• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қазан, 2022

«Тұманды» Семей

472 рет
көрсетілді

Күз басталысымен Семейдің сұр тұманның құрсауында қалатын әдеті бар. Мұны табиғи құбылыс деп ойласаңыз қателесесіз. Бұл әбден ескіріп, тозығы жеткен жылу орталықтарынан тарайтын зиянды қалдықтардың салдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі осы бір өзекті экологиялық проблеманы шешуді тапсырған еді.

Құрылысы 1,5 жылда басталуға тиіс

Президент айтқандай, Семей заман талабына сай ыңғайлы қалаға айналуға тиіс.

«Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғын­да­рына қолайлы мекенге айналу қажет. Семейдің дамыту жобасын жос­пар­ла­ған кезде жоғары стан­дарт­тарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн», деген еді өңірге жасаған сапарында Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Семейдің инфрақұрылымы әбден тозғанын, халық жазда ыстық суға зәру болса, қыста үйлері жылынбайтынын сынаған-ды. Қаладағы жылу орталығы нысандарынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатқанын айта келе аталған мәселелерді түпкілікті шешуді жауапты ведомстволарға жүктеді.

Өңір басшысы Президенттің тап­сыр­масына сәйкес Семейге «Са­мұ­рық-Энерго» компаниясының өкіл­дері арнайы келгенін айтып, жылу ор­та­лығын салуға байланысты мәселе жан-жақты қаралғанын жеткізді.

«Жуырда қалаға «Самұрық-Энер­го» АҚ-нан жұмыс тобы келіп, Абай об­лысы әкімдігінің сала басшыларымен кездескен болатын. Аталған жұ­мыс тобы болашақ Жылу электр орта­лығының салынатын орнымен танысып қайтты. Алдағы уақытта бірлескен жұмыс жүргізілетін бола­ды. «Самұрық-Энерго» АҚ құ­ры­лыс жобасының техникалық-эко­но­ми­калық негіздемесін қайта жасайды. Құрылыс жұмыстары 1-1,5 жыл ішінде басталуға тиіс», деді Абай об­лы­сының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Айыппұлдан халық зардап шекпесе игі

Облыс орталығындағы ауа сапасына байланысты проблемамен Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов хабардар. Ол мұндай өзекті мәселе еліміздің басқа да өңірлерінде кездесетінін, оны жүйе­лі түрде шешуге күш салынатынын айтты.

«Әлбетте, өңірде бірқатар қорда­лан­ған экологиялық пробле­маның бар екенін білеміз. Мысалы, жылу ны­сандарының атмосфераға шамадан артық зиянды қалдықты шығарып жатқаны мәлім. Демек жылыту жүйесі толығымен орталықтандыруды қажет етеді.

Жасыратыны жоқ, елімізде коммуналды құрылымдарға қатысты жағдай өте күрделі. Республика аума­ғын­да 53 кәріз тазарту құрылымын күр­делі жөн­деуден өткізу керек. Бұл рет­те қал­дықтарды іс жүзінде жазық да­ла­ға тастайтын қалалар да бар екенін айта кет­кен орынды.

Бейберекет қоқыс полигондарының мә­селесі жеке қарастыруды талап ете­ді. Әрине, әкімдерге айыппұл салу жалғастырылады. Бірақ аталған мәсе­лені жүйелі түрде шешкен абзал. Бұл ба­­ғытта бүкіл тізбек, оның ішінде қай­та өңдеу компанияларының қыз­ме­ті де қа­дағаланады.

Өкінішке қарай, Семейдегі тұрмыс­тық қалдыққа арналған полигон­ның ахуалы мүшкіл. Алайда қазір онда сұ­рыптау желісі сатып алынып, іске қо­­сылуға тиіс. Еліміздегі көптеген ком­па­ния қазір қалдықтардан пайдалы компоненттерді алуды жолға қойған. Өйткені бұл – пайдалы кәсіп», деді З.Жолдасов.

Десе де қоғам белсенділері айып­пұл салу мәселесінде сақтық таны­тып, мұқият болу қажет деп санайды. Неге де­сеңіз, кәсіпорындар экологиялық айып­пұлдың ақысын тарифті көтеру ар­қылы халықтан өндіріп ала алады дейді белсенділер.

«Салалық заңда – бір ағашты кес­сең, орнына екеуін отырғызуға тиіссің деген норма бар. Кезінде бұл шаһар жасыл желекпен көмкеріліп тұрған еді. Өкі­ніштісі сол, Шәкәрім даңғы­лы­нан бастап, қаланың басқа да аудан­да­рын­да жасыл аймақтарды құрту үр­дісі белең алып отыр.

Жылу электр орталықтарына айып­­пұл салу мәселесіне келсек, сөзсіз ауа­ға та­рап жатқан зиянды қалдық үшін жа­уапқа тарту керек. Бірақ айып­пұл кез келген кәсіпорынның қаржы­лық жағ­дайына теріс әсер етіп, оның сал­да­рынан халық зардап шегетінін ес­тен шығармаған жөн. Яғни жауапқа тұтас­ ұйым емес, нақты кінәлі тұл­ға­лар тартылуға тиіс.

Қоқыс полигондарына тоқталсақ, бұл бағытта шағын елді мекендерде қал­­дықтарды жинап, қайта өңдеуді жол­ға қоюды ойластыру керек. Мәсе­лен, қазір кез келген ауылды жерге бара қалсаңыз, кіреберісінен үйіліп жатқан қоқысты бірден байқайсыз. Бұл мәселемен айналысуға дайын кәсіпкерлер табылар деп ойлаймын», деді қоғам белсендісі Николай Исаев.

Жуырда Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов заңсыз қоқыс по­ли­гондарын жоюға байланысты жұ­мыстар басталғанын хабарлады. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, «Қазақстан ғарыш сапары» компания­сы жүргізген ғарыш мониторингінің нәтижесіне сәйкес қала маңында 298 рұқсат етілмеген қоқыс қалдықтарын көму орны анықталды. Бұл полигондарды жою үшін 11 кәсіпорын белгіленген учаскелерді тазартуға тиіс. Қазір «АзияЭнергоПроектМонтаж», «Семей Тазалық», «СемАртаСтрой», «Зеленстрой», «СМЗ», «Фирма Азия», «Терезе» және «СемАвтоСтрой» сын­ды кәсіпорындар қаланың шеткі аумақ­­тарында бейберекет қоқыс орын­дарын жою жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Аталған заңсыз полигон учаскелері Знаменка тас жолы, Энер­ге­тик және Қарағайлы шағын аудандары, Құс фабрикасы мен бұрынғы әуе­жайдың аумағында орналасқан.

 

Абай облысы