Қаланың қарбаласынан кейін ауылдағы құлаққа ұрған танадай тыныштықты жатырқап тұрады екенсің. Кезінде айдыны кемерін кеміріп жатқан Арал теңізінің бір қолтығын паналаған Ақбасты ауылында келген алғашқы ой осы болды. Сол сәтте-ақ 15 жылдай бұрын дәл осы мекенге ат шалдырғанымыз да еске түсе кетті. Содан бері ештеңе өзгермеген сияқты. Дүние бір орнында тұрып қалғандай.
Өзіміз қонған үйдің ауласына шыға бере жаңағы байламымыздың асығыс жасалғандығын ұқтық. Бұрынғы мен бүгінгі Ақбастының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екен. Әуелгі жаңалық – ұялы байланыс бұл ауылға да жетіпті. Бұрын құм арасындағы алақандай Ақбастыға жолы түскендер байланысы бар жерге жеткенше қалтасындағы телефонын ұмыта тұратын. Қазір ондай емес, қалаған жеріңмен хабарласа бересің.
Қалалықтарға бұл аса бір таңсық жаңалық болмауы мүмкін. Ал Қызылордадан 750, аудан орталығы Аралдан 250 шақырым жерде жатқан ақбастылықтар үшін үлкен өзгеріс.
Ауылдағы тағы бір жаңалық – елді мекенге ауыз су тартыла бастапты. Аядай ғана ауылдағы жалғыз көшені бойлай қазып, құбыр тастап барады. Іргесі қаланған 60 жылдан бері суды сырттан тасып, шеген құдыққа құйып ішіп отырған Ақбасты жұрты үшін бұл алақайлайтын қуаныш, алдағы күнге аман жеткізер деген үміт сәулесі.
Небір алағай, бұлағайды бастан кешсе де туған топырағынан табан ажыратпай отырған жұрт та, олардың маңдай тер, табан ақысымен жиған ақ адал малы да былтырғы қуаңшылықтан қиналып шықты. Арал тартылғалы бергі торығуды кіші теңіздің айдыны ұмыттырған жұрттың біразы былтырдан бері өзге өңірлерден қоныс іздей бастапты. Бастаған құрылысын тоқтатып, «әлдеқалай күн болады» деп екіұдай күй кешіп отырғандар да жоқ емес. Осының бәріне қарамастан, аядай ауылда тіршіліктің қазаны бүлк-бүлк қайнап жатыр.
Таңғы тыныштықты дырылдаған мотоцикл даусы бұзды. Жалпы, ауылда көліктің осы түрі өте көп. Жолсызда жай көлікпен 250 шақырымдағы аудан орталығына жету үшін 4-5 сағат қиналсаңыз, мотоцикліңіз демде жеткізеді. Құм арасынан мал қарауға да қолайлысы осы. Одан қалды әр үйдің алдында жол талғамайтын көліктің неше түрі қаңтарылып тұр.
– Қазір ауылда 70-тен астам үй, 422 тұрғын бар, – дейді Құланды ауылдық округінің әкімі Заманбек Ердіқалықов.– Әлеуметтік көмек, жәрдемақы алушылар жоқ. Былтыр басталған 116 шақырымдық ауыз су құбыры құрылысы келер жылы аяқталады.
Ауыл тарихын қаттаған жалғыз орын – мектеп мұражайы. Жалпы, бұл білім ошағы өз бастауын 1935 жылы Авань ауылында ашылған 7 жылдық аралас мектептен алады. «Авань» атауы туралы да болжам жетерлік. Біреулер оны кемелер аялдайтын «гавань» сөзінен туындатады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында осы өңірлерге сырттан жер аударылғандарға байланысты «ауған» деген атаудан келіп шықты дейтіндер де бар. Кейін осы маңдағы Көкарал, Авань, Шөмішкөл елді мекендері орталықтандырылып, Ақбастыға көшіріледі. Алпысыншы жылдары ақбастылықтар асарлатып үлкен мектеп салып, оны 1977 жылға дейін пайдаланады. Сол жылы Құланды жылқы зауытының бір фермасына айналған Ақбастыда жаңа білім ошағы бой көтеріпті. Уақыты келгенде тас та мүжіледі, темір де тозады. 2011 жылы сол тұстағы облыс әкімі Болатбек Қуандықов Ақбастыға сапармен келіп, қабырғасы тіреумен тұрған мектепте оқып жатқан балаларды көреді. Ауыл халқына уәде берген әкім сөзінде тұрып, 2012 жылы шағын жинақты мектеп салынды.
Қазір 50 орындық білім ошағында 85 бала екі ауысымда оқып жатыр. Қатарынан 2 жыл 11-сыныпта бала болмаған екен. Мектеп директорының орынбасары Жолдасбек Маханбетовтің айтуынша, биылғы оқу жылында бітіруші түлектер бар. «Шүкір, бастауыш сыныпта да бала көбейіп келеді» дейді ол қуанып. Мектеп жанында балабақша есебіндегі шағын орталық та жұмыс істейді.
Жалпы, баяғыдан бұл ауылға ат ізін салатын атқамінер сирек. Әсіресе істің бар тетігі қолдарында тұрған Астанадағы дөкейлер келе қоймайды. Келген күнде де тікұшақпен қатынап, ауылдың төбесінен топ ете қалады. «Солар көлікке мініп, жолсызбен жүріп көрсе, біз алпыс жылдан бері шегіп келе жатқан азап-мехнаттың шет-шебірін сезінер еді» деседі ауылдағылар.
Бұл арадағы ауылдарға жетпісінші жылдарға дейін тек су жолы арқылы келетін. «Айдынға шыққанда көкжиегі көз талдыратын телегей су бір күндері таусылады деген ешкімнің ойына келген емес» дейді жағалауынан шегінген теңізді көзбен ұзатып салған қариялар. Жырақтан келіп қоныс тепкен өзгенің де өзегін талдырмаған қайран теңіз елуінші жылдардың аяғында елеусіз ғана тартыла бастап, он шақты жылдың мұғдарында мидай далаға айналып шыға келді.
Бұл ауылдың халқы атамекенінен табанын ажыратпау үшін не істемеді дейсіз... Сол жетпісінші жылдардың соңын ала мұнда жылқы зауытының фермасы құрылып, кеше үйдей толқынмен алысқан балықшылар қолына құрық ұстаған жылқышыға айналып шыға келді. Әрине, ел адамы үшін кәсіптің қайсысы да бөтен емес. Бірақ күнкөріске жараған бұл тірлік те аса бір баянды бола қойған жоқ.
Ақсақалдармен сөйлесе қалсаң, ауыл туралы аңыздарды сабақтай жөнеледі. Соның бір парасы іргедегі Манабай баз төңірегінде өрбіп жатыр. Осы маңда Манабай атты атақты бай болыпты. Өрісі төрт түлікке толған дәулетті азаматтың малы арасында қылқұйрықтының қатары қалың болса керек. Бірде мыңдаған жылқысына су іздеген бай құдық қаздырады. Кейіннен өзінің жиған-терген алтын, күмісін, қолдағы бар қазына байлығын әлгі құдыққа көмдірген деседі.
Манабай баздың басындағы биіктігі 3-4 метрдей болатын үлкен күмбезді кесене біздің кезімізге де аман жеткен екен. Қазір орны төбешік болып жатыр. Қаздырған құдығы да көміліп қалған. Жетпісінші жылдары ауылдағылар ол жерді қазып та көрген екен. Бірақ найзаның ұшы, кісен секілді тот басқан темірлерден өзге ештеңе шыға қоймапты. Кейіннен ауылдағылар қазына көмілді деген жерге қайта күрек салып көріпті. Бұл жолы да іздегендері табылмаса керек.
Осыдан біраз бұрын Ақбастыға Манабайдың ұрпағымыз деген бірнеше азамат Ақтөбеден келіпті. Бабаларының құмға көмілген қазынасы жайлы хабар құлағына тигендер арнайы техникамен сол араны тағы бір қазып көріп, құрқол қайтыпты. Манабай баздан табылған жәдігерлер қазір мектеп мұражайында тұр.
Ақбастының бренді – ауыл ортасынан шығып жатқан ыстық қайнар. Рас қазіргі қызуы алғаш ашылған 70-жылдардағыдай қатты сезілмейді. Былтырғы қуаңшылық кезінде екінші ұңғыма қазылып, 650 метрден шыққан ащы су ойсылқара тұқымын «алдауға» әбден жарап тұр. Қазір ауылдағы осы түлік біткен шағын көлшіктің айналасында.
Ауылда жұмыссыз жастар жоқ. Бәрі мал мен балық шаруашылығының айналасында. Алты шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ақбасты азаматтарының ауылдағы ортақ шаруалардан шеттеп қалған жері жоқ. Жырақтағы жұртшылық осылайша бір-біріне қарайласып, тіршілік көшіне ілесіп келеді.
– Осының бәрі үзілуге айналған үмітімізді жақсылыққа жалғаған Кіші Аралдың арқасы, – дейді ауыл тұрғыны Октябрь Қалабаев. – Бірақ соңғы 3-4 жылда теңіз айдынына дариядан тамшы су түспеуі алаңымызды күшейтіп отыр. Былтырғы қуаңшылық та осы күдігімізді қоюлатып кетті. Көпшілігі тісіне ілінер түк таппай қиналған түлігінің төлін сатты. Ауылға сырттан келген көлік қаптап, бар төлді арзан бағаға алды да кетті. Тіпті үйінен өзіне керегін ғана алып, шаңырағын тастап кеткендер де бар. Біз де алда көштің бетін Ақтөбеге бұрамыз-ау. Атамекенді қимасақ та осыдан басқа амал қалмады.
Жалпы, мұндағы тіршілік жаман емес. Теңіздің табаны кепкен анау бір жылдармен салыстырғанда ханға сәлем берместей жағдайда. Қорасында малы, теңізінде балығы барда ел біреуге қол жаюдан аулақ. Тіпті мұндағылардың аудан орталығымен байланыстырып жатқан жолдың азабына да еті үйренген. Бар тілектері – Кіші Аралдың алыстап кетпеуі. Кешегі үлкен теңіз қайтқандағы қасіретті көргендер енді мына айдыннан айырылып қаламыз ба деп қорқады. Баяғыда осы маңайдағы берекесі тасыған бірнеше ауыл тартылған теңізбен бірге жер бетінен жойылған. Ауылдағылар солардың кебін біз де киеміз бе деп алаңдаулы.
Ақбасты – баяғы қалпын сақтап қалған байырғы жұрттың бірі. Біреудің үйінде қуаныш болса, шақыртусыз-ақ жетіп келіп, тіршілігіне араласа кететін аңқылдақ ағайынды осы жерден кезіктірдік. Жалғыз көшесінде кездесе қалсаң, сені танымаса да аңқылдап алдыңа түсіп, шаңырағына қарай жол бастай жөнеледі. Ауылдың кейбір үйлерінде қоршау да жоқ.
«Сыртқа шықсақ, үйдің есігіне құлып салмай кетеміз. Ұрлық-қарлық деген атымен жоқ елді мекеннің біріміз» дейді ауыл әкімі Заманбек Ердіқалықов. Ақсақалдар шешімімен мұндағы дүкендерде арақ-шарап сатуға тыйым салынған. Содан болар, ауылда оқыс оқиға жоқтың қасы. Ел азаматтары ақылдасып, шағын тойхана салып қойыпты. Мұндағылардың қызық-қуанышы, қаде-қауметінің бәрі сонда өтеді. Ауыл клубындағы кітапханада 9441 кітап бар. Бір медбекет ақбастылықтарға жыл он екі ай қызмет көрсетіп тұр.
Әр ауылдың сөзін ұстар салиқалы үлкендері болады. Ақбастыдағы сондай қариялардың бірі тоқсанға таяған Сәуелхан Смағұлов. Жетпісінші жылдардың орасында теңіз түбі көрініп, ел дағдарып қалған тұста тиісті орындарға өлеңдетіп хат жазып, ауылда көшпелі балық бригадасының құрылуына себепкер болған да осы кісі. Бригаданы өзі басқарып, су жағалап балық сүзіп, ел өзегін талдырмаған Сәуелхан ақсақал әлі де аттан түсе қойған жоқ. Былтырғы қуаңшылықтың кезінде де тұрғындардың басын қосып, ортақ іске жұмылдырған қария ел іргесі бүтін болса деген тілектің үстінде.
– Баяғы жылдары мұнда 500-ге жуық шаңырақ бар еді. Жетпісінші жылдары біразы Жалағаш ауданына қоныс аударды. Тіршіліктің ауанымен әркім жайлы мекен іздеген кезді де көрдік. Қалған елдің тілеуін тілеп отыр едік, былтырғы қуаңшылық қинап жіберді жұртты. Елдің несібесіне 40 шақырым жердегі Талпақтан су шығып, төрт түлікті біршама сақтап қалдық. Кіші Арал – осындағы айнала қонған елдің игілігі. Ендігі тілегіміз сол ортақ қазан ортаймаса екен. Осы қыста қар, көктемде жауын-шашын да мол болды. Амандық болса, келер жылы ауыз су да жетеді, – дейді қария.
Жалпы, алақандай ғана Ақбастыдан белгілі азаматтар көп шыққан. Солардың бірі Айдос Құлманов жетпісінші жылдардың ортасында Қазақстан компартиясы орталық комитетіне хат жазып, соның ізімен ауылда халыққа нәпақа болар жұмыс табылып, жүдеген жұрт бір серпілген еді. Бала кезінде оқыс жағдайға ұшырап, бар өмірі бойындағы дертпен арпалысумен өткен аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі аудан мен облыстан аспаған шағымды Алматыдағы пошта арқылы тиісті жерге жеткізіп, жұртқа себін тигізген екен. «Ақбастының Зейнолла Шүкірові» атанған Құлманов өмірден жастай өтіп кетіпті.
Тағы бір қызығы, бұл ауыл кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін электр желісі дегенді тек сырттан ғана көретін. Ел қазынасын молайтуға басқалардан кем үлес қосып көрмесе де балықшы ауыл талай жыл моторды алданыш қылып келіпті. Оның өзі де күніне 4 сағат қосылып, қалған мезгіл қараңғылық құшағында қала берген. Тек 1991 жылы ғана аудандық электр желісін басқарып отырған осы ауылдың тумасы Арапхан Сұлтанов жарық тартқызып, жерлестерінің алғысын алды.
Былтырғы қуаңшылық кезінде де осы ауылдан түлеп ұшқан талайлар Ақбастының азабын даусы жеткен жерге дейін айтып-ақ жатты. Осы ауылдың перзенті ғалым, белгілі жыршы Берік Жүсіпов бауырымыз елдің жанайқайын әлеуметтік желі, баспасөз арқылы біраз жерге дейін жеткізді. Биліктің қиындықты еңсеруге жасаған жоба-жоспарының жүзеге асуына осындай азаматтардың себі көп тиді.
Жоғарыда айттық қой, ауылда тіршілік бар. Мұндағылар әлеуметтік көмек, жәрдемақы дегенге алақан жаймайды. Өзінікі өзіне жетіп жатқасын ортақ несібеге қол созып қайтсін. Біз келгенде Ақтөбе өңірінен келген азаматтар XVIII ғасырда ел шетін жаудан қорғаған айтулы ер Тұғыр батырға ас беріп, бәйге ұйымдастырып жатыр екен. Осы шараға ауылдың азаматы, белгілі жырау Демеубай Жолымбетов те келіпті.
– Осы мекенде туып, ержеттік. Қызмет істеп, кейіннен Ақтөбеге қоныс аударғанымызға да 25 жылға қарапты. Қазір елдің бұрынғы қалпын сағынғанда соғып, мауқымызды басып қайтамыз. Жетпісінші жылдардың ортасында ауылдағылармен кездесуге келгендердің бірінің көпке саусағын безеп тұрып: «Келешекте мұнда қара мысық қана қалады» дегенін де көзіміз көріп, құлағымыз естіген. Сол тұстағы қандай саясаттың салқыны екенін білмеймін, ешкімнен ештеңе сұрамай, еңбегіне жалынған жұртты түп қопара көшіріп жіберуге құмарлар көп-тұғын. Шүкір, олардың дегені болмады. Әзірге ел де, жер де орнында. Біразы көшкені болмаса ел сол байырғы жұртта отыр. Тек мына мектептің жайы алаңдатады. Бас құраған жастар орталыққа орын теуіп, ауылда бойдақтар қатарының қалыңдағаны, табиғи өсімнің кідірістегені көңілге кірбің түсіріп тұр, – дейді белгілі жырау.
Осы күні кері қайттық. Кеше 250 шақырымды 6 сағат жүріп өткенімізді ойлап, көлікке қинала отырдық. Артта алақандай Ақбастының алдан үмітті жұрты қалып барады.
Сол үміт сенімге жалғасса екен.
Қызылорда