• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қазан, 2022

Қазақтың қабілеті

535 рет
көрсетілді

Үлкен жазушы, зерделі қаламгер Мұхтар Мағауин: «Ұлттық рухтың ұстын-тірегі, қайнаркөзі және күш-қуаты – сол халықтың қабілеті» деген екен. Сол сияқты үндінің ұлы ойшылы Рабиндра­нат Тагор, әрбір халық әлем қауымдас­тығы алдында өзінің басқаға ұқсамай­тын ерекше ұлттық қабілетімен дарала­нып тұрмаса, ол халық жойылуға бет бұрған қасірет жолындағы ұлт екенін айта отырып: «Табиғи қабілет-зердесінен айырылған халықтың келешегі күңгірт» деп ой қорытыпты.

Яғни әр ұлттың жеке-дара қабілет-қа­рымы оның қорғаны. Өйткені қабілет дегеніміз – сол халықтың рухани һәм тұр­мыстық мәдениеті мен қарапайым кәсіптік-шаруашылық тетіктерінің шебер үйлесімі. Сонымен қатар бұл дүние этностың тілдік мәдени қарым-қатынасы тұрғысынан да айрықша байқалып тұрады.

Мысалы, патшалық Ресей басылымдарында: «Қазақтар рухани өте дарынды халық. Әдебиеті бай. Тұрақты тіркестен тұратын толып жатқан импровизациялары бар. Мақал-мәтелдері қысқа әрі нақты. Сөздері ойлы, мәнерлі, образды» деп жазылса («Большая энциклопедия», 1902. Том-10. С-744), «Россия» көптомдығының 18-томында жарияланған «Қырғыздар» атты жазбада: «Қазақтардың (киргиз-кайсаки) өз ойын жеткізе білудегі мүмкіндігі мен тіл шеберлігі, халық ауыз әде­биеті байлығын өнерінің өркендеп жатуымен байланыстырған жөн», делінген екен.

Сол сияқты, ресейлік зерттеуші Виктор фон Герн мен неміс ғалымы Ф.Фон Хелль­вальд қатарлы тұлғалардың еңбектерінде, қазақ халқының қонақжайлығы мен мейір­­бандығы туралы айтылып, әсіресе, аңға­рымпаздық, сұңғылалық қасиеттері керемет дамыған деп баға берілгенін байқаймыз.

Осы орайда, шетелдік оқымыстыларды таңғалдырған халқымыздың сұңғылалық қасиеті жайлы мына мысалға тоқталсақ, ертеректе Арқа жұртына аңғарымпаздығымен аты шыққан Әбіқай атты шешен бір күні кешкі ымырт үйіріле бастаған тұста: «Жігіттер күйлі бие мініп, төбет ит ерткен қонақ келе жатыр, дайындала беріңдер» депті. Үкімді естіген ауыл адамдары «Әбекең де айтады-ау» дегендей, бірер құнжыңдасып қоя салады. Арада бие сауым уақыт өткенде расында, мінгені бие, ерткені төбет біреу келіп түседі.

Елең еткен жұрт «Әбеке айтқаныңыз дәл келді, қалай білдіңіз?» деп қолқа салады. Сонда шешен: Әй, шырақтарым, бұ­ған ешқандай көріпкелдіктің қатысы жоқ. Маңайда болып жатқан тіршілікті тани біліңдер! Мана шетте тұрған құла айғыр батысқа қарап жер тарпып оқыранды. Ол үйірі басқа ұрғашы жылқының келе жатқанын білдірсе, анау қызыл қаншық өзінен-өзі әбігерленіп, жаланып бірдеңені асыға күткендей қыңсылады. Яғни ол бөтен төбеттің иісін сезді. Бар болғаны осы депті.

Осылай алда болатын оқиғаларды көз­бен көрмей-ақ, таным-түйсігімен сезе алатын қазақтан басқа халық аз. Өйткені өзін қоршаған табиғатты танып, өсіп-өнген ортасын білу, сол арқылы өмір сүру дағдысын жеңілдету тек ақылды, парасаты мол, қабілеті кемел жұрттың ғана үлесінде болатын дүние. Тағы бір мысал, көшпелі аталарымызды алып қарайық: алдындағы малының терісі мен жүнінен киім жасап киіп, сүтінен өзіне қажет барлық тағам түрлерін өндіре алған. Яғни мына ғаламда олар ешкімге тәуелді болмаған.

Айталық, бір ғана сүт. Шөлдесе дереу малын сауып жіберіп, сүтін пісіріп іше қояды. Ғаламда сүт сияқты тез қайнайтын сұйық жоқ. Қазақ едел-жедел, алым-берім уақытты «сүт пісірімдей» деп тегін айтпаған. Осы бір сүттен екі-үш күндік ас айран ұйытады. Одан кейін апталық, айлық тағам қызыл ірімшік, ақ ірімшік, ежігей жасайды. Іркіт пісіп май шайқайды. Ол майды қарынға салып, қажет болса екі жылға дейін сақтайды. Қарынға май салудың өзіндік амал-айласы бар. Ең әуелі іркіттен ажыраған майды әбден сығып, суынан арылтады. Суы арылмаған май көпке шыдамайды, көгеріп кетеді. Апаларымыз майды қарындағанда қылшық жібермей тазалайды. «Майдан қылшық суырғандай» дейтініміз осы. Алда-жалда қарындалған майға қойдың құмалағы сияқты зат араласып кетсе қиын. Май бұзылады. Қазақтың «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегені осыдан келіп шыққан.

Міне, көрдіңіздер ме, бір сүттен қаншама тағам жасалады. Оның ең кереметі уақыттық (күн, ай, жыл) және мерзімдік (қыс, жаз, күз, көктем) тұрғыдан әр кезге, әр уақытқа бейімдеп жасай алуы. Айталық, құрт, жарма, малта, т.б. Бұл тағам қанша уақыт тұрса да бұзылмайды. Ертеде ұзақ жорыққа шыққан сарбаздар құрт алып шыққан. Махамбеттің «Алты малта ас болмай, Ерлердің ісі бітер ме» дейтіні осы.