• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Қазан, 2022

Тұңғыш

259 рет
көрсетілді

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионаты бел ортадан асты. Әзірге «Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп жатыр» деп айтуға барлық негіз бар. Өйткені жарыстың алғашқы күні қоржынымызға қос жүлде түсті. Оны аса жеңіл салмақтағы Әбиба Әбужақынова мен Елдос Сметов жеңіп алды.

Қазақстанда әйелдер дзюдосы тым баяу дамып жатқаны жайында талай мәрте айтылды да, жазылды да. Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыс­та бұған дейін бір ғана балуанымыздың жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Десек те Рио Олимпиадасы мен екі бірдей әлем чемпионатында қо­лаға қол созған Галбад­рах Отгонцэцэгтің легионер екенін жұрт жақ­сы біледі. Біздің бұрымдылар еңсе тіктей алмай жатқаннан кейін рес­пуб­ликалық федерацияның басшылары Моңғолиядан осы спортшыны аттай қалап алдырды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Галбадрах талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғады. Атақты дзюдошы үлкен спорттан қол үзгеннен кейін «Енді кімге үміт артамыз?» деп құрама бапкерлері біраз бас қатырғаны рас. Алайда арамызда да дүбірлі додаларда даралана алатын арулар бар екен. Соның бірі – Әбиба Әбужақынова.

Осыдан екі ай бұрын Астанада өткен Азия чемпионатында Әбу­жа­қынова күміс медаль иеленген соң «Егемен Қазақстан» газетіне сұх­бат бергенде «Бұйыртса, биыл Таш­­кентте шымылдығы түрілетін әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу үшін барымды саламын. Оған менің күш-жігерім жетеді» деп сенімді сөйлеген еді. Әбиба сөзін­де тұрды. Алғашқы айналымдарда Пана­мерика чемпионы, бразилиялық Аманда Лима мен Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, франциялық Ширин Буклиден басым түсті. Одан кейін құрлық біріншілігінің қола жүлдегері, сербиялық Милица Николичтен айласын асырды. Жартылай финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацуми Цуно­дадан ұтылып, қола медаль үшін бәсекеде Чилидің өкілі Мари Ди Варгас Лейді жеңді. Осылайша, Әбибаның есімі қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш дзюдошы ретінде тарихта қалды.

Бастапқы бәсекелерде әзер­байжандық Карамат Хусей­нов пен израильдік Ма­тан Ко­валаевты қапы қалдырған Елдос Сме­товтің ширек финалда былтыр Токио Олимпиадасында күміс медальды мойны­на іліп, Азия ойындары мен құрлық бірін­шілігінде жүлдегер атанған тайпейлік Ян Юн Вэймен жолы қиысты. Иығынан алған жа­рақатын асқындырып а­лған әйгілі балуанымыз бұл бә­се­кеде кеңінен көсіле алмай, IJF рейтингінде көш бастап тұр­ған Вэйге есе жіберді. Де­сек те одан кейінгі екі белдесуде барын салған Сметов жұбаныш кез­десуінде әлем чем­пионатының қола және Еуропа ойындарының күміс жүл­дегері, Еуропаның екі дүр­кін чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригосты ұтып, үшінші орын үшін тартыста өзбекстандық Дильшодбек Ба­ратовтан басым түсті. Сөйтіп, Елдос өзінің спорттық мансабында әлем чемпионатының үшінші жүлдесіне қол жеткізді. 2015 жылы ол Астанада алтын тұғыр­дан қол бұлғаса, 2019 жылы Токио және 2022 жылы Ташкентте қола медаль иеленді.

Алғашқы күні 60 кило салмақтағы Мағ­жан Шамшадин тұсаукесер кездесуінде ита­лия­лық Анджело Пантаноға есе ж­іберсе, келесі күні 66 кило сал­мақтағы Ғұсман Қырғызбаев та сүрінді. Соқыр жеребе оны екін­ші айналымда Ан Баулмен жо­лықтырды. Оңтүстік Корея өкі­лінің Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері, әлем чемпио­ны және Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар. Өкінішке қарай, Ғұсман Ан­нан айласын асыра алмады. 52 кило салмақтағы Гауһар Ир­мағам­бетова «шүу» дегенде швей­цариялық Фабине Кошерді шабысынан жаңылдырғанымен, екінші кезеңде польшалық Алек­сандар Калетадан жеңіліп қалды.

Жарыстың үшінші күні Да­нияр Шамшаев татамиге шықт­ы. Таяуда ғана Астанада өткен Азия чемпионатында барлық қарсыласын сыпыра ұтып, бас жүлдені олжалаған 18 жас­тағы жас балуанға Өзбекстанның бас шаһарында айрықша сенім арттық. Сол кезде оған құрлықтың ең үздік дзюдошысы атануға небәрі 149 секунд жеткілікті болған еді. Өкінішке қарай, жылдың басты додасында Даниярдың жолы болмады. Алғашқы сынақтан ол сүрінбей өткенімен, екінші ке­зең­де кореялық Ли Енхуулден ұтыл­ды.

56 кило салмақтағы Севара Нышанбаева Босния мен Гер­цеговинаның өкілі Анджела Са­маранджичке жол берді. 81 кило сал­мақтағы Абылайхан Жұ­баназаров нидер­ландтық Франк де Виттен айласын асыра алмады.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Ерлер:          60 кило – 1. Наохисо Такато (Жапония), 2. Арунболд Энхтайван                                    (Моңғолия), 3. Елдос Сметов (Қазақстан) пен Ян Юн Вэй (Тайпей).

                         66 кило – 1. Дзёсиро Маруяма (Жапония), 2. Хифуме Абе (Жапония),

Ан Баул (Оңтүстік Корея) мен Денис Виеру (Молдова).

                         73 кило – 1. Тцогбаатар Ент-Очир (Моңғолия), 2. Сойши Хашимото                            (Жапония), 3. Даниэль Гаргнин (Бразилия) мен Хидаят Хейдаров                                               (Әзербайжан).

Әйелдер:    48 кило – 1. Нацуми Цунода (Жапония), 2. Катарина Менц (Германия),                        3. Әбиба Әбужақынова (Қазақстан) мен Ассунта Скутто (Италия).

                         52 кило – 1. Ута Абе (Жапония), 2. Челисе Гилес (Ұлыбритания),

Дистрия Красники (Косово) мен Аманди Бушар (Франция).

                         57 кило – 1. Рафаэла Сильва (Бразилия), 2. Харука Фунакубо

                         (Жапония), 3. Джессика Климкайт (Канада) пен Енхерлен

                Лхкагватагоо (Моңғолия).