«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да 2022 жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деп атап өткен болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде.
Осы орайда Балалар жылын жариялау арқылы республиканың үшінші мегаполисінде жас өскіндердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, өз елінің жалынды патриоты болып өсуіне кең жол ашылды. Сондықтан биыл балаларға барынша қамқорлық жасауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, өскелең ұрпақтың өз заманына сай өсіп-жетілуіне қажетті инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ білім беру саласында балалар үшін қауіпсіз, жайлы жағдай жасайтын шаралар қабылдануда.
Балалардың толыққанды қосымша білім алуына және тәрбиесіне, оның ішінде экологиялық, спорттық, шығармашылық және зияткерлік даму мүмкіндіктерін іске асыруға жан-жақты жағдай жасалып отыр.
Соның бірі – шаһардағы Оқушылар сарайы. Онда балалардың сабақтан кейінгі қосымша білім алуына, ішкі таланттарын ашып, қабілеттерін арттыруға және бос уақытын үйірме жұмыстарына арнап, тиімді пайдалануға жағдайлар қарастырылған. Сол себепті Балалар жылының өз мақсатына орай жоғары деңгейде өтуіне Оқушылар сарайының қосар үлесі орасан. Осыған сәйкес оқу жылы барысында ұжым тарапынан арнайы жоспар түзіліп, көпшілік іс-шаралар, ашық тәрбие сағаты, кездесулер мен байқау-жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтар болсақ, үйірмеаралық «Ең алғыр, ең талантты, ең өнерлі ана мен бала» сайысы, «Тыныш әлем – әсем әуен» концерттік бағдарламасы, балалар ақыны Ж.Қалжанованың шығармашылығына арналған «Өлеңмен тербетемін бөбегімді» атты кездесу кеші, «Жұлдыз-ай» балалар шығармашылығы байқауы, «Дос болайық бәріміз» балдырғандарға арналған танымдық сабағы, «Өткеніміз өнеге, күткеніміз келешек» ашық сабағы, «Өрелі өнер көшінде» сахна саңлақтарымен сыр сұхбат кеші, «Жүрекке төгіп мың сәуле» атты М.Мақатаев шығармашылығына шолу және «Аманат бір өзіңе жырым-сырым» сабағы. Оқушылар сарайында осы секілді және бұдан басқа да көптеген мәдени, танымдық іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Ал Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Жас оқырман-2022» қалалық байқауы мекемеішілік болып басталып, қала көлемінде жалғасын тапты. 2022 жылы мерейтойы белгіленген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жас оқырмандар жатқа мәнерлеп оқып, үздіктер анықталды.
Өткен оқу жылының қорытындысы ретінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қала көлемінде «Shumkent Daryny FEST» мерекелік бағдарламасы көпшілікті қызықты думанға бөледі. Сонымен қатар қалалық деңгейде өтетін «Шымқаланың жас таланттары-2022» қалалық өнер байқауының мекемеде үйірмеаралық кезеңі ұйымдастырылды. Мұнда «Жас биші», «Жас ақын», «Жас шебер», «Жас әнші», «Жас суретші», «Жас ғалым», «Дәстүрлі ән», «Жас аспапта орындаушы», «Көркемсөз шебері», «Сахналық қойылым» номинациялары бойынша жас өнерпаздар сайысқа түсіп, дарынды балалар анықталып, жүлделі орындар иеленді.
Балалар жылының аталып өтуі – дарынды жастарды іріктеп, қолдау көрсетуге ықпал етіп отыр. Мәселен, 2022 жылғы 10 сәуірде өткен «Біз іздеген таланттар» халықаралық байқауында «Шабыт» театр үйірмесі (жетекшісі Л.Касымова) «Сахналық қойылым» номинациясы, ал «Көркем сөз» аталымы бойынша А.Тастанбекова бас жүлдені иеленді.
Сонымен бірге биылғы 14 мамырда өткен «Ертеңіме сенемін» атты халықаралық көпжанрлы фестиваль өнер байқауында «Құрманғазы» ансамблі бас жүлде және «Бурабай» шипажайына шақырту қағазын жеңіп алды.
2022 жылғы 17 қаңтарда Балалар жылы аясында ұйымдастырылған республикалық балалар суреті байқауында «Сұңғат» үйірмесі Ж.Мейрамбай, Б.Темірбек пен А.Теңізбай Алғысхат және арнайы дипломдармен марапатталды.
«Алтын ұрпақ» атты қалалық өнер байқауы «Әгугай домбыра» үйірмесінің шәкірті Ж.Байтемір І орын иеленді. Қазақтың ағартушы ақыны Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Алтын ұрпақ» қалалық жыр-терме байқауында «Шабыт» аула клубы, «Күй-домбыра» үйірмесі және «Өрлеу» ансамблі жүлделі орындардан көрінді.
Республикалық тамыз конференциясы аясында қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналған республикалық форум Оқушылар сарайы базасында ұйымдастырылды. Форум аясында қонақтар мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып шығуға мүмкіндік алды. Аталған іс-шара барысында Оқушылар сарайының ауласында көркемсурет және қолөнер бағытында балалар шығармашылығының көрмесі ұйымдастырылып, техникалық және балалардың қоғамдық ұйымдары тақырыбында секциялық жұмыстар онлайн және штаттық режімде өтті. Сонымен қатар жаз бойы алты ауысымда жұмыс атқарып, 1 200 бала мен жасөспірімнің демалып, сауығуына жағдай жасалды. Осы ретте Оқушылар сарайына қарасты қала сыртындағы Сайрам ауданының Көлкент ауылында орналасқан «Ақсу» сауықтыру лагерінде жазғы маусымның жабылу салтанаты өтті. Оған жауапты мамандар мен іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатысып, «Бір үйдің баласындай» атты лагерь алауы жанында думанды кештің көрігін қыздырды.
Бұдан бөлек биылғы 12 қазанда Оқушылар сарайы ғимаратында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов Шымкент қаласының білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Осындай республикалық деңгейдегі жиын, конференция, кездесулердің мекеме базасында өтіп тұруы ұжымның іскерлігін арттырып, жаңа игі істерге қадам басуға талпындыратыны сөзсіз.
Өз кезегінде Оқушылар сарайының негізгі мақсат-міндетіне арнайы тоқталсақ, бұл түрлі бағытта қосымша білім беру, көпшілік-ұйымдастыру және әдістемелік, спорттық-техникалық жұмыстарды мекеменің барлық бөлімдерімен бірлесе жүзеге асырады.
Мәселен, 2022-2023 оқу жылында 115 үйірме жұмысы мынадай бағыттар бойынша балаларға қызмет көрсетті. Атап айтқанда, әлеуметтік-педагогикалық, тілдік, спорттық, техникалық, көркемсурет, хореографиялық, саздық-аспаптық, сахналық және шешендік өнер, сондай-ақ қолданбалы өнер үйірмелері. Бүгінгі таңда мұнда қосымша білім берумен қамтылған оқушылар саны 4 965 баланы құрайды.
Айта кету керек, Оқушылар сарайындағы үйірмелер бала мен ата-ананың талабына, сұранысына қарай жұмыс жүргізеді. Соңғы үш жылдық жұмысқа жасалған мониторинг нәтижесінде қазіргі жастардың ұлттық өнер, қолөнер және спортқа деген қызығушылығы артқаны байқалады. Мәселен, ұлттық бағыттағы үйірмелер саны 2019-2020 оқу жылында – 31-ге, 2020-2021 жылдардағы оқу жылында – 43-ке, өткен жыл мен биылғыны қосқанда – 53-ке жетіп, оған қатысатын балалардың сан мөлшері де 3 200-ден асып отыр. Аса қызығушылық танытқан үйірмелер қатарында ұлттық би және домбыра бар. Сонымен бірге жаңадан ашылған қолөнер үйірмелері: құмыра жасау, ағаш өңдеу, былғары өңдеу, зергерлік, гобелен, киіз басу, тоқыма өнеріне балалардың қызығушылығы аса жоғары.
Қазақта «Өнерлінің өрісі кең», «Жігітке жеті өнер де аз», деп жас жеткіншек ұл-қызын өнерге баулуға аса зор мән берген. Сондықтан ұлттық дәстүрлі өнерді қайта дәріптеу, өміршеңдігін жоғалтпау мақсатында домбыра, қобыз, жетіген, дәстүрлі ән, айтыс өнерін насихаттайтын 25 үйірмеге бүгінгі таңда 400-ден астам бала қатысады. Бұл дегеніміз домбыра мен қобыз секілді ұлттық аспаптарға жас өрендердің құрметі мен қызығушылығының артқаны. Әрі сол арқылы дәстүрлі ән-жыр өнерін бүгінгі ұрпақ санасында қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік туып отыр.
Әлбетте балалардың ұлттық қолөнерге деген ынтасы бөлек. Соның бір айғағы, үйірмеде сәндік-қолданбалы қолөнердің ең көне және кең тараған түрлерінен тоқыма тоқу, ою-өрнектер ою, киіз басу, түрлі киім үлгілерін тігу, гобелен тоқу, былғары және ағаш өңдеу, зергерлік бұйым жасау бойынша алғашқы сызбаларды қағазға түсіру секілді жұмыстарды оқушылар ықыласпен орындауда.
Бәсекелестік белең алған бүгінгі нарықтық заманда ұлттық қолөнерімізбен танылып, осы күндері таңсық болған ежелгі бұйымдарымызды жас ұрпақтың қолымен жаңғырту да Оқушылар сарайының басты мақсаттарының бірі. Соның нәтижесінде келешекте үйірмеде тәлім алып шыққан қолөнерші жастар небір кәдесыйлар, көздің жауын алар зергерлік бұйымдар жасап, қазақтың қолөнерін жандандыратыны ақиқат. Бұл сондай-ақ жастардың нарықтық экономикаға тез бейімделуіне және қолөнершілік бағытта жеке кәсіптерін ашуға көмектеседі.
Оқушылар сарайында қазақтың ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынып отыр. Ежелден садақ тарту, бәйге, сайыс, күрес, аударыспақ сияқты спорт түрлерімен айналысқан қазақ өте жауынгер халық болған. Сол үшін де осынау асыл қазынамызды қайта тірілтіп, жас ұрпақтың өз тамырынан қол үзіп қалмауына жағдай жасауға міндеттіміз. Бүгінгі таңда тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту және қазақша күрес үйірмелеріне сұраныс көбейген. Осы орайда Оқушылар сарайының ұжымы тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар белсенді атқарылуда.
ШЫМКЕНТ