Осыдан дәл 40 жыл бұрын, яғни 1982 жылдың 12 қазанында әлемдік спорт тарихында айрықша бір оқиға болды. Атап айтсақ, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) АҚШ-тың әйгілі жеңіл атлеті Джим Торпқа 1912 жылы Стокгольм Олимпиадасында жеңіп алған екі бірдей алтын медалін қайтарып берді. Саңлақтың өзі ертеректе қайтыс болғандықтан, бұл жүлделер оның отбасы мүшелеріне табыс етілді. Осылайша, арада 70 жыл өткен соң әділдік орнап, ғаламдық доданың алтындары заңды иесіне қайтарылды. Ал сол спортшы жайында біз не білеміз?
1887 жылы АҚШ-тың Оклахома штатында үндістер отбасында өмірге келген Джим Торп спорттың сан түрімен шұғылданды. Ол жеңіл атлетикамен қатар, баскетбол, америкалық футбол, бейсбол, хоккей, теннис, баскетбол, жүзу, бокс және садақ атудан да елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Джимнің ең бір жасындай жарқылдаған тұсы – 1912 жылы Стокгольмде өткен Олимпия ойындарымен тұспа-тұс келді. Бір айта кетерлігі, негізгі бәсекелер өтетін күні ұрылар оның аяқкиімін қолды етіп кетеді. Іздестіру шаралары еш нәтиже бермейді. Содан ол қоқыс жәшіктен тозығы жеткен екі түрлі кебіс тауып алады. Соны кие сала жарыс жолына шығады. Бабаларымыз «Шын мықтыға тұсау жоқ» деп бекер айтпаған ғой. Торп бессайыс пен онсайыстан өткен жарыстарда алдына жан салмай, бас жүлдені олжалайды. Сонымен қатар биіктікке секіруде төртінші орынды иеленсе, ұзындыққа секіруде жетінші сатыға табан тірейді. Осы оқиғадан құлағдар болған Швеция королі Густав марапаттау рәсімі кезінде: «Сэр, сіз әлемдегі ең керемет атлетсіз!» деп оның қолын құшырлана қысқан екен. Сол кезде Джим көзіне жас алған деседі.
Арада біраз уақыт өткен соң Джим Торптың бұрындары кәсіпқой бейсбол клубының сапында өнер көрсетіп, сол үшін 60 доллар шамасында айлық алғаны анықталады. Ол кезде Олимпия ойындарына тек әуесқойлар ғана қатысуға құқылы еді. Осы уәжді алға тартқан ХОК Джимді Стокгольмде өткен ойындардың жүлдесінен айырды.
Кейіннен ХОК-тың бұл әрекеті талай рет сын садағына ілікті. Сан мың спортшы мен бапкер, миллиондаған жанкүйер Торпты қолдап, әділдік сұрады. Алайда спорт басшылары ұзақ жылдар бойы үнсіз қалды. Кейіннен бұл іске түрлі қоғамдық ұйымдар араласып, істің ақ-қарасын анықтауды қатаң түрде талап етті. Ақыры арада 70 жыл өткеннен кейін әділдіктің ақ туы желбіреді. 1982 жылы ХОК тарапынан қателік кеткені ресми түрде мойындалып, Торптың жүлделерін қайтару туралы шешім шығарылды. Медальдардың өзі 1983 жылдың 13 қазанында заңды иесін тапты. Бірақ Джим ол күнді көре алмай кетті. Ол 1953 жылдың көктемінде 65 жасқа қараған шағында көз жұмған еді.
Торп жарық дүниемен қош айтысса да, осы күнге дейін оның есімі ерекше құрметпен аталады. Ол АҚШ-тың «ABC Sports» телеарнасы жүргізген сауалдама бойынша «ХХ ғасырдың ең керемет спортшысы» деп танылды. Ал 1951 жылы атақты спортшы жайында «Джим Торп: нағыз америкалық азамат» атты фильм жарық көрді.
Дәл осындай оқиғалар әлемдік спорт тарихында сирек болса да кездесіп тұрады. Енді солардың кейбіріне тоқталайық: 1952 жылы Хельсинкиде өткен Олимпия ойындарының аса ауыр салмақтағы боксшылар арасындағы финалдық сайыста америкалық Эд Сандерс пен швециялық Ингемар Юханссон күш сынасты. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. Мұндай жағдайда жеңген боксшыға алтын медаль беріледі де, жеңілгені күміс алуға тиіс. Спорт заңдылығы солай. Бірақ бәсеке барысында Скандинавия түбегінің түлегі тым сылбыр қимылдады деген желеумен ұйымдастырушылар Юханссонға тиесілі жүлдесін бермеді. Боксшы дауласып жатпады. Ол қолды бір сілтеді де, қонақ үйге аттанды.
Жоғарыда айтылған жекпе-жекті жан-жақты зерттеген тарихшылар арада 30 жыл өткен соң Ингемар Юханссонның жүлдесін өзіне қайтару қажет деген қорытынды жасады. ХОК бұл уәжге құлақ асты. 1982 жылы 50 жастағы Швецияның азаматына күміс медаль салтанатты түрде табыс етілді.
2000 жылы Сидней Олимпиадасында әйелдер арасындағы 4х400 метрлік эстафеталық сайыс АҚШ құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. 4х100 метрлік бәсекеде олар қолаға қол созды. Осы команда сапында Мэрион Джонс та өнер көрсетті. Бұл есім көпшілікке етене таныс. Ғасырлар тоғысында айтулы спортшының өнеріне сүйсінбеген жанкүйер кемде-кем. Қысқа қашықтықта жүгіруде ол алдына жан салмай, әлем чемпионаттарында алтын тұғырға сан мәрте көтерілді. Сиднейдегі ойындарда 3 алтын және 2 қолаға қол жеткізді. Алайда уақыт оза Джонстың допинг қолданғаны анықталды. Сол үшін ол Олимпия ойындарында жеңіп алған жүлдесінің барлығынан айырылды.
Мэрионның кесірі командалық әріптестеріне де тиді. Эстафеталық сайыстарда өнер көрсеткен Джирл Майлс-Кларк, Монике Хеннэгэн және Летеша Колэндер алтыннан айырылса, Кристи Гэйнес, Торри Эдвардс және Нэнсин Перри қоладан қағылды. Ал Мэрион Джонстың өзі темір торға тоғытылды. Десек те «жан алысып, жан беріскен» жарыстарда жанкештіліктің үлгісін көрсеткен қыздар бұл қиындықты мойынсұнған жоқ. Олар әділдікті талап етіп, ақыры көздеген мақсаттарына жетті. 2010 жылы Лозаннадағы төрелік сот жоғарыда есімдері аталған бұрымдыларды ақтап алды. Белді ұйымның үкімі қысқа болды: «Бәріне кінәлі Мэрион Джонс! Олай болса, өзге спортшылар неге жапа шегулері керек? Олардың жеңіп алған жүлделері қайтарылсын!» Көп ұзамай ХОК-тың тарапынан бұл талаптар мүлтіксіз орындалды.
Міне, «Еңбек еш кетпейді» деп бекер айтылмайды. Егер адал жолмен жүрсең, түбі әділдіктің үстемдік құратыны анық.