• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қазан, 2022

Қарт Қожа туралы хикая

370 рет
көрсетілді

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин атын­дағы балаларға арналған үздік әдеби шығар­малардың республикалық байқауы қоры­тындыланды. Облыстық мәдениет бас­қар­масының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өтіп отырған байқауға Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының жас қаламгерлері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Балалар жылына орай, байқауда кішкентай оқырмандарға арналған үздік шығармалар және жасөспірімдерге ар­налған үздік шығармалар деген екі аталым бойынша сыйлық тағайындалған. Мұның сыртында, бір арнайы сыйлығы тағы бар. Қазылар алқасы байқауға келіп түскен материалдарды жабық түрде оқып шыққан.

– Автордың аты-жөні көрсетілмеді. Қазылар жұмыстарды бағалап, қоры­тын­дысын бізге ұсынды, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазылар алқасы қазақ тіліндегі екі номинацияны да Алматы қаласынан келген Мейіржан Жылқыбайға беруді ұйғарыпты. «Менің атам – Қожа» және «Шуақ» деген екі әңгімесін байқауға тапсырған жас жазушының бас жүлдесін өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет тапсырды.

Автордың айтуынша, алғашқы әңгі­месі Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі шығар­масындағы Қожа қартайғанда кім болар еді, оның немерелері қандай бала болып шығар еді деген оймен жазылған. Жеңімпаздың шығармасы да, шығармашылыққа келу тарихы да қызық.

– 13 жасымда көлік қағып кетіп, бір жыл ауруханада жаттым. Төбеге жай қарап жата бергенше кітап оқиын деп ойладым. Осылайша, ағылшын жазушысы Алан Милннің «Винни-Пухын» оқи бастадым. Бұл кітаптың ұнағаны соншалық, оқып біткеннен кейін «Неге маған да осындай сүйкімді кейіпкерлер туралы шығарма жазып көрмеске» деген ой келді. Осылайша, тәуекел деп қолыма қалам алдым, – дейді Мейіржан Жылқыбай.

Кейін Мейіржанның қолжазбасын та­уып алған анасы қуанып, ұлының әңгіме­сін мектептегі ұстаздары мен құрбыла­ры­на көрсетеді. Қолжазба сөйтіп жүріп бір күні Дулат Исабековтің қолынан бір-ақ шы­ғып, ақыры әйгілі жазушының алғысөзімен кітап болып басылып шығады.

Автор бүгінде IT саласында жұмыс істейді: веб және андроид қосымшаларын жасайды. Компьютер техникаларын жөн­дейтін шеберханасы да бар. Жас қалам­гердің қазіргі балалар әдебиеті туралы пайымы да бөлек.

– 2017 жылы «Батыр қоян» деген кіта­бым Оңтүстік Кореяда төрт тілде ба­сы­лып шықты. Сол кезден бері қазақ бала­лар әдебиетінің өткені мен бүгіні, ке­ле­шегі туралы көп ойланатын болдым. Ме­нің түсінгенім, бізде контент тұтыну мә­де­ниеті әлі дами қоймаған. Мен көрген Корея­мен салыстыруға мүлде келмейді. Бізде жетіспейтін бір нәрсе – маркетинг жоқ. Яғни жазушы өзінің туындысын өнім деп, ал оқырманды өзінің клиенті деп қарамайды. Көбіміз не жазғымыз келеді, соны жазып жүрміз. Үлкен қателігіміз де осында. Ал оқырман не оқығысы ке­леді? Онымен санасып жатқан жоқпыз. Содан кейін жастар кітап оқымайды деп ренжиміз. Көбіне кітап пен кітапты, жа­зушы мен жазушыны ғана салыстырып, жарыстырып қоямыз. Ал негізі, кітап­қа интертеймент, яғни біз­діңше айт­қанда, ойын-сауықтың бір түрі ретінде қа­рау керек. Мәселен, қазір бала­қайлар бас алмай қарайтын шетелдік мульт­фильм­дер де ойын-сауықтың бір түрі. Біз сол мультфильмдердің авторлары қол­­­данған аналитикалық амалдарды шы­ғар­­машылыққа да қолдануымыз керек. Қара­пайым ғана мысал айтайын, үйінде кіш­кентай қыздары барлар біледі, «Лол» деп аталатын қуыршақ шығаратын MGA Entertainment деген компания бар. Былай қарасаң, түкке тұрмайтын кішкентай ғана ойыншық, бағасы 30-40 мың теңгеге дейін барады. Бағасы удай болса да, жұрт баласы үшін сатып алып жатады. Ал олар не істейді? Олар ойыншықтың үлгісін жа­самас бұрын балаларды қызықтыра ала­тын нендей дүниелер бар екенін анық­тап алады. Осы амалдарды әдебиетте неге қол­данбасқа? – дейді Мейіржан Жылқыбай.

Байқауға Қарағанды облысынан қа­тысқан Елена Пономаренконың «Опа­лен­ное детство» әңгімелер жинағы орыс тіліндегі үздік шығарма аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

 

Қостанай облысы