Сіздің ауылда шаң көшеде сұр есегін томпылдатып пошта таситын кішкентай күстана момын жан бар ма? Жоқ қой. Ергежейлілер әр ауылда бола бермейді – олар сандаған ғасырдың бір мезетінде сонау аңыз-әпсанаға толы белгісіз мекеннен тағдырдың тосыннан соққан желімен ғана келеді. Шынында, біз өмірімізде тура мағынасындағы кішкентай адамдарды көрмедік. Біз білетін ергежейлілер сол ертегілер мен мультфильмдердегі кейіпкерлер. Онда да сыртқы келбетін танығанымыз болмаса, жан дүниесіне бойламадық, жүрек сырын тыңдамадық, ішкі күйін сезінбедік. Біз «көрген», таныған, бауыр басқан, таңғалған, жақсы көрген, жан ашыған Далабайдың осы дүниедегі жалғыз досы, ергежейлі – жазушы Дүкенбай Досжанның Яғымусы еді (алдағы сөз қаламгердің «Ергежейлі» әңгімесі туралы).
Сол Яғымус іске епті – ауылдың кейбір өзі жайбасар, өзі жалқау үлкен адамдарынан әлдеқайда пысық. Күн көрінгеннен қызыл нарттанып ұясына батқанша сұр есегін дедектетіп жүрген жүрісі. Сондағы жұмысы – ауыл-ауылға, қырдағы қойшы-малшыларға газет-журнал, хат тасиды. «Қолы босай қалса, белінің құяңы ұстай беретін шешеме қолғабыс етеді. Аула сыпырады, уақ малды айырысады, самаурынға ағаш жарады. Тынымы жоқ. Кейде көз алдыма домалап жүрген қара доп елестейді, қаңғалақтап бірде ас үйден, бірде ауыз үйден шығады, әмбе көңілді, әмбе сергек сол Яғымус».
Сөйткен ергежейлінің болмысы да ерек еді. Кішкентаймын деп мүсәпірленбейді. Жағдайын айтып жоқтамайды. Өзінің өмірін өзі ұйымдастырып, шауып жүрген бір бейбақ. Өзі әсем әнді жақсы көреді. Ұзын-сонар кештерде ұйықтап қала беретін Далабайға концертке барайықшы деп жалынып жүргені. Өнерге деген көзқарасы, әдемі дүниеге деген талғамы ауылдың қайсыбір үлкен адамдарынан биік. Гүлге құштар, іңкәрлікті жаны сүйеді.
Сөйте тұра әділетсіздікке мойнын бұға беретін аса бір момын жан да емес. Кегі жоқ, қарғысы жоқ шарт-шұрт мінезі өр рухын көрсетеді. «Яғымуста құдай сүйер қай қылық бар? Мүләйімсуді білмейді. «Сенің осы қағаздарыңсыз қараң қалыпты. Бүгін оқымаса, ертең оқыр. Құдайдың күні таусылмаса, газет-журнал таусылмас», деп жолдары түйіссе болды, күміс тісті Күмісбекпен арқылдасып жатады.
Күнделікті қоңыр тіршіліктің бұл мазасыз күндерін қойшы. Ол үшін жабығып жатып алатын Яғымус емес. Ергежейлінің жанын жегідей жейтін мұң басқа. Темір төсегіне аяғын асып қойып, қол басындай жиде домбырасын тықылдатып жатып, бір қарағанда түпсіз терең жұмбағы көп, енді бір қарағанда тым қарапайым өмір туралы толғанады. Осындай сәттерде кеудесін бір сағыныш кернейді де тұрады.
«Осы құлаперен көңілді заманда, дүрия даланың кең төсінде неге ғана тарылып, тарығып, жүдеп жүргеніне өзі де таңданатын. Неге ғана көңілі құлазиды? Табанын неге жер тартады? Жұртпен тең иық боп тілдесе алмайды, ылғи төменшік, ылғи итырақы. Өзгелер құсап бұл да қара басының қамы жолында ұмтылар еді, тыртысар еді, сөйтіп бір шаңырақты қиналмай асырар еді. Түтіні тік өрлеп шығар еді. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, ыңыршағы айналып, бұралқыдай бұратылып тірлік кешуіне не себеп, не гәп?».
Шынында да, Яғымустың төрге шығар, той жасар, бата қайырар жұрттың бірі болып тірлік кешуіне не кедергі? Ергежейлілігі ме? Дей алмаспыз, сірә. Осы ауылға бәрі сыйғанда Яғымустың неге сыймайтынын бала Далабай да ойлайды. Қалада өскен бөтен қазақ дәрігер ақсақал да жап-жақсы сіңіп кетті ғой деп басы қатады. Ергежейлінің аңғал досы адамдардың кейде әділетсіз ойлайтынын, жоқ жерден кісімси қалатынын, ережесіз-ақ қоғамды жік-жікке бөліп, мына дүниені өздері жасағандай алақандай айналасына әмірлік жүргізетінін білмейді. Өмірді танымаған соң Яғымустың осы ауылда неге бақытты ғұмыр кешпейтінін түсінбей мұңаяды.
Иә, пошташы ергежейлінің өміріне ешкім қызықпайтын. Кейбірі қол шошайтып сөз қылады, кейбірі самарқау ниетпен алыстан араласады, дос болып сырласатындар сирек. Алайда Яғымус сол ауылдың жұртына ылғи бір сезімді сезіндіретін.
«Өмірге қуаныш қандай қажет болса, мұң мен реніш те соншама керек-ау деймін. Тіршілік мұқым марқайма көңілге, қуанышқа кенелсе, адамдар масығады, мұңаюды ұмытады. Күлкінің қадірі кетеді. Әрәдік өмірдің мұңын, ренішін татсаң, соларды жүрегіңмен ұғынсаң, өзіңе бұйырған қуаныш-күлкің де дәмдірек, баяндырақ болар-ау. Өміріңе мән-мағына қосылар-ау. Өз ойымша Яғымус осы ауылдың әдемі мұңы еді».
Автор кішкентай адамды жол жиегінде жатқан тасқа ұқсатады. «Жаңбыр шайып, жел мүжіп, суық сорып, күн қыздырып бетіне белгісін салған» кәдуілгі тас. Ренішін де, қуанышын да, сағынышын да ішіне жасырып үйренген мінезі үшін. Қайсыбіреулер сияқты далақтап елге жаймайды, ақыл сұрамайды, аяныш тілемейді. Сәл мұңайса, жиде домбырасын тықылдатып жатады да қояды. Алып мұхиттай үлкен өмірге кішкентай болып келген Яғымусқа осы мінез қайдан бітті дейсің. Осы бір қара тастай қайсар мінез бәрімізде болсашы. Бәлки, пошташы ергежейлі де мұқым жұрттың алдында ақырғы мезетке дейін сыр бермейтін қара тас сынды жүру үшін келген болар.
Яғымусқа қарап, Нұрғали Ораздың «Теріс ағашындағы» Боранбай-барон есіңе түседі. Екеуінің де жанында бір еркіндік бар. Жүрек қаламаған дүниеден бас тарта алатын орасан ерік-жігер бар.
Сонымен Далабай мен Яғымуспен бірге жалқынданып батып бара жатқан күнге қарап отырып ұзақ ойландық. Адамдар неге бір-біріне әділетсіз? Адамдар неге паң, кербез? Өзің ғана сезетін жалғыздық неге сонша ауыр? Қарап отырсақ, күміс тісті Күмісбектің қиянаты, ауыл баласының мазағы шын жалғыздықтың жанында Яғымусқа түк те емес екен.
Көкжиекке еңкейе батып бара жатқан күннің қызылына бар жанымызды тосып үшеуміз әлі отырмыз. Дәл осы сәтте күнмен бірге ызғытып өтіп жатқан өмірді қойшы. Өтсе, өтсін – зырғып ақсын. Яғымус та құс-қанат ғұмырды қимай отырған жоқ. Өткен уақыт үшін өкінбейді. Салқын қабылдайды. Шыж-быжы жоқ. Болмысын түсінбеген ауылдастарға, талай сөзі тиген Күмісбекке, тіпті менсінбеген домалақ келіншекке де өкпесі жоқ. Қоңыр тамына да, сұр есегіне де, пошта тасыған қара жұмысына да налымайды. Адамдардың менмендігін, өктемдігін сынамайды. Құдайға да арыз айтпайды. Сонда Яғымус не ойлап отыр? «Күннің бетінде де өмір бар, білем» дейді. Кейде біз де мына өмірден бір сәт жалыққанда Айға қол созамыз. Шолпан жұлдыздың жанына барғымыз келеді. Бәлки, Яғымус та дәл қазір Күнге кеткісі келіп отыр. Бөлек болмысы, нәзік жаны, іңкәр сезімі сол жақта жанар. Әңгелектің иісі сіңген ергежейлі келіншекті де сонда жолықтырар.