«Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында елімізде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жедел әрекет ету күштерінің «Эшелон», «Іздеу», «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығулары өтті. Осыған орай Қазақстанға ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келіп, бірлескен жауынгерлік іс-қимылдарды пысықтады.
«Қазақстан әскеріндегі жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығына қатысты іс-шаралардың бәрі Жоғарғы Бас қолбасшының Қарулы Күштерді қажетті деңгейде жауынгерлік әзірлікте ұстап тұру туралы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», дейді Бас штаб бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Жедел жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашев.
Елімізде өткен «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші кезеңі тамыз айының ортасында басталды. Кең көлемдегі ауқымды жаттығулар Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Құсайыновтың жалпы басшылығымен өтті.
Оқу-жаттығулардың алғашқы кезеңінде әскерлер қолбасшыларының басшылығымен тактикалық, жұмылдыру және тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары жүзеге асты. Оның ішінде аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің қатысуымен ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында өткен «Бекет-2022» ведомствоаралық оқу-жаттығулары барысында Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бөлімшелері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, гибридтік сипаттағы дағдарысты жағдайлар туындаған кездегі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
«Айбалта-2022» оқу-жаттығуының екінші кезеңі 26 қыркүйекте басталса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Іздеу», «Эшелон» және «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығулары 8 қазанда мәреге жетті. ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің 2018 жылғы 8 қарашадағы шешіміне сәйкес бірлескен маневрлер ұйымға мүше елдердің бірінің аумағында жыл сайын өткізіліп тұрады», дейді Бас штаб бастығының орынбасары. Осыған сәйкес биыл коалициялық күштердің бірлескен оқу-жаттығулары Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» және «Гвардейск» полигондарында өтті.
Оқу-жаттығудың жабылу рәсімінде сөз алған генерал-лейтенант Марат Құсайынов халықаралық оқу-жаттығулардың ауқымы кең болғанын, сондай-ақ қатысушылардың кәсіби деңгейі жоғары екенін атап өтті.
«Өзара іс-қимыл», «Іздеу», «Эшелон» оқу-жаттығулары шеңберінде басқару органдарының үйлесімді іс-әрекеті, жауынгерлік әзірлікті және жедел үйлесімділікті жетілдіру міндеттері орындалды. Қатысушылардың барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Жауынгерлік техника мен қаруды кәсіби тұрғыда меңгеру арқылы дайындық деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті», деді М.Құсайынов.
Басшылық пен қатысушылардың пікірінше, оқу-жаттығулар ҰҚШҰ ұжымдық күштері қолбасшылығының әскерлерді басқарудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін, далалық машық деңгейін және жедел әрекет ету күштері іс-қимылдарының үйлесімділігін жоспарлаудағы, қамтамасыз етудегі практикалық дағдыларын арттыруға, міндеттерді орындаудың жаңа нысандары мен тәсілдерін әзірлеу мен меңгеруге мүмкіндік берді.
Бұдан өзге еліміздің шығыс, батыс, орталық және оңтүстік өңіріндегі жеті полигонда жедел-тактикалық, тактикалық, тактикалық-арнайы, ұшу-тактикалық және арнайы оқу-жаттығулары өткенін атап өту керек.
Бұл жаттығулардағы оқу-жауынгерлік тапсырмалар «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық жаттығуларының бірінші кезеңінде бас қолбасшылар мен қолбасшылар қабылдаған шешімдер негізінде әзірленді.
Ұйым аясындағы жаттығулардың Қазақстан аумағында өтуіне тоқталған генерал-майор Марат Аймашев: «Біріншіден, «Өзара іс-қимыл», «Іздеу», «Эшелонның» үшеуі де біздің әскерлер өткізетін оқу-жаттығулармен өзара тығыз байланысты», дейді. Екіншіден, «Іздеу» және «Эшелон» арнайы жаттығуларын өткізуде қарулы қақтығыстардағы барлау жүргізу мен материалдық-техникалық қамтамасыз етудің маңыздылығы ескерілгенін бөле айтты.
«Үшіншіден, ұжымдық әрекет ету күштерінің қолбасшылығы қолданыстағы келісімдерге сәйкес Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлеріне жүктелді. Коалициялық күштердің жауынгерлік іс-қимылдарын жоспарлау мен оларды қолдануды жүзеге асырды. Сол себепті арнайы операциялар мен гуманитарлық акцияларды өткізуден бастап, қорғаныс жүргізу мен қарсы шабуылға көшуге дейінгі тапсырмалардың барлық спектрі бойынша жауынгерлік және арнайы іс-қимылдар біздің басшылығымызбен жүзеге асты», деді генерал-майор М. Аймашев.
«Бұдан өзге, қазақстандық тарап ұжымдық әрекет ету күштері қолбасшылығының басқару пунктінде жер бедерін неғұрлым толығырақ әрі дәл бағалауға және 3D форматта жедел жауынгерлік жағдай жасауға мүмкіндік беретін арнайы геоақпараттық платформа орналастырып отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті әзірлеген жауынгерлік іс-қимылдарды модельдеу үшін математикалық бағдарламалық қамтамасыз ету де пайдаланылды», дейді ол.
«Эшелон» арнайы оқу-жаттығуында әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.
Оқу-жаттығу шеңберінде стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел, тактикалық деңгейдегі күштер мен құралдардың барлық жиынтығы қолданылды. Олардың қатарында зақымдалған машиналарды жинау пункттері, далалық нан зауыттары, ветеринарлық зертханалар, артиллериялық қоймалар мен жанар-жағармай қоймалары, жанармай құю пункттерін айтуға болады. Сондай-ақ мобильді далалық госпиталь, оның ішінде бірегей далалық инфекциялық госпиталь да жұмыс істеді.
Әскерлерді тасымалдауға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, жанармаймен қамтамасыз етуде «Қазмұнайаэро» бірыңғай оператор-жеткізушісі, сондай-ақ өрт-техникалық жаттығуларға Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері тартылды.
Сонымен бірге осы оқу-жаттығулар аясында материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету бойынша екі ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ең өзекті мәселелер бойынша ауқымды зерттеулер жүргізетін зерттеу тобы құрылып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, коалициялық авиациялық күштерді құру мен қолдану, биологиялық қатерлерді бейтараптандыру бойынша РХБ қорғаудың және медициналық қамтамасыз етудің жиынтық құрылымын сынақтан өткізді.
«Іздеу» арнайы оқу-жаттығуы барысында ҰҚШҰ мүше елдердің барлау органдары мен бөлімшелері арнайы тапсырмаларды орындады. Олардың басым бөлігі түнгі уақытта іске асқанын ерекше атап өткен жөн.
Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің әскер топтары қарсыласқа үздіксіз барлау жүргізді. Осы мақсатпен әуе, радиолокациялық, радиотехникалық, арнайы, әскери және артиллериялық барлау бөлімшелері бірыңғай жүйеге біріктірілді.
Арнайы мақсаттағы барлау топтары мен нысанаға алу және бағыттау топтары парашютпен десант түсіруді пысықтады. Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қолдану арқылы оптикалық-электрондық барлау жүргізілді. Мамандар рейд жасаушы жасақтарды айналып өткен қарсыластың орналасқан жерін анықтап, артиллерия мен майдандық авиацияның соққылары арқылы жою үшін олардың орналасқан координаттарын берді.
«Бұл жерде барлау құралдарының оқ атып, зақымдау кезіндегі атысы мен соққы беру нәтижелері де бағаланды. Соның барысында артиллериялық, зымырандық және авиациялық бөлімшелерді жіті барлау және қайта нысанаға алу да іске асырылды», деді генерал-майор М.Аймашев.
Оқу-жаттығулардың мақсаты бойынша басқару органдары мен контингенттердің бөлімшелері негізінен ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік өңіріндегі қарулы қақтығысты оқшаулау іс-қимылдарын пысықтады. Онда Ұжымдық әрекет ету күштерін топтастыру, бірлескен операцияларды дайындау кезіндегі өзгермелі жағдай ескерілді.
Арнайы оқу-жаттығудың мақсаты – басқару органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру, далалық білім деңгейін көтеріп, барлау бөлімшелерінің үйлесімділігін арттыру.
«Ұжымдық жедел әрекет ету күштері басқару органдары мен бөлімшелерінің «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұжымдық қауіпсіздіктің Орталық Азия өңіріндегі қарулы қақтығысты оқшаулаудағы бірлескен операцияларды дайындау мен өткізу мәселелерін пысықтауды көздейді. Бұл жаттығулар үш эпизодтан тұрды. «Қарсыласқа оқ ату», «Маневрлік қорғаныс жүргізу» және «Қорғаныс шебін ұстап тұру».
Маневрлерге Қазақстан Республикасынан десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Ресей Федерациясынан әуе-десанты әскерлерінің, Тәжікстан Республикасынан ұтқыр күштердің, Беларусь Республикасынан арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері қатысып, бірлескен тактикалық және арнайы міндеттерді орындады», деді генерал-майор М.Аймашев.
Коалициялық күштер әуе, радиолокациялық, арнайы және оптикалық-электрондық барлау құралдарымен артиллерияны кешенді қолдануға негізделген соғыс қимылдарын жүргізудің жаңа тәсілдерін игерді.
Артиллериялық бөлімшелер батареяға қарсы күресті жүргізу, өртке қарсы маневр жүргізу, танкке қарсы құралдарды жаппай қолдану жөніндегі тапсырмаларды пысықтады.
Қазақстан Әскери-әуе күштері мен Ресей Федерациясы Әскери-ғарыштық күштерінің майдандық және армиялық авиациясының экипаждары аралас авиациялық топтардың құрамында коалицияның құрлықтағы бөлімшелерінің іс-қимылдарына атыспен қолдау көрсетіп, тактикалық әуе десантын түсіру арқылы жаралылар мен науқастарды эвакуациялау тапсырмаларын орындады.
– Бұл оқу-жаттығуда біз барлық зақымдау құралдарын: артиллерияны, от шашу құралдарын, әуе, жер, радиолокациялық, оптикалық-электронды барлаудың барлық түрі арқылы авиацияны біріктіретін боламыз. Мұның бәрі бірыңғай ақпараттық-жауынгерлік кеңістікке біріктіріледі, – дейді генерал-майор М.Аймашев.ф