• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2022

Жас ділмарлар додасы

646 рет
көрсетілді

Ана тілдің тазалығын сақтау жас ұрпақтың жаңа сапасын қалыптастырудағы маңызды міндет. Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп интернатындағы «Ділмар» шешендік өнер үйірмесі бұл бағытта жемісті жұмыс істеп келеді. Білім ордасы Абай университетімен бірлесе ­I республикалық жас ділмарлар сайысын өткізді.

Өскелең ұрпақты сөз құдіре­тін тануға баулитын шешендік өнер байқауына еліміздің 4 өңі­ріндегі 8 университет пен 1 колледжден 16 студент қатысып, қос бөлім мен төрт кезең бойын­ша сөз додасына түсті. Жұп­тар арасында өткен жекпе-жек тү­ріндегі шешендік сайыс қаты­сушылардың көркемдік деңгейі мен білімін, ой ұшқырлығы мен сөздік қорын, тіл тазалығы мен сұрақ қою қабілетін сыннан өткізді. Қалған екі бөлімде шешендік сөздер мен толғауларды жатқа білу, жұмбақтап, астарлап айтылған ойдың түйінін шешіп, мәнін түсіну деңгейі анықталды. Қазылар мен қатысушылар ұпай саны бойынша жеңімпаздар бел­гілі болған соң ғана хабарланды.

Жас ділмарларға «Әлеумет­тік желінің әлеуеті күшті ме?», «Біз өзі жалқаумыз ба?!», «Ғылым­мен айналысып елге пайда келтіре алар ма едіңіз?» қатарлы бірқатар тақырыптар ұсынылып, ойды қуаттап немесе терістей отырып қорғап шығу, нақты дәлел, дә­йекпен ойды ықшам әрі көркем образды жеткізе алу талаптары қойылды.

Аманжан Еңсебайұлы, Рақым­ғали Абрарұлы, Береке Жұ­ма­қаева, Серік Қалиев, Жарқын Сәленұлы сынды тіл жанашырлары қазылық еткен байқау қоры­тындысы бойынша бас жүл­дені Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің студенті Рамазан Нұрланұлы же­ңіп алды. Жүлделі 1-орынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Дәулетбек Думан лайық болса, қос бірдей 2-орын І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті Талшын Талғатқызы мен М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің студенті Гүлай Қалиханованың қанжығасына байланды. Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттері Нұрай Әбді­бек, Қарақат Нұрлыжан және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Бағжан Болатбеков 3-орынға ие болды. Одан бөлек сөз сайысында өзгеше өнерімен көзге түскен үш қатысушыға арнайы жүлде табысталды.

– Жүйелі сөйлей алу адамның тұлға ретінде қалыптасқанының бір белгісі. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген хакім тағылымы бұған дәлел. Жал­пы сөйлеу мәдениеті өмірдің барлық саласын қамтиды десек, соның ішінде шешен сөйлей алу – адамның рухани болмысы мен табысының да кілті. Себебі бәріміз қоғамда өмір сүріп, күнбе-күн коммуникацияға түсетін жан­дармыз. Жүйелі сөйлей біле­тін адамның білімі, кісіні тыңдай алуы, өзін-өзі ұстауы, қисынды ой жүйесі, сөз мәдениеті ерек­ше­леніп тұрады. Өкініштісі, екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын еркін жеткізе алатын жас­тардың азайып келе жатқаны жасырын емес. Себебі неде десек, білім беру саласындағы жүйесіз реформалар мен шатқаяқтап тұрған тіл саясатына тірелеміз. Оған қоса технократтық заман­да Гутенберг өнер табысын місе тұтпай, Цукерберг әлеміне шұ­ғыл көшіп кетуіміздің де салдары бар. Білімгерлеріміздің көр­­кем шығарма оқудан шек­те­луі осыны байқатады. Бұл бай­­қаудың бірнеше мақсаты бол­­ды. Алдымен, тілімізге жа­­на­шыр­лық, сөз өнерімізге құр­­мет, халқымызда аманат бо­лып келе жатқан рухани мұ­ра­мыз­ды ұлықтауға деген құл­шыныс десек, сонымен қатар жас­тары­мызды дамытуға, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету деп түсінген орынды. Бай­қауға қазылық ете отырып, қа­тысушылар тарапынан біраз ізденістің, тың талпыныстың болғанын аңғардық. «Жүйелі сөз қисынды ойдан туады» дейді. Шешендік өнерде сөз ұтқырлығы, ой қисындылығы аса маңызды әрі шұбалтпай сөзді анық діттеген нысанаға дөп түсіре алу да шеберлік. «Көп ойлап жақсы сөйле нұсқа болсын, қайтарар жауабың да қысқа болсын» дейтін бабамыз әр сөздің қадірін білуді меңзейді. Байқау барысында сөз додасын қолма-қол, талдап-таразылап, әрбір қатысушының әр кезеңдегі сөз саптасына ашық білдірілді, әсіресе сөз қол­даныстарына, тіл тазалығына, көркемдігіне баға беріліп отырды. Өз орайында қазылар тарапынан айтылған сын-пікір қа­тысушылармен қоса тұтас көрермендерге де айтарлықтай өнеге-сабақ болды. Сөйлеу әре­кетімен қатар, тыңдарманын игеру, сахна мәдениеті дегендер де назардан тыс қалмады. Мұндай іс-шаралардың жандануы, дәстүрлі додаға айналуы аса маңызды. Өз ұлтымыздың ерекшелігі айшықтап, ұлттық кодымыздың құнын танытудың болашақ үшін қажеттігі аса зор, – дейді ділмарлар додасына қазылық еткен п.ғ.к, СДУ про­фес­соры Береке Жұмақаева.

Ұйымдастырушылар көрер­меннің айызын қандырып, рухани мұрамыздың мерейін үстем еткен байқауды дәстүрге айналдыруды көздейді. «Атамұра» кор­порациясы демеушілік та­ныт­қан жобада жүзден жүйрік шық­қандар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

 

АЛМАТЫ