Қалалық әкімдіктің және Халықты жұмыспен қамту орталығының қолдауымен Алматы қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде жастар мен оқу орындарын тәмамдаған түлектерді, сондай-ақ жұмысшыларды көптеп кездестіруге болады. Олардың дені өнеркәсіп, өндіріс орындары, сауда желілері, азық-түлік, медицина, білім берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандары тарапынан қажетті ақпарат алса, енді бірі сауалдамадан өтіп, жаңа жұмыс орындарының мүмкіндігімен танысты.
Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Ауталиевтің айтуынша, бүгінде қызмет көрсету саласында мамандар жетіспейді. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 160 жұмыс беруші қатысып, 3 мыңнан аса бос жұмыс орындары ұсынылған. Азаматтардың жекелеген санаттары бойынша жұмыс іздеп келген мүгедектер, пробациялық есепте тұрғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, алимент бойынша борышкерлер жұмыспен қамту шараларымен танысты. Жәрмеңкеге азаматтардың жекелеген санаттарына арналған жұмыс орындары бойынша квоталары бар жұмыс берушілер қатысты. Осы орайда бүгінде қарызы 3 млрд теңгеден асатын жұмыссыз борышкерлердің жәрмеңке алаңынан бос жұмыс орындарын қарастыруға мүмкіндігі де ескеріліп отыр.
Алматы қаласында тұрақты тіркеудегі жұмыссыз азаматтардың қысқамерзімді курстардан өту мүмкіндігі бар. Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздық бойынша тіркелгеннен кейін кәсіптік бағдар алуға жолдама беріледі. Осы жолы жәрмеңкеге 3 мыңнан аса адам жұмыс іздеп келсе, мыңнан астамы жұмысқа орналасуға жолдама алды. Ресми дерек бойынша қалада жұмыс іздеп жүргендердің саны 50 мыңнан асады.
«Казлегпром» ЖШС маман жөніндегі менеджері Дина Искакова кәсіпорында тігіншілер, әсіресе аяқкиім тігетін ер адамдардың жетіспейтінін алға тартты. Мектеп формасы, әскери және арнайы киімдер, аяқкиім тігуге маманданған кәсіпорын жылына 1,5 млн түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың жұп аяқкиім шығарады. Мұнда жұмысшының айлық жалақысы – 250-350 мың теңге аралығында. Жұмысшы мамандарын оқытатын колледждер Алматы технологиялық университетімен келісімшартқа тұрған. Алайда оқу орнын бітірген түлектер кәсіпорынға жұмысқа тұруға аса қызығушылық таныта қоймайды екен. Қазіргі жағдайда кәсіпорынға жүзге жуық жұмысшы керек. Осы орайда кәсіпорын басшылығы жұмыс істеуге келісімі болса, арнайы оқытып, біліктіліктен өткізу мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
Жәрмеңкеде «Казатомпром», «Қазтелеком», қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, «Полиграфкомбинат», демалыс орындары, банктер, оқу орындарының мамандары жұмыс іздеушілермен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді. Мамандардың пікірінше, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, жұмыс табуға септігін тигізген жәрмеңке еңбек нарығындағы ахуалды зерттеуге де ықпал етеді.
АЛМАТЫ