Бір өлеңінің басында ақын Жұматай Жақыпбаев: «Где-то в этих степях придумали ноту» деген Виктор Шкловскийдің сөзінен эпиграф келтіреді. Және бұл сөз Қазақстан туралы телехабардың бірінде айтылғанын жеткізеді. Кеңестік заманның өзінде. Сөйтеді де: «Ел ескерер ерлігім жоқ не түрлі,Сондықтан да, Ләйлә, саған жақпадым.Уәйс сұлтан Жалаири секілдіМен, әрине, нотаны ойлап таппадым» дейді.
Басқаны қайдам, мен бұған сенемін. Алғаш нотаны кім ойлап тапқаны турасында әркім әртүрлі айтады. Нотаны ойлап таппаса да әлем бойынша музыка туралы алғаш ғылыми еңбек жазған әл-Фараби біздің топырақта туғанын қайда қоясыз?! Демек аузымызды толтырып әңгіме айта аламыз. Сол еңбегінде Фараби «біздің айналамыздағы дыбыстың бәрі кемеліне келмеген. Нағыз кемеліне жеткен дыбыс – адамның дауысы» деген тұжырымға келіпті. «Әлемнің ұстазы» атанған Әбунасыр бұл жерде «бақырған құр айқайды» (Абай) айтып тұрмағаны белгілі. Сол кемел дауыстың бүгінгі біздің замандағы иесі Димаш Құдайберген демей көріңіз. Осыдан ондаған ғасыр бұрын Отырарда туып, әлемде тұңғыш рет музыкалық ғылыми еңбек жазған әл-Фараби дүние есігін қазақ топырағында ашқан, сол Отырарда Шәмші туған, ендеше, әлем сахнасын Димаштың әнмен әлдилеуі де заңдылық. Кешегі көшпелілер дәуірін есепке алмағанда, бүгінде дүниеге қазақ ұлты не бере алды десе, бірден Димаштың есімі аталатыны сөзсіз. Осы уақыт өлшемі тұрғысынан қарағандағы көзқарасымыз осылай дейді. ХХІ ғасырдың басындағы кемел дауыс – Димаш Құдайбергеннің дауысы дер едік.
Күні кеше ғана, осыдан екі аптадай бұрын ғана айдай әлемге атақты Джеки Чанның кітап шығарғаны туралы ақпарат тарады. ХХ һәм ХХІ ғасырдың аса танымал әртісі кітабының мұқабасына Димаш Құдайбергеннің есімін жазыпты. Оны көрген әнші Димаш Instagram парақшасында алғыс білдірді: «Сүйікті актерімді жаңа кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтағым келеді. Осыдан 6 жыл бұрын дүние жүзіндегі адамдар мен туралы енді ғана біліп жатқанда маған қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсеткен алғашқы танымал тұлға болдыңыз. Сіздің «Авангард» фильміңізде басты әнді орындап, сізбен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алғаным менің шығармашылығымдағы ең жақсы сәттердің бірі болып қала бермек. Сыйлығыңыз үшін және менің қытайша есімім (Димаси) сіздің кітабыңыздың мұқабасында пайда болғаны үшін алғысым шексіз. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе», деп жазды Димаш Құдайберген. Бұл, әрине, бүгін қатардағы ақпарат болғанымен, қазақ ұлтына деген құрметті зоры. Сол арқылы елдің де атын шығарары сөзсіз. Қытайлар бұған дейін Шыңғыс хан туралы кино түсіргенін білеміз. Енді Димаштың айналасында жүргенінің өзі біраз жайды аңғартады.
Қазір Димаштың дауысына әлемдегі өркениетті елдердің бәрі тәнті. Былайша айтқанда, ХХІ ғасырдағы қазақ үнін тыңдап отыр. Тіпті оның дауысын тыңдай-тыңдай ауруынан айығып тұрғандар туралы деректер бар. Таза, періште жүректің үні екінші жүрекке жеткені былай тұрсын, ем болып та қонатынына шүбә келтіруге болмайды екен ғой. «Соңынан қалмай, сүйіспеншілігі мен махаббатын арнап жүретін әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандары, о тоба, қазақша ән салып тұр. Тілі төселген, сөзі анық, өзі жаттыққан. Димаштың тілі – қазақ тілі болғаны үшін бақытты, қуанышты кейіпте бар болмысымен беріле әнге қосылады» деп жазды Айгүл Аханбайқызы өткенде Димаштың Алматыдағы концертінен. Сол концертінде әнші «Бір аспанның тарихы» атты жаңа туындысымен әлем жұртшылығын бейбітшілікке шақырды. «Жер бетінің халқы ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінеді, бірақ біз бәріміз – бір планетаның балаларымыз және бір аспанның астында өмір сүреміз. Өмір – ең бағалы құндылық. Бірде-бір қасиетті кітап адамдарды қырып-жоюға шақырмайды. Біз достасуды үйренуіміз керек, бірді-екілі адам үшін миллиондаған балалар жапа шегіп жатыр. Бірлік болсын әлемде, жер шарының болашағы біздің қолымызда» деп дүние жүзіндегі адамзат баласын татулыққа үндеді. Мынадай алмағайып заманда бұл сөз басқаның емес, қазақ ұлты перзентінің аузынан шыққаны бүгінгі оқиға болса, ертеңгі тарих. Осы орайда Димаштың Қазақстандағы концертіне тыңдаушылар 68 елден келгенін ескерген жөн. Әлемдік саясаткерлер не билеушілер алты құрлыққа таралатын ақпарат құралдарынан осылай үн қатса ел елең етпеуі мүмкін. Тіпті ондай сөздердің саяси астарын түсінгенде әлгілердің пиғылы белгілі болып қала беретін әдеті ғой. Ал Димаштың мына сөздері – саясаттан биік, парасатқа жуық жүректің үні. Жүрек болғанда қандай, кеудесіндегі жұдырықтай ғана бір уыс сол етке жаһанды сыйдырған Құдайдың хикметі ол. Әйтпесе үніне алты құрлық аузын ашпас еді.
Калифорния штатының (АҚШ) сексенге аяқ басқан Сильвия Сандовал атты тұрғыны Димашқа Майкл Джексонның плакатын сыйлағанын білеміз. Бұл плакатты кезінде Сильвияға Майкл қолтаңбасы мен уақытын қойып, өзі сыйға тартқан. Және оны рамкасынан алып шығып Сильвияға беріп жатқанда, әнші байқамай шетін жыртып алады. Сильвия Джексонның кумирі болған жас кезінде, кейін Димашты көргенде плакатты соған беруді ұйғарып, ақыры жолығып, табыстайды ғой. Бір ғажабы, Майкл Сильвияға плакатты бергендегі дата – Димаштың туған күні, айы, жылы болып шығады. Ғажапты көрмейсіз бе? Жолаушының әрі қарай жол жүруіне рұқсат ретінде билет жыртып бергендей, бұл да Димаштың әншілік өнеріне Майкл Джексонның қолымен берілген Құдайдың жолдамасы іспетті. Ол Димаш Америкаға концертпен барғанда өзі іздеп тапты иесін. Басқа қисынға келмейді. Мен осы хикметке сенемін! Ал сіз өзіңіз білесіз...