергілікті мамандарды оқытып, дайындағаным артық. Оларға дұрыс инфрақұрылым ғана құрып беру қажет. Өскелең ұрпақ – білімді адамдар, оларға мүмкіндік беру керек. Сондықтан Израиль жүйесінің негізінде жер, тұқымнан бастап, өнімді сөреге дейін жеткізетін инфрақұрылым құру қажет», деді Михаэль Роэ.
Бұл ретте бакалавр және магистратура түлектері Израильге барып, үш-төрт айдың ішінде жүйені үйреніп, тәжірибеден өте алады. Содан кейін олар Қазақстанға оралып, жергілікті мамандарды оқытады. Сонымен бірге басқа да тәжірибе алмасу жолдарын қарастыру жоспарланып отыр.
«Израильдегі институт Қазақстан студенттеріне орыс тілінде бағдарламалар дайындай алады, сонымен қатар ағылшын тілінде бағдарламалар бар. Егер ағылшын тілінде PhD алғысы келетіндер болса, онда олардың бастапқы деңгейі израильдік студенттердің деңгейіне сәйкес келуі керек. 2-3 айда деңгейді өсіріп, көтеруге дайынбыз», деді Михаэль Роэ.
Израиль жылына 15-20 қазақстандық студенттің оқу ақысын субсидиялауға да дайын. Оқу бағасы Польша, Германия және Еуропаның көптеген басқа елімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сарапшының пікіріне қарағанда, food тақырыбы қазір әлемде бірінші орында тұрған мәселе екенін түсіну керек. Қазақстандық өнімдерді Еуропа мен Америкаға сатуға болады. Себебі отандық өнімнің сапасы шетелдіктерді таңдандыруда. «Атамекен» ҰКП қолдауымен инвесторларды іздеу, жерді пайдалану мәселелерін шешуге болады.
Қазақстанның оңтүстігіндегі оқу орындары Иерусалимнің Еврей университетімен білім беру бағдарламалары бойынша өзара іс-қимыл жасауға дайын. Мысалы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, су ресурстары және экология салаларын дамытуға болады. «Ауыл шаруашылығы» бағытын дамыту шеңберінде академиялық зертханалар мен Израиль факультетіндегі ұқсас жүйемен үйлесімді академиялық емес зерттеулер мен әзірлемелер орталығын қамтитын үрдістерді зерттеу орталығын салу жоспарланған.
«Осындай ынтымақтастық идеясы – Қазақстанның оңтүстігінде ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын үнемдеуге бағытталған білім беру және ғылыми хаб құру екенін атап өту маңызды. Біздің универистет ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы ретінде жобаға қатысуды жоспарлап отыр. Басқаша айтқанда, стратегиялық мемлекеттік мүдде мен сала өкілдерін байланыстырушы көпір болады. Жетекші елдерде тапсырыс және салалық кәсіпорындар мен бизнес-сектордың қажеттіліктері бойынша ғылыми, зерттеу ізденістер дәл осылай қалыптасатыны белгілі», деп атап өтті университет президенті Серік Оңалбайұлы.
Tashenev University мәліметінше, қазір оқу орнына ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген кәсіпкер мен маман жүгінген. Олар ауыл шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының да, мал шаруашылығының да тиімділігін арттыру мәселесінде заманауи технологияларды тартудың қиындықтарына тап болған. Осы технологияларды қолданатын кәсіпкерлер жергілікті мамандардың әлемдік біліктілік стандарттарына сәйкес келмеуіне байланысты шет елдердің ғылыми-консультациялық қолдауына жүгінуге мәжбүр. Ал бұл процесс қымбатқа түседі, көп жағдайда кәсіпкер өтелмейтін қаржылық шығындарды көтереді.