• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қазан, 2022

«Sarap»: Жаңа саяси дәуірге қадам

389 рет
көрсетілді

«Sarap» эксперттік клубы Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығымен бірлесіп «Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» тақырыбында аймақтық отырысын Алматы қаласында өткізді. Кезектен тыс президент сайлауы, елдегі реформаларға қатысты өзекті мәселелерді арқау еткен жиында сарапшылар сайлаудың саяси жүйедегі рөлі, саяси науқан барысындағы инновациялар мен өзгерістер, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

«Халықтың 70 пайызы сайлауға қатысуға дайын»

Әсем ҚАЙДАРОВА,

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ)басқарма төрағасының орынбасары:

– ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік сауалдама нәтижесіне сәйкес, ел азаматтарының 70 па­йызы сайлауға қатысуға дайын. Қоғам осы сайлаудан үлкен нәтиже күтуде, әсіресе сайлаудан кейінгі жүзеге асатын әлеуметтік-экономикалық реформаларға зор сенім артып отыр. Білім, ден­саулық сақтау, инфрақұрылымның дамуына қатысты мәселелерде кандидаттар бағдарламасы­ның мазмұнды нәтижеге бағытталғаны толғанды­ра­ды. Сондықтан алдағы кезектен тыс президент сайлауы – әлеуметтік сектор мен экономика­дағы өзекті мәселелерді шешудің жолы. Бұл мәселелер шешілмей, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, елдің адами капиталын дамытудың тұрақты іргетасын қалыптастыру мүмкін емес. Бұл сайлау – Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің нышаны болмақ.

«Реформаларды нәтижелі іске асыру қажет»

Айдар ӘМІРЕБАЕВ,

Саяси зерттеулер орталығының басшысы:

– Кез келген сайлау мемлекеттің қуаты мен сайлаушылардың азаматтық көзқарасын біл­діреді. Мемлекет басшысының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі бас­тамасы Әділетті Қазақстанды саяси жобалаудың барлық үдерісі тұрғысынан дәйекті қадам. Сайлау – ол қашанда сынақ. Әсіресе қоғамдағы барлық мәселені әшкерелеген қаңтар оқиғаларынан кейін бұл тиімді шешім болып отыр. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіби объективтілік пен зеректіктің айрықша дағдыларын көрсетуге тиіс.

Мемлекеттік қазақстандықтарды толған­дыратын өзекті мәселелерге құлақ асатын кез келді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндескен әрі ішкі қажеттіліктен туған қадам. Бұрын «бірінші  –экономика, одан кейін – саясат» деген тіркес қолданылатын, ал қазір билік экономикалық және саяси тұрақтылықты теңестіргісі келеді. Сондықтан қазіргі жағдайда елімізге сайлау керек. Қоғамдағы барлық реформалық үрдістің саяси-құқықтық діңгегі қалыптасып, әлеуметтік жобалар азаматтық белсенді қоғамның мұң-мұқтажына, мақсат-мүдделеріне бағытталуы қажет. Мұнымен қоса елімізге сыртқы фактор­лардың да әсерін жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде Еуразия құрлығы халықаралық турбуленттілік жағдайында тұр. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда мемлекеттілікті күшейтумен қатар, қоғам үміт артып отырған саяси-экономикалық реформаларды тиімді әрі нәтижелі іске асыру керек.

«Әйелдердің саяси мүмкіндіктері әлі де аз»

Ләззат НҰРҚАТОВА,

Қазақстандық қоғамдық даму институты Стратегиялық талдау тобының жетекшісі:

– Қазақстанның саяси тарихында екінші рет президенттікке кандидат ретінде әйелдер тіркеліп отыр. Қоғамда әйелдердің саяси мүмкіндіктері артқанымен, билікте өкілдік ету мәселесі әлі де болса аз. «Қазақстандық отбасы-2022» ұлттық баяндамасын дайындау шеңберінде жүргізілген Қазақстандық қоғам­дық даму институтының жаппай сауалдамасы­ның нәтижелері бойынша гендерлік теңдік­ті бекітуге әлеуметтік-мәдени көзқарастар кедер­гі келтіруде. Осылайша, қазақстандықтардың 38,2 пайызы ерлерді тиімді саясаткер деп таныса, тек 3,4 пайызы әйелдер саяси қызметте табысқа жете алады деп есептейді. Олардың ішінде әйел респонденттерге қарағанда, ерлерді тиімді сая­саткер деп санайтын ер респонденттер 17,4 пайызға артық. Сонымен қатар саясатта жынысы маңызды емес деп есептейтін әйелдер көрсеткіші ерлерге қарағанда 13,6 пайызға көп, ал «тиімді саясаткер ерлер ме, әлде әйелдер ме?» деген сауалға респонденттердің жартысынан астамы (55,2 пайызы) жынысы маңызды емес деп жауап берген.

«Демократия дала өркениеті үшін жат емес»

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты, профессор:

– Қоғамдағы саяси мәдениеттің, қоғамдық пікірдің жаңа бір арнаға түсуі соңғы уақытта байқа­латын жағымды құбылыстың бірі. Мем­лекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәлімдегеннен кейін қоғамда, әсіресе шығармашыл ұйымдар өкіл­дері еліміздің жаңа бір деңгейге көтерілуіне сенім арта отырып, кәсі­би ұсыныстарымен бөлісіп жатыр. Ал қазіргі жағ­дайда қоғамдағы ахуалды сарап­тап отыру маңызды. Осы орайда қоғамда саяси мәде­ниет пен қоғамдық пікірдің жандануына «Қасіретті қаңтар» оқиғасы әсер етті. Қаншама қайғылы оқиғалар болған кезеңде қоғам революциялық емес, эволю­циялық жолмен даму қажеттігін түсінді.

Қалың жұртшылықтың көкейінен шығып отырған тағы бір маңызды мәселелер – Ата Заңға енгізілген өзгерістер, геосаясаттағы жағдайлар. Бүгінде Украинадағы қақтығыс, халықара­лық кеңістіктегі өзге де ахуал ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай кезеңде еліміз әлем елдерімен жақсы қарым-қатынас ұстанып, теке-тірестен гөрі келісімге келу, кейбір мәселеде түсі­ніс­тікпен қараудың маңызды екеніне басты назар аударып отыр. Ал еліміздегі демократиялық қадам­дардың айқын нышанын президенттікке кандидаттарды, оның ішінде әйелдерді тіркеу барысынан аңғарамыз. Демократия дала өркениеті үшін жат емес. Оның бастауын көшпелі өркениет қоғамында Билер институтының тиімді жұмыс істеуінен, әйелдердің мемлекет дамуына қосқан үлесінен айқын көреміз. Сондықтан да сайлау қазақ қоғамын жаңа бір дәуірлеу кезеңіне көтеретін қадам болуы керек.

«Мерзімінен бұрын сайлау өткізудің себебі көп»

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ,

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

– Қоғамда сайлау тақырыбы қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Сайлаудың мерзімінен бұрын өтіп жатқанына сыни пікірлер білдіріп жатқандар да бар. Мерзімнен бұрын өтуіне әсер еткен негізгі факторлар сыртқы геосаяси және ішкі мәселелер екені көпшілікке түсінікті. Жыл басында орын алған қасіретті жағдайлар реформаларға себепкер болды. Енді сол реформаларды жүзеге асырып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту үшін билік осындай қадамға барып отыр. Сондықтан да бұл сайлауға әрбір азамат қатысып, ел болашағы үшін күресуі керек.

Саяси жүйені трансформациялаудың маңызды кезеңі – сайлау процесінің жағымды жақтарымен қатар жағымсыз тұстарының да болатыны анық. Сол олқылықтар алдағы парламент сайлауында түзетіліп, бекітілетініне сенімдімін.

«Саяси науқан қоғамдық санаға серпін береді»

Рүстем ҚАДЫРЖАНОВ,

Саяси зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері:

– Қоғам тарапынан қызу талқыланып жатқан прези­дентті бір мерзімге сайлаудың маңыздылығы өте жоғары. Жеті жыл мерзім аяқталғаннан кейін бұл мін­детті келесі кандидаттың атқаруы да саяси жү­йе­­де маңызды рөлге ие. Өйткені президент алдағы же­ті жыл мерзімде еліміздің саяси экономикалық, әлеу­­мет­тік мәселелеріне бағытталған реформаларды жү­зе­ге асырып, елімізді жаңа бір кезеңге көтереді д­еген сенім зор. Бұл саяси жүйені сапалы деңгейге көте­руге ықпал етеді. Сондықтан демократиялық жүйе­­ге ба­ғы­т­талып отырған еліміздің алдағы даму кезеңі мем­­ле­кеттік тұрақтылық пен қарқынды дамуға бет алуға тиіс.

Жаңа саяси науқанның басталуы жаңа кезеңнің, жаңа электоралды қадамдардың бас­талуына серпін береді. Осы орайда еліміз саяси модернизацияға, билік институттары құры­лымының жаңаруына бағытталған жаңа кезеңде тұр. Еліміздегі жаңа саяси кезеңнің бас­талуына қаңтар оқиғаларының ықпалы бар. Сондықтан бұл сайлау қоғамдық сананы жаңа бір арнаға түсіріп, ел үмітін ақтауға, қоғамның жаңаруына ықпал ететін қадамға толы болуға тиіс. Ал оның нақты нәтижесі сайлаудан кейін айшықталатын болады.

 

АЛМАТЫ