Алматы қаласында өткен кадр мамандарының тұңғыш форумы сан саланың көшбасшыларын бір арнада тоғыстырған тәжірибе алмасу алаңы ретінде есте қалды. Қоғамдық ұйымдар мен өз кәсібін өрге дөңгелеткен мақсаткер жандардан жасақталған үздік мамандар нарық заманында көштен қалмай алға жылжудың алғышарттарын айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Еліміздің кәсіби медиа саласындағы іргелі ұйымдардың бірі «ХҚЭДО-Қазақстан» медиа холдингі бастамашы болған жобаға әр өңірден жүздеген көшбасшы маман шақырылды. Кадр мамандарының форумы деп айдар тағылған басқосуда көпшіліктің алдынан көлденеңдеп шығатын көп сұрақтың нақты жауабы сараланып, денсаулық сақтау, білім беру, өзін-өзі дамыту, жұмыспен қамту бағытындағы өткір мәселелер талқыланды. Мұнда негізге алынған басты мәселе – бұқараның цифрлық алаңдар қызметін тиімді пайдалануына дұрыс бағыт-бағдар беру жайы.
Сала мамандары көптеген отандасымыз сандық технологиялардың әлеуетін оңтайлы пайдаланбайтынын айтады. Соның салдарынан азаматтар үйден шықпай-ақ компьютер алдында, иә болмаса смартфон арқылы тындыруға болатын шаруаны қамдау үшін мекемелерге шапқылап әуре-сарсаңға түседі. Тіпті түрлі желінің жілігін шағатын жастар да мемлекеттік қызмет алу мәселесіне келгенде цифрлық мүмкіндіктерді қолдануға белсенділік таныта қоймаған. Мамандар мұны ақпараттың тиісті деңгейде жетпеуімен һәм қолда тұрған мүмкіндіктерді меңгеруге құлықсыздық сипатымен байланыстырады. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде кадр қызметкерлері мен әлеуметтік дамыту саласының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айталық, жұмыссыз қалдыңыз, не істейсіз, қайда, кімге барасыз? Мұндай күйге түскен азаматтарға мемлекеттен берілетін үлкен қолдау барын білесіз бе? Ендеше, есте сақтаңыз. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз адамдарға да, жұмыс берушілерге де қызмет көрсетуге міндетті. Атап айтқанда, жұмыссыз тұлғаларды тіркеу, лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау (мамандық таңдауда көмек көрсету, кәсіби кеңес беру, тестілеу), еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстармен айналысу секілді бірнеше бағытта тегін қолдауға ие болуға кез келген Қазақстан азаматы құқылы.
– Жастарды жұмысқа орналастыруға арналған бірнеше тиімді бағдарлама жұмыс істейді. Соның бірі – «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы. Оған 29 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастардың өкілдері, атап айтқанда, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген мектеп түлектері мен колледж және ЖОО түлектері өтінім бере алады. Бағдарламаға тіркелу үшін жеке куәлік, білімі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса) және өтініш жазу жеткілікті. Қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайтын бұл бағдарламада өтінім беруші 30 АЕК мөлшерінен кем емес жалақы алады. Сол секілді «Ұрпақтар келісімшарты» деп аталған бірден бірнеше міндетті шешуге бағытталған жобамыз бар. Бағдарлама тәжірибесіз жас мамандарға жұмыс береді, жұмыс берушіге зейнетақы демалысына шығатын жұмыскерді алмастыруға көмектеседі және жұмыссыздық мәселесін шешеді. Оған да 29 жастан аспаған соңғы екі жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектері қатыса алады. Сондай-ақ соңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтап, жұмыссыз жүрген ЖОО мен колледждің түлектеріне арналған «Жастар тәжірибесі» дейтін жобаның мүмкіндіктері кең. Бір жылға жалғасатын тәжірибе алаңы жастарға кәсіпке шыңдалып әрі жақсы табыс табуға жол ашады, – дейді Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Әділет Жаңабаев.
Аталған жобалардың мақсаты – жұмыс іздеуші мамандар мен жұмыс берушілердің арасына алтын көпір орнату. Мемлекеттік қолдау шеңберінде арнаулы мамандардан тегін құқықтық кеңес пен кәсіби бағдар алуға болады.
Егде жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы туралы да көпшілік біле бермейді. Бұл жоба жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа дейінгі (зейнетке шыққанға дейін 2 жыл) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құрған жұмыс орны. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Қатысу мерзімі аяқталған соң жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастырады. Жалақы ай сайын төленеді. Жалақының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады. Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды.
Айта кетейік, азаматтар бұл жобаларға жолдама алу үшін Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет. Ондағы мамандар тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Жыл басынан бері Алматыда 28 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 8 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде, 1 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан.
«Алматы агломерациясы аясында биыл Алматы облысының жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, Есік қаласында екі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жыл соңына дейін Қаскелең қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. 19 қазан күні сағат 11:00-де «Арбат» алаңында жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді деп жоспарланды. Іс-шараға қаланың 150-ден астам кәсіпорны қатысады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс іздеп немесе қызметкер тапқысы келетіндердің барлығын жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесіне қатысуға шақырамыз», дейді Жұмыспен қамту орталығының мамандары.
Жұмыссыздық мәселесі еліміздегі өткір проблеманың бірі. Бұл әсіресе күн санап халық саны еселеп өсіп жатқан алып мегаполис үшін басты тақырыпқа айналған. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақталып келеді десек те, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрап отыр. Шаһар билігі жыл басынан бері 17,1 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Жаңа әрі сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі жүйелі шараларға көшу көзделген.
17 жылдан бері ел тұрғындарына кәсіби білік тұрғысынан қолдау көрсетіп келе жатқан «ХҚЭДО-Қазақстан» ұйымы мемлекеттік сатып алу, кадрлар және еңбекті қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында Қазақстанның жоғары білікті кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Форум аясында кадр қызметінің рөлі, жұмыс берушінің жауапкершілігі сынды ең өзекті, өткір тақырыптар сөз болды.
– Өз ісінің үздігіне айналған кәсіпкер ханымдарды, білікті кадр мамандарын бір алаңда жинаған форум кәсіби өміріміздегі маңызды оқиға деп атаған болар едім. Бүгін негізге алынған бастамалар сөзсіз кадр ісін жүргізу мен HR процесін жақсартуға үлес қосады әрі мамандарды жемісті жұмыс істеуге ынталандырады деп сенемін. Мен осы орайда мемлекеттің назарын кадр қызметкерінің мәртебесін көтеру, маңызды мамандықты тиісті деңгейде бағалау жайына аударғым келеді. Өйткені жұмысшы ұжымдардың әл-ауқаты, жеке ұйымның ғана емес, бүкіл елдің кадрлық әлеуетін дамыту осы саланың мамандарының қызметіне тікелей байланысты. Бүгінгі іс-шара кадр маманы мен HR мамандығының имиджін қалыптастыру мен нығайтудағы маңызды қадам бола білді. Біздің миссиямыз – қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға тиімді әсер ететін мамандардың экожүйесін қалыптастыруға ықпал ету, – дейді «ХҚЭДО-Қазақстан» ЖШС-ның бас директоры Толқын Бектұрсынова.
«Жарнамасы жер жарғанымен, қоғамға пайдасы жоқ мақсатсыз жиындар аз емес. Қазір сөздің емес, істің заманы. Кәсіби құзыретімізді арттырып, білім-білігімізді жетілдіретін осындай жобалар көп болса игі. Кадр ісін жүргізу саласында жинақтаған тәжірибеміз кәсіби қызмет процесінде біздің кәдемізге жарайтынына сенемін. Кадр қызметкерлері әр мекеменің жауапты өкілі. Олардың кәсіби білігімен қатар қоғамдағы мәртебесін көтеру маңызды міндеттердің бірі», дейді ACTUALIS кадр ісі электронды жүйесінің сарапшысы Светлана Сергеенко.
Екі күнге созылған тәжірибе алмасу алаңында жастарды еңбекке ынталандыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, Enbek.kz секілді ауқымды платформаларды кеңінен насихаттау арқылы жұмыссыздық мәселесін азайту тақырыптары кеңінен қамтылды. Форумға қатысушылар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына кәсіби мерекелер күнтізбесіне Кадр маманы мен HR күнін енгізу туралы бастама қоятындарын жеткізді. Шығармашылық нәтижелі пікірталасқа, белсенділікке, оптимизмге және достық қарым-қатынастарға қол жеткізуге ықпал еткен форум жұмысын жыл сайын дәстүрге айналдыру туралы ұсыныс айтылды.
АЛМАТЫ