• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Қазан, 2022

Калмыков картиналары

545 рет
көрсетілді

Талант арнасы тасқын­даға­нымен өмірден лайықты орнын таба алмай өз отына өртеніп өткен дарындар аз ба?! Адам санасын сансыратқан тіршіліктің мыңсан сауалына бір ғана пайымымен тіл қатқан теңіз ойлы талант иесінің тағдыры трагедиямен тынуға тиіс пе еді? Ми қабығын кемірсең де жауабын таба алмайтын жұмбақ осы...

Суретші Сергей Калмыков­тың ғұмыр парағына үңілсеңіз еріксіз осындай ойға шомасыз. Кенеп бетінде тұтас бір дәуірдің шежіресін шерткен шебер суретші 76 жасында жындыхана төсегінде қайтыс болды. Нақ сол жылы өз пәтерінде көз майын тауысып, тұтас ғұмырын арнаған картиналарын өртеп жібермек болғанда суретші қандай күйде болғаны бізге беймәлім... Өмірді өнер деп білген таңғажайып туындыгер­дің мұндай халге түсуіне түрткі болуының сан тарау себебі алға тартылғанымен, жанарында қан­дай жұмбақтың жасырынғанын ешкім тап басып айта алмайды.

Қылқалам шеберінің шығар­машылығы кеңінен зерттеліп, қолтаңбасы хақында көп еңбектер жарық көргенімен, өмірі туралы деректер тым аз. Тіпті күні бүгінге дейін суретшінің жерленген жері де белгісіз болып келді. Музей төрінде жарқырап тұрған туын­ды­ларына тамсана қарағанымен, тағдырлы таланттың өмір өткел­деріне, қайда жерленгеніне ешкім елеңдей қоймаған. Осылайша 55 жыл бұрын ғұмыр сағаты тоқта­ған оның қабірі де қалтарыста қала беріпті. Бір ғана Ә.Қастеев атын­дағы өнер музейінде 1111 кар­ти­насы сақталып, өнер әлеміне айшық­ты із қалдырған аса дарын­ды тұлғаның ел жүрегіндегі екін­ші өмірі енді басталғандай. Су­рет­шінің қолтаңбасын қадір тұ­та­тын өнерсүйер қауым биыл тұң­ғыш рет, некро­полис зерттеуші Г.Афонин мен журналист ­Е.Мор­о­зова анық­тағ­ан Калмыковтың қа­біріне гүл шоқтарын қойды.

Заманында атынан аңыз ерген шебердің зиратын анықтау оңай­ға соқпаған. Осы сауал көптен ойын мазалап жүрген Евгения Морозова суретшілер отбасынан шыққан Олег Федоров есімді қарияның ғаламтордағы жазбасын кездейсоқ байқап қалып, іздестіру жұмысына кірісіпті. Бұл шынымен де С.Калмыковтың бейіті екенін дәлелдеу үшін қаншама архив материалдарын ақтарып, некрополис зерттеуші Г.Афониннің көмегіне жүгінген. Белгі де қалмай бара жатқан бейітті қайта қалпына келтіру ісіне жомарт жандар қолдау көрсетіпті. Суретші Алматыдағы орталық зиратта анасының жанына жерленген екен. Тарихи орын мұрағаттық ізденістермен расталды. Өмірінің соңғы жылдарында Калмыков әріптесі, актриса Валентина Заха­ровамен ғана араласқан. Оның мүрдесін ауруханадан алып кеткен де осы Захарова деген дерек бар.

С.Калмыков 1935 жылы Орын­­бордан Алматыға жаңа ашыл­ған Опера және балет театры­на суретші-декоратор болып жұ­мыс істеу үшін композитор Ев­гений Брусиловскийдің шақыр­туымен көшіп келді. Өмірінің соңына дейін Алматыда тұрып, шығармашылықтағы ең бір жар­қын еңбектерін Алатау баурайын­да кенепке түсірді, тынымсыз жұ­мыс істеді, көп жазды. Әртүрлі көркемдік ағымдардың әсерін се­зіне отырып, ол жеке бейнелеу тілін тапты, сол арқылы өзінің кес­кіндеме жүйесін құрды.

Петров-Водкин мен Добу­жин­скийден сабақ алып, Леонардо да Винчи мен Ван Гогтың шы­ғар­машылығына ғашық болды. Олар­дың мәнерінде дерек­сіз тәжірибе жасап, супрематистер­дің әсерін бастан кешірді, өз стилін тауып, дарынын дамытып отырды.

– Оның шығармашылығы­ның поэтикасындағы маңызды эле­мент – «Жұлдызды тостаған» сериясында бейнеленген «Тостаған» тақырыбы. Кеме рухтың белгілі бір бағыты, аспанның ең жоға­ры субстансасының қоймасы, нақты денелерді – заттар мен астральды заттарды органикалық түр­де бай­ланыстыратын ғаламның сим­­волы ретінде көрінеді. Бұл қазір­гі заманғы өнердің кейінгі даму кезеңдеріне әсер еткен орыс авангардының көрнекті із­ба­сары, айтулы дарын Сергей Кал­мыковтың бір қыры ғана. Оның шығармашылық мұрасы, өз дәуірінен әлдеқайда озып, ғы­лы­ми тұжырымдауға арналған ­бай мұраға айналды, – дейді Ә.Қас­теев атындағы өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова.

Қазақ бейнелеу өнерінің ал­ғашқы даму барысы туралы сөз қозғағанда, орыс елінен жер аударып немесе экспедиция негі­зін­де елімізге келген суретшілер­ді айна­лып өте алмаймыз. Сурет өне­ріне тың серпін әкелген жас талан­т­тардың көпшілігі олардың кәсіби білігінен нәр алды. Бар өмі­­рін шығармашылыққа арнаған Сергей Калмыков қазақ бейнелеу өнерінің дамуына ауқымды үлес қосты. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін кенеп бетіне түсірген суреткер өмірінің соңына дейін қазақ даласының тұмса табиғатына тамсанумен өтіпті. Алматы суретшінің қия­лына қанат бітірді. Калмыков ке­йіптеген әсерлі пейзаждар алмалы шаһардың бай тарихынан сыр шертетін мәдени мұраға айналып, мегаполистің көрнекі жерлерінде күні бүгінге дейін сән түзеп тұр. Желегі жайқалған кө­шелер, аспанмен астасқан асқақ шыңдар, арманы биік адамдар оның қылқаламындағы мәңгілік кейіпкерлер. Экспонаттарының саны мен көркемдік деңгейі тұр­ғысынан жоғары бағаланатын сурет­шінің бай мұрасы бір музейдің қа­бырғасын толтыруға жетерлік. Ә.Қастеев мұражайының қорын­дағы бұл еңбектер көрермендер айрықша зейінмен тамашалайтын туындылар қатарында.

Сергей Калмыков өз жазба­ла­­рының бірінде: «Өнерде жетіс­тік­тен гөрі ниеттің мәні зор. Су­рет­ші ең алдымен шебер емес, қиял­шыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті оны қатардағы ізбасарлар мен еліктеушілерден даралап тұ­рады. Өнер мәңгі бақи өмір сүреді. Ол біздің түкке тұрмайтын толғаныстарымыздың үстінен сан мың жылдар бойы жұлдыздар шо­ғыры болып жарқырайды», деп толғаныпты.

Расында оның шығармалары өзі айтқандай сан ұрпақтың сезімін әлдилеп «жұлдыздар шоғыры болып жарқырап» тұр. Өнердің мәңгі өлмейтіні осы шығар...

Көз алдымызда Калмыков сал­ған картиналар...  

 

АЛМАТЫ