• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қазан, 2022

Қараталда күріш бітік шықты

392 рет
көрсетілді

Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін, жалпы Жетісуда күріш өсіретін жалғыз аудан қалды. Бұл – Қаратал ауданы. Биыл ауа райы диқандар үшін қолайлы болды, дәнді дақылдар да бітік шықты.

Қаратал ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауданда 24 800 гектар суармалы егістік болса, соның 8 мың гектары – дәнді дақыл. Былтыр күріш 800 гектарға егілсе, биыл 950 гектардан өнім жиналды. Жер ың­ғайы мен климаттық ерекшелігіне қарай дәнді дақылдың осы түрі­мен мұнда 3 ірі шаруашылық және онға жуық шағын шаруа қожалығы айналысады.

Қараталдағы күріш өсірумен айналысатын ірі фермерлердің бірі – «Үштөбе» ЖШС. Оның директоры – Арман Ахметбаев. Жиырма жылдан астам уақыттан бері егіншілікті кәсіп еткен шаруа­шылықтың 1 351 гектар жері бар. Онда майбұршақ, дәнді дақыл­дар мен мал азығы егіледі. Биыл күрішті 260 гектарға сеуіп, одан 1 100 тоннадан астам дән жинады. Өнімнің орташа шығымы гек­тарына 40 центнерді құрап отыр.

«Бұрнағы жылдарға қара­ған­да, биыл су жеткілікті, ауа райы да қолайлы болды. Соған қарай өнім жақсы шықты. Қазір жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Дақылды сабағынан кесеміз, бір аптадай алқапта күн астында жатып қураған соң күріш дәні жиналады. Сосын қоймаға апарып бастырамыз. Серіктестіктің цехында қаптап, нарыққа жөнелтеміз. Өніміміз негізінен жергілікті тұрғындарға саудаланады, Жетісу мен Алматы облысының сауда орындарына жіберіледі», дейді серіктестік директоры А.Ахметбаев.

Оның айтуынша, күріш алқабында ауыспалы егіс талабы қатаң сақталады. Осы мақсатта күріш былтырға қарағанда биыл азайтылып, 260 гектарға егілсе, келесі жылы оның көлемі қайтадан 500 гектарға жеткізіледі.

Аудандағы күріш бағытын­дағы сервистік дайындау орта­лы­ғы осы шаруашылық базасын­да, яғни онда жаңа 11 ауыл ша­руа­шы­лығы техникасы шоғыр­лан­ған. Ал жалпы, серіктестіктің өзінде 6 комбайн, 23 трактор бар. Шаруа­шылықта 18 адам жұмыс істейді.

«Бізде күріштің қызылордалық «Янтарь» және ирандық «Кусар» сұрыптары егіледі. Бұл екі сортқа белгілі себеппен тоқталдық. Ауданы­мыз салыстырмалы алғанда солтүстік аймақта орналас­қандықтан және Қаратал өзені­нің басында отырғандықтан, алқап суаратын су жылып үлгер­мейді. Біздің осындай ерекшелігі бар климатымызға осы екі сорт қолайлы. Өнім сапасын төмен­детіп алмау үшін екі жылда бір рет тұқымды жаңартып отырамыз. Өзім зейнетке шыққанмын, бірақ шаруашылыққа көмектесіп, тәжірибемді жастарға үйретіп келемін», дейді серіктестіктің агрономы Вилорий Цой.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемле­кеттен тұқымға, тыңайт­қыш­тарға, гербицидке берілетін субсидия шаруаларға едәуір көмек болған. Оған қоса ауданға көктемгі және күзгі жиын-терінге 800 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінсе, соның 80 тоннасын осы «Үштөбе» ЖШС кәдесіне жаратқан. Осы ретте биыл облыста ауыл шаруашылығын қолдауға 27,9 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінгенін, оның 23,2 млрд теңгесі субсидияға жұмсалғанын атап өтуге болады.

Айта кетейік, Қаратал ауданында 1 183 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бар, соның 400-і егінмен, 450-і мал өсірумен айналысады. Оған қоса 333 аралас шаруашылық пен 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.

 

Жетісу облысы,

Қаратал ауданы