• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қазан, 2022

Адам капиталын арттыруға арналады

169 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қордың адам ресурстарын басқару, әлеуметтік еңбек қаты­­настары, өндірістік қауіпсіздік және ақпараттық-ком­му­ни­ка­циялық қызмет бағыттары бойынша 9 айдағы жұмыс нәти­же­ле­рімен таныстырды.

Қазір қор тобы еліміздегі ең ірі жұ­мыс беруші саналады. Яғни «Са­мұ­рық-Қазына» компанияла­рында 250 мыңнан астам адам жұ­мыс іс­тейді. Олардың 92%-ы – өнді­ріс­тік сектор жұмысшылары. Атап айт­қанда энергетиктер, мұнай­шы­лар, пошта қызметкерлері, темір­жол­шы­лар, металлургтер, атом сала­сы­ның мамандары, байланысшылар және басқалар.

Қор жаңа кадрлық саясатты жү­зе­ге асыруға кірісті. Ғ.Ауға­нов­тың айтуынша, негізгі қағидалар – ашықтық пен тиімділік. Бұл ретте Samruk Qyzmet аталатын рекрутингтің бірың­ғай онлайн платформасы ен­гізілді. Міндет – үміткерлерді ірік­теуде, яғни түйіндеме жолдаған сәттен бастап, жұмыс туралы келі­сім­шарт жасағанға дейінгі процесті толық автоматтандыру. Samruk Qyzmet жүйесінде 480-нен астам компания және 123 мың үміткер тіркелген. Платформада 2019 жылдан бері 20 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланса, биыл жарияланған бос орындар саны 11 мыңнан астам. 7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Президенттің кадрлық ре­зер­­віне қатысушыларға жеке блок әзірленді. Қордың кадрлық саяса­тының ең көп талқыланған жаңа­шы­л­­ығы – үміткерлерді іріктеу про­це­сінде жаңа тәсіл қолдану. Бірінші басшы, басқарушы директор және құрылымдық бөлімше басшылары лауазымдарына үміткерлердің бәрі қор компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысы бары-жоғын, командалық ауыс-түйіс, кор­рупциялық және репутациялық тәуекелдерді анықтау үшін комплаенс-тексеруден өтеді. Сатып алу саласындағы басшылық лауа­зым­дар­ға үміткерлер үшін 25 наурыздан бастап профайлинг немесе «өтірікті анықтау» детекторын қолдана отырып, полиграф арқылы қосымша тексеру енгізілді. Зерттеуді Қазақстан полиграфологтар қауымдастығының мамандары жүргізеді. Қазір қор то­бын­дағы 38 компаниядағы 96 үміткер полиграфтан өтті, 18 үміткер бұл сынақтан өтпей қалды. Аталған процестерге бірыңғай оператор – Samruk Business Academy еншілес ұйымы жетекшілік етеді. Samruk Business Academy қор компаниялары үшін қызметкерлерді іздеу мен іріктеу процесін бір орталықтан жүзеге асырады. Бұл әлеуетті кандидат­тарды сапалы бағалауға мүмкіндік береді.

«HR-процестер тақырыбын жал­ғай келе, Президент тапсырмасы аясында компаниялардың басшылық органдарындағы әйелдер үлесін кезең-кезеңімен арттыру аясында Қазақстан әйелдер күші альянсымен бірге «Гендерлік теңдік» модульді оқыту жобасын іске қостық. Жо­ба­ның мақсаты – әйелдердің бас­қа­ру­шылық қабілетін арттыру және олардың қор тобының директорлар кеңесі, бақы­лау­шылар кеңесі және атқарушы ор­гандарына қатысу үле­сін 2023 жылы 20%-ға дейін және 2030 жылы 30%-ға дейін арттыру», деді қордың басқарушы директоры.

Биыл батыс өңірлеріндегі ең­бек ұжымдарында орын алған ереуіл­дер толқынына куә болдық. Жыл басындағы оқиғалар топтың кәсіп­орын­дарындағы ахуалға айтарлықтай әсер етті. Өндірістік ұжымдардағы әлеуметтік ахуалды жақсарту бойын­ша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-басқарушылық пен өндірістік қызметкерлердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, әлеуметтік-еңбек даулары мен жанжалдарды болжау және олар­дың алдын алу бойынша жұ­мыс жалғасын тапты. Топ кә­сіпорын­дарындағы жағдайға 24/7 режі­­мінде мониторинг жүргізетін Кор­по­ративтік ситуациялық орталық құрылды. Тоқсан сайын өндірістік алаңдардағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейін анықтау бойынша сауалдама жүргізіліп, алдын алу шара­ла­ры жоспары жүзеге асырылады. Әлеуметтік-еңбек қатынастары мә­се­­­лелері бойынша тәулік бойғы «Нысана» байланыс орталығы іске қосылды. Жыл басынан бері бұл арқылы 20 мыңнан астам хабарлама (релеванттысы – 622) қабылданды. Омбудсмен және медиация институттары жасақталды. Еңбек дауы туындаған жағдайда мәселелер медиа­ция тәсілдерін қолдану және кәсіп­одақ ұйымдарын тарту ар­қылы құқық аясында шешіледі. «Медиаторлардың корпоративтік пулы» жобасы аясында биыл қор­жындық компаниялардың 102 жұ­мыс­шысы оқудан өтті. «Кә­сіподақ белсенділерінің мектебі» жобасы іске қосылып, қордың еншілес ұйымдары кәсіподақтарының жүзден астам өкілі оқуға қатысты. Өндірістік қызметкерлердің 84%-дан астамы – кәсіподақ мүшелері. Ұжымдық шарттар аясында жұмысшылар мен олардың отбасыларының мүшелері үшін әлеуметтік жеңілдіктердің 20-дан астам түрі қарастырылған.

«Корпоративтік әлеуметтік жа­уап­кершілік – қордың тұрақты даму қа­ғидаларының бірі. Бұл ретте Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қорын қаржыландыру үлесі артып келеді. 2021 жылы оның бюджеті 7 млрд теңге болса, биыл – 10 млрд теңге. Бүгінге дейін жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын жобалар қолдау тапты. Қор 370 мың қазақстандық азаматқа, оның ішінде 48 мың балаға көмек көрсетуге арналған 44 қайы­рымдылық жобасын жүзеге асырды», деді Ғ.Ауғанов.

Сондай-ақ 2022 жыл «Самұрық-Қазына» қорында Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы болып жарияланды. Ғ.Ауғановтың айтуын­ша, «Ноль жарақаттану» кон­цеп­ция­сының «жеті алтын ере­же­сін» жүзеге асыру аясында биз­несті жүргізу моделі қайта қа­рал­ды. Өн­дірістік жарақаттануды төмен­де­ту­ге бағытталған цифрлық ше­шім­дер енгізілді. Еңбекті қорғау, өнер­кә­сіп­тік қауіпсіздік және қор­ша­ған ортаны қорғау жөніндегі ко­митеттің отырыстарында үздік кейстер таныстырылып, қайғылы оқи­ғаларды зерттеу нәтижелері талқы­лан­ды, оған жол бермеу шаралары әзірленіп, өнер­кәсіптік нысандарға көшпелі аудит жүргізу тәжірибесі қолға алынды.