Тіршіліктің мың сан дауысын еш кедергісіз естудің үлкен бақыт екенін басына түспеген жан біле ме? Өкінішке қарай, елімізде бұл бақыттан қағылған 150 мың адам бар десек, оның 10 мыңнан астамы Алматы қаласында тұрады. Оларға қамқорлық көрсету – қоғамға ортақ міндет.
Күні кеше мегаполисте «Teñ Qogam» деп аталған есту қабілеті бұзылғандарды әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Құлағы мүкіс жандарды қолдауға арналған осындай тағы бір орталық қалада екі жыл бұрын есік ашқан еді. Жыл басынан бері мүгедектігі бар 1 768 адам орталық қызметіне жүгінген. Мамандар қамкөңіл жандарға қоғамға бейімделуге көмектесіп, психологиялық, құқықтық қолдау көрсетумен қатар тұрмыстық, әлеуметтік және қаржылық дағдыларды меңгеруге үйреткен. Осы уақытқа дейін бірқатар азамат әлеуметтік үйдің көмегімен жұмыс тауып, олардың кейбірі тоқыма ісі, аяқкиім жөндеу салаларында өз кәсібін ашқан көрінеді.
«Есту қабілеті бұзылған азаматтарға лайықты жұмыс тауып беру басты назарда. Олар құрылыс саласында, есеп кассаларында, киім және азық-түлік дүкендерінде, баспаханаларда, спорт кешендерінде еңбек етіп жүр. «Teñ Qogam» орталығына мүгедектігі бар барлық адам, оның ішінде олардың ата-аналары мен жақындары жүгіне алады. Біздің орталықта әлеуметтенуге көмектесетін арнаулы психолог кеңес береді», дейді «Teñ Qogam» әлеуметтік қолдау орталығының басшысы Аманбике Ерғалиева.
Есте болса, мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында оларға ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсететін, жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін «Teñ Qogam» әлеуметтік қолдау жобасының тұжырымдамасын 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген еді. Игілікті жоба кәсіпкерлердің де әлеуметтік салаға ден қоюына мұрындық бола бастаған.
Аталған санатқа жататын азаматтар Алматы қаласындағы О.Жандосов көшесі 10, сондай-ақ Қ.Сәтбаев көшесі 37а мекенжайларында орналасқан әлеуметтік орталыққа жүгініп тиісті көмек ала алады. Республика аумағында есту қабілеті шектеулі жандарға арналған мамандандырылған 24 мектеп бар. Олардың екеуі Алматыдағы №1 арнаулы түзету мектебі мен есту қабілеті бұзылғандарға арналған №5 арнайы түзету мектебі. Ондағы балаларға қаладағы үш колледж бен Туризм және спорт академиясынан жоғары және орта арнаулы білім алуға мүмкіндік қарастырылған.
«Жыл басынан бері мүгедектігі бар 23 мың алматылық техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді. Жеке оңалту бағдарламасын 85%-ға дейін орындау жоспарлануда. Айта кетейік, сурдологиялық көмекке мұқтаж 1 282 адамның 970-і көмек алды. Ымдау тілі маманының қызметтерін есту қабілеті бұзылған 760 адам пайдаланады. Орталық сонымен қатар адамдарға сурдологиялық көмек алуға көмектеседі», дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тең мүмкіндіктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев.
Жалпы, ел көлемінде құлағы мүкіс балаларға қатысты қордаланған проблемалар аз емес. Мәселен, елдегі туа бітті құлағы жоқ және құлағы бітеу балалардың саны 700-ден асып жығылған. Бұл жағдай көршілес Ресей мен Қытай мемлекетінде де белең алып тұр. Мамандар бұл экологиялық жағдайдың әсерінен туындайтын кесел деген жалпылама жауаптан аса алмай келеді. Ең өкініштісі, ғылым тілінде «Микротия және атрезия» деп аталған бұл дертке тап болған өрендерге операция жасайтын отандық мамандар жоқ. Ал аталған операцияны АҚШ, Үндістан елдерінде жасату кемі 70-80 мың доллар тұрады. Өз беттерінше «Микротия және атрезия» қоғамдық қорын ашқан ата-аналар балаларының болашағына алаңдаулы. Ата-аналарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – бір құлағы жоқ балалар мүгедектер санатына жатпайтындықтан әлеуметтік жәрдемақы да ала алмайды.
– Қызым Адиляның тумысынан бір құлағы жоқ. Соның салдары сап-сау екінші құлағына кері әсерін тигізуде. Үш жыл бұрын 100% еститін екінші құлағының қабілеті қазір 75 %-ға дейін төмендеп кеткен. Елімізде, тіпті ТМД көлемінде операция жасайтын білікті маман жоқ. Қанша уақыттан бері бұл тақырыпты зерттеп, шетелдік мамандармен де кеңестім. АҚШ дәрігері Джозеф Роберсон операция жасауға келіскенімен, емнің құны 99 мың долларды құрап отыр. Қыруар ақшаны қайдан табамын, аталған дерт түріне квота да қарастырылмаған, – дейді алматылық Ерболат Қуанышев.
АЛМАТЫ